Туристік әлеуеті артып келеді
Туристік әлеуеті артып келеді
1,160
оқылды
Сыр өңірінде Қазақстан Респуб­ликасының туристік саласын дамы­тудың 2019-2025 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Бағдарламаның негізгі мақсаты – елдің туристік саласының мемлекеттік бюджетке тәуелді болмауын қамтамасыз ету. Соның негізінде инвесторлардың белсенді қатысуы есебінен саланы өзін-өзі ақтайтын жолға шығаруға бағыт­талған. Негізі, бағдарлама шеңберінде өңірлік туристендіру картасына облысымыздан 2 туристік нысан енгізілген. Атап айт­қан­да, «Қамыстыбас» демалыс аймағы мен «Жаңақорған» шипажайы үлкен сұра­нысқа ие. Бүгінде «Қамыстыбас» демалыс ай­мағына электр жүйесі, сумен жабдықтау желілері жүргізілген. Жағажай аумағында орындықтары мен қоқыс жәшіктері, ас­фальтталған тротуар, көшені жарықтан­дыру бағаналары, ақпараттық тақталар орналастырылған. Демалыс аймағына кіреберіс жерінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі бойында қазақ және ағылшын тілінде жолкөрсеткіш сілтемесі ілінген. Жағажай аумағында демалушылардың қауіпсіздігі мәселелерін шешу үшін күн сайын ТЖД және медицина қызметкері, волонтерлер жұмыс істейді. Сонымен қатар күн сайын кешкі уақытта 1 жүк көлігі қоқыс пен қатты тұрмыстық қал­дықтарды шығарады. Ал Жаңақорған шипажайлар кешеніне келетін болсақ, қазір бұл аумақта 4 емдік-сауықтыру шипайжайы қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, заманауи үлгідегі «Орда Сығанақ» ЖШС 120 орынға негізделген. Онда 50 адам еңбек етеді. Сол сияқты «Жаңақорған Шипажайы» АҚ 380 орынға арналған. Бұл жерде 220 адам жұмыс істесе, 38 медицина қызметкері қызмет көрсетеді. Ал «Шипажай Жаңақорған» ЖШС 76 орынмен қамтылып, 61 қызмет­кер жұмыс істесе, «Ақ – Шуақ» ЖШС 80 орынмен жабдықталып, 21 адамды жұ­мыс­пен қамтып тұр. Өткен жылдың өзінде Жаңақорған ауданында орналасқан емдік «Жаңақорған Шипажайы» АҚ-ына 22 мың 417 адам келсе, «Шипажай Жаңақорған» ЖШС-на келушілер саны – 3 015, ал «Ақ – Шуақ» ЖШС-на 3 мың 820 адам келіп, ем алыпты. «Өңірде туристік саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру бойынша көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Қазір «Жан-Арай» ЖШС-ның ықпалымен өңірде заманау үлгідегі тағы бір шипажайдың құрылысы жүргізілуде. Нысан құрылысы 2023 жылы аяқталмақ. Сонымен қатар бағдарлама шеңберінде туризмді дамытудың негізгі факторларының бірі туристік инфра­құрылымды дамыту екені белгілі. Бұл тұрғыда жол бойындағы қызмет көрсету кешендері үлкен маңызға ие. Соған орай бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі бойында жол бойы 51 қызмет көрсету кешені қызмет көрсетеді» деп мәлімдеді Қызылорда облыстық Кә­сіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан. Автодәліздің жалпы ұзындығы 8 845 шақырымды құраса, оның ішінде Қызылорда облысы аумағынан 812 шақырымы кесіп өтеді. Қазір Қызылорда облысы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолының бойында инвестиция көлемі 11,6 млрд теңгені құрайтын 41 нысан бар. Онда 972 адам жұмыспен қамтылған. Кешенде санаттарына қарай қонақүй, дәмхана, май құю бекеттері секілді қыз­мет көрсету сервистері ұсынылады. Сонымен қатар бағдарламадағы негізгі бағыттардың тағы бірі – туристік дестинациялардың инфрақұрылымын дамыту. Бұл тұрғыда туристік дести­нацияларды абаттандыру, қажет ететін инженерлі-инфрақұрылым жеткізу және аймақ жанынан санитарлық-гигиеналық тораптарды салу қарастырылған. Басқарманың мәлімдеуінше, бү­гінде инфрақұрылымды қажет ететін 4 ны­сан­ды жүзеге асыру үшін тиісті жиын­тық есептемелері Мәдениет және спорт министрлігіне жолданып, инфра­құрылымды қажет ететін 9 жобаның тиісті жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары пысықталып жатыр екен. Одан бөлек, облыс аумағынан өтетін республикалық маңызы бар жол бойынан 20-дан аса санитарлық-ги­гиеналық тораптың құрылысы жүр­гізілуде. Сонымен қатар басқарма тарапынан туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында өңірдің көрікті жерлеріне арналған 12 туристік маршруттың тізілімі бекітілді. Осы бекітілген маршруттар облыс бойынша бірқатар туристік нысанды қамтып, аралап көруге мүм­кіндік береді. Сондай-ақ бағдарлама аясында маркетинг және жылжыту бағыты бойынша еліміздің туристік әлеуетін арттыру үшін негізгі нарықтарда жылжыту сапа­сын арттыру және имидждік іс-шара­ларды жетілдіру көзделген. Осы мақсатта алдағы қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ASTANA TRAVEL EXPO халықаралық көрмесіне қатыспақ. Қалай дегенде де, өңірде туризм саласының дамуына тың серпін беретін мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Алдағы уақыт еншісінде атқарыла­тын жұмыстардың ауқымдылығы да көз қуантады.  

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы