Мағжан туралы тың деректер
Мағжан туралы тың деректер
© коллаж: Қуаныш Аман
2,057
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысының архиві Алаштың аяулысы Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығарма­шы­лығына қатысты жаңа құжаттар іздеп табу үшін зерттеу жұмыстарын тоқтаусыз жүргізеді. Жуырда облыс­тық мемлекеттік архивтен Мағжан­ның өз қолымен толтырған анкетасы табылды. Бұл анкетаны Мағжан Жұмабаев 1927 жылы Петропавлдағы педагогикалық техникумға жұмысқа орналасарда толтыр­ған екен. Ол осы оқу орнында 1929 жылға дейін қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет еткені белгілі. Қазақтың аяулы ұлы сол жылы Мәскеуден елге оралған бо­ла­тын. Айта кетейік, Мәскеудің Жоғары көр­кем әдебиет институтында оқуға ол Түркістан Республикасының квотасы бойынша халық ағарту комиссары Ана­толий Луначарскийдің өзінің шақыртуы­мен барған-тын.
Солтүстік Қазақстан облыстық ар­хивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікованың айтуынша, мұрағат қызметкерлері іздестіру-зерттеу жұмыстарын үздіксіз жүргізеді. «Жуырда табылған анкетада Мағжан туралы өзге де деректерге қоса, білімі туралы да мағлұмат көрсетілген. Бұл ақын өмірінің кейбір мәліметтерін нақтылауға мүмкіндік беріп отыр. Сауалнамада Мағжан Бекенұлы 4 жыл Омбы мұғалімдер семинариясында білім алғанын, оны 1917 жылы аяқтағанын жазыпты. Одан соң 1918 жылы мұғалімдер институтында оқып, 1923 жылы Мәскеу­дегі көркем әдебиет және өнер институты­на түскен. Осы сауалнамадан көріп отыр­ғанымыздай, Мағжан Мәскеуде екі жыл оқып, оқуын аяқтамай елге оралған. Ан­кетаны қазақтың аяулы ұлы 1927 жылы 12 желтоқсанда өз қолымен толтырып, соңы­на қол қойған», – деді Сәуле Зейноллақызы.
Алайда сол жылдары оның негізгі жұмыс орны педагогикалық техникум емес, Петропавлдағы кеңестік партия мектебі болғаны да осы анкетада көрсе­тілген. Бірақ қазақтың біртуар ұлының саяси көзқарасы кеңес көсемдерінікінен өзгеше болғаны белгілі. Тарих ғылымдары­ның кандидаты Сәуле Мәлікова Алаш қозғалысы қайраткерінің саяси қызметі туралы да баяндап берді.
«1917 жылдың көктемінде Ақмола, Атбасар, Омбы, Петропавл уездерінің делегаттары Омбыда қазақтардың Ақмола облыстық құрылтайын өткізеді. Оны ұйымдастыру комитетінің жұмысына Алаш қозғалысының қайраткері Ережеп Итбаевпен бірге Мағжан Жұмабаев та қатысқан. Съезд қорытындысы бойынша Омбы облыстық қазақ комитеті құрылып, оның құрамына он адам енгізілген. Төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев сайланған. Осылайша, Қызылжар өңірінде де мемлекеттік биліктің ұлттық органдары құрыла бастады. 1917 жылы 21 шілдеде өткен Бірінші жалпықазақ съезінде «Алаш» партиясының өкілдері дербес тәуелсіз Қазақ мемлекетін құруды ұсынды. Съезде зиялы қауым өкілдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов Ресей Думасының депутаттығына кандидат ретінде таңдалып алынды. Осылайша, біз «Алаш» саяси партиясының негізін қалаушылардың қатарында Мағжан Жұмабаев та болғанына құжаттамалық дәлелдер арқылы көз жет­кізіп отырмыз», – деді Сәуле Зейноллақызы.
Ал 1917 жылдың желтоқсанында II Жалпықазақ съезінде Алаш автономиясы жарияланып, Алашорда үкіметі құрылды, оның құрамына солтүстік өңірдің өкілдері: Мағжан Жұмабаев, Айдархан Тұрлыбаев, Қошмұхамед Кемеңгеров, Жұмағали Тлеулин, Ахмет Жанталин енгізілген. Мерзімді баспасөзде дәлел көп Сондай-ақ тарихшылар мерзімді бас­пасөз беттеріндегі мақалалар мен ақынды көзі көрген куәгерлердің естеліктерін де үнемі зерделеп отырады. Соның арқасында да бірқатар жаңа мәлімет белгілі болды. Сол кездегі қазақ жастарының тарихи мін­деттерін айқындап берген «Мен жастарға сенемін!» өлеңі ең алғаш «Жас азамат» газетінің үшінші санында 1918 жылы 18 тамызда жарияланыпты. Омбыда басылып шыққан «Кедей сөзі» кейін «Бостандық туы» аталған газетте Мағжанның «Автономия кімдікі?» деген мақаласы жарық көрген. Осы мақаласында ақын мынадай ойын білдірген: «Айлы, күнді, қанды отты тарихы бар; кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар; басқаларға үйлес­пейтін төресі, шаруасы бар – қазақтікі. ...Жүз жылдар орыс ақсүйектері мен байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған Алаштікі. Аязды күні айналған, Бұлтты күні толғанған, Құрығын найзадай таянған, Қу толағай жастанған, Ер қазақтың автономиясы бұл!».
«Осылайша, жас ақын халықты жаңа мемлекетті нығайтуға шақырады. Айта кету керек, бұл басылымда Мағжанның өзі жауапты редактор болып қызмет еткен. Мағжан таптық көзқарасқа қарсы болған. Ендеше «Кедей сөзі» газетінің атауын «Бостандық туы» деп өзгерткеніне де Мағжанның қатысы бар деген қорытынды жасауға болады», – дейді тарих ғылым­дарының кандидаты.
«Шолпан» жинағы мұрағатта сақтаулы Архив директорының айтуынша, Мағжан Жұмабаевтың 1912 жылы Қазан­дағы Кәрімовтер баспаханасынан басылып шыққан ең алғашқы «Шолпан» өлеңдер жинағы мұрағатта сақтаулы. «Осы жинақ қазір Қазақстан Ғылым академиясы Әдебиет және өнер институты ғылыми кітапханасының қолжазба бөлімінде тұр. Татарстанның астанасы Қазан қаласында да сақталған. Бұған дейін әдебиет және өнер зерттеушілері бұл басылым біздің елде сақталып қалғанын білмеген-тін. Біз оның көшірмесін алып келдік. Өлеңдерін араб қарпінен жергілікті профессор Зарқын Тайшыбай аударып шықты. Енді біз атақты жерлесіміздің алғашқы кіта­бымен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болып отырмыз» деп қуанышымен бөлісті Сәуле Зейноллақызы. «Шолпан» жинағы­ның тарихына тоқталсақ, жас ақынның өлеңге икемі бар екенін ең алдымен ұстазы Ғалымжан Ибрагимов байқап, қолжаз­басын баспаханаға тапсырған. «Жетсе егер қорқынышты қара түнім, Басса дерт, әлім құрып шықпай үнім, Көңіл ашар, кеудеме жан кіргізер Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім» деген эпиграфпен басталған 50 беттік жинаққа ақынның 30 өлеңі енгізілген. Белсенді жұмыстың бел ортасында Сондай-ақ архивте 1921-1922 жылдар­дағы аштық туралы құжаттар жеткілікті. Мәселен, Ақмола губерниясында 1921 жылдың наурызында 1 021 адамның 472-сі ашыққан. «1921 жылдың соңына қарай аш босқындар көбейе түсті. Петропавл және Атбасар уездерінде олардың саны 30 мың­нан астам болды. Атбасар және Көкшетау уездерінде 62 мың жергілікті қазақ және 30 мың орыс аштыққа ұшырады. Ал 1922 жылдың қаңтар айының алғашқы 25 күнінде Петропавлда аштықтан 70 адам қайтыс болды, 105 адамның денесі ісіп кетті. Қазір 70 мәйіт тамақтану пунктінің ауласында. Көкшетау уезінің болыс­тарында ашаршылық құрбандарының саны 150 мың адамға жетті, соның ішінде 130 304 адам мүлдем әлсіреді. Әсіресе, қа­зақ болыстары қатты зардап шекті. Аш­тықтан шаршаған адамдар қайың қабы­ғын, ағаш мүгі, тіпті ұн араласқан сазды жеуге мәжбүр. Атбасар уезінде адамдар өлген малдың терісі мен сүйегін кеміреді» делінген архив құжаттарында. Петропавл қалалық коммуналдық ша­руашылық бөлімі аштан өлген адамдардың мәйітін жинап, жерлеп үлгермегені туралы жазба да бар.
«Тарихи құжаттардан белгілі болғанын­дай, сол кезде, 1922 жылдың 5 мамырында Қызылжарда аштыққа қарсы күрес жө­ніндегі төтенше комиссияның жиыны өткен. Сол жиында алғаш рет Көкшетау, Атбасар, Петропавл уездеріндегі қазақ ауылдарының мүшкіл жағдайы туралы мәселе көтерілген. Жиналыстың қорытын­дысы бойынша қабылданған қаулыға Мағжан Жұмабаевтың ашыққан халыққа көмек көрсету жөніндегі комитеттің құра­мына қазақ ұлтының өкілін қосу туралы ұсынысы да енгізіліп және комиссия төрағасының орынбасары сондай өкілді бекіткен» деп әңгімеледі Сәуле Мәлікова.
Дәл сол күні Мағжан Жұмабаев Қостанай губерниялық комитетінің өкілі ретінде Любимов пен Ключковты Семей губерниясына іссапарға жіберу туралы құжатқа қол қойған. 22 мамырда Мағжан Ғалым Жақыповты да Сарыайғыр, Келтесор, Тайынша, Жамантұз, Тораңғұл болыстарына іссапарға аттандырып, оған нақты тапсырмалар берген. Әсіресе, жергілікті билік органдарын ашыққан­дардың тізімі туралы жедел құлақтандыру­ға, азық-түлік қорына есеп жүргізіп, дұрыс бөлуге назар аударған. 1922 жылдың 9 маусымында ашыққан­дарға көмек көрсету жөніндегі комитет тө­рағасының орынбасары Мағжан Жұмабаев Приморье губерниялық әскери комиссарына 100 жетім баланы қамқор­лыққа алуды сұрап хат жазған. Сол жылдары Мағжан ақын қазақ халқының мүшкіл жағдайына биліктің назарын аударуға барынша тырысып баққан. Басылым беттерінен де үнемі үндеу жолдап, аш-жалаңаш халыққа көмек көрсетуді өтінеді. Қолдан жа­салған нәубеттен зардап шеккен халыққа тікелей көмек көрсетуге бағытталған жұмыстың бел ортасында білек түрініп өзі жүрді. Сол жылдарда оның жазған хаттары мен мақалалары, өзге де құжаттар – қазақтың аяулы ұлының отансүйгіштігі мен ұлтқа адалдығының дәлелі. Алаш ардақтысының белсенді жұмысы кеңес билігінің назарынан тыс қалмай, сол үшін ол қуғынға ұшырап, елден көшіп кетуге мәжбүр болғаны белгілі. Сәуле Зейноллақызының айтуынша, Мағжанның өмірі туралы мәліметтердің енді бір шоғыры Мәскеудегі Ресейдің әлеуметтік-саяси тарихының мұрағатында да сақталғаны белгілі болды. Ондағы құжаттар отты ақынның 1917 жылдың наурыз-қараша айларында Қазақ ағарту комитетінің Ақмола облыстық бөлімінің меңгерушісі, одан соң Ташкенттегі Қазақ ағарту институтының лектор-оқытушысы, кейін Түркістан Республикасының Мем­лекеттік ғылыми кеңесі құрған Қа­зақстан­ды зерттеу қоғамы төрағасының орынба­сары, сонымен қатар Шығыс еңбекшілері коммунистік университетіне штаттан тыс лектор болып жұмыс істегенін дәлелдейді. Мәскеуде Мағжан Жұмабаев әйелі Зылиха, енесі және сол кезде №19 мектепте оқыған інісі он жасар Сабыржанмен бірге тұрған. Қазақтың ұлы ақынының өмірі мен шығармашылығын зерттеу бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.

Солтүстік Қазақстан облысы