Көмірсіз өмір
Көмірсіз өмір
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
650
оқылды
Көмір үшін дүрбелең Көкшетауда биыл тағы басталды. Қыста жылы отырудың қамын ойлаған жұрт жер қара, күн жылыда отын-көмірін қамдап алғанды құп көреді. Өйткені қара күздің суығында көмірдің бағасы қым­баттағанымен қоса, жұрт қара отынды таппай әуреге түседі. Алайда тамыз бен қыркүйектің өзінде қаланың көмір тұйықтарындағы қара алтын қас­қалдақтың қанынан қат болып тұр. Көмір түсірген вагондар арада санаулы уақыт өтпей таусылып тынады. Әсіресе, жылдам жанатын әрі қызуы мықты Шұбаркөл көмірі қазірдің өзінде жетпей жатыр... Ресми статистикалық деректерге сен­сек, Қазақстан тек биылғы жарты жыл­дың өзінде ғана 457,4 миллион доллар көле­мінде 16,4 миллион тонна көмірді сыртқа экспорттаған. Оны шетелге шы­ғару 21 пайызға дейін ұлғайғаны анық­талған. Тас көмірдің көбірек бөлігі, яғни 156,2 миллион долларға тең 10,9 миллион тон­насы ТМД елдеріне жөнелтілген. Түйінді мәселе тиісті министрліктер тара­пынан әлі де шешімін таппаған сияқ­ты. Индус­трия және инфрақұрылымдық даму минис­трлігі баспасөз қызметінің мәлі­метінше, алдағы күндері көмір мә­селесі Үкімет отырысында тағы да тал­қыға салынбақ. Тиісті министрліктер мен әкімдіктер тапшылықтың болмайтынын айтып уәдесін үйіп-төккенімен жергілікті өңір­лерде көмір тапшылығы биыл да қай­таланатын сияқты. Түйінді мәселе билік тарапынан шешімін таппаған соң жұрт арасында наразылық та жиі айтыла бастады. Көкшетауда да көмір таппай зар илеген жұрт тұйықтарға вагон келген күндері ұзын-сонар кезекте кемі 70-80 көліктің тұратынын айтады. Ал кезек күтіп бірнеше күн көлікте түнегендер көмірдің соңғыларына жетпей де қала­тынын жеткізді. Мұнымен қоса, қаланың ішінде көмірді жеткізу құны 20 мың теңгеге жетіп, көмірдің құнынан да асып жығылған. Жергілікті билік тарапынан бақылаудың болмағанына налыған жұрттың өкпесі қара қазандай. Тасымалдау құны – 20 мың теңге!
«Биліктің құрғақ уәдесіне тойып бол­дық. Қала әкімдігі биыл көмір тапшы­лығы болмайды деп уәдесін берген. Алайда көмір жаздың өзінде жоқ болды. Қазір де жоқ. Аптасына бір рет жеткізілген екі вагон көмір тұтас қала үшін не болмақ? Жұғын да болмайды ғой. Билік көмір жеткілікті деп талай айтты. Ал шын мәнінде, тұйықтарда көмір жоқ. Әсіресе, Шұбаркөл көмірі мүлде жоқ. Жеткізу осындай болып тұрғанда көмір мүлде жоқ деп те айтуға болады. Ұзын-сонар кезек­тің соңында тұрғандар келіп тұрған кө­мірді ала алмай қалады. Мұнымен қоса, көмір жеткізетін жүк көліктерінің бағасы да қымбаттап кеткен. Жеткізу құны 15 мыңнан 20 мыңға дейін шарықтап кетті. Оны бақылауға алып жатқан да ешкім жоқ», – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Дархан Боқанов.
Мәселені қала әкімдігінен де сұрап көрдік. Жергілікті билік көмірдің қанша көлемде жеткізілетініне қатысы жоқ екенін айтып ат-тондарын ала қашты.
«Біз көмір бағасына еш әсер ете ал­маймыз. Бизнеске араласпауға мораторий жарияланған. Ал көмірді жеткізу мәсе­лесімен Индустрия министрлігі айналы­сады. Біз тек тұйықтардан берілген мә­ліметтер бойынша қанша көмір қоры бар екенін ғана айта аламыз. Бизнес өкілдері бағаны қалай қоятынына біз араласа алмаймыз. Көмірдің бағасы мен көлікте тасымалдау құны бойынша тұрғындар прокуратураға арыз бере алады», – дейді Көкшетау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанна Әбдірахманова.
Шұбаркөл көмірі түскен күні сатылып кетеді Көкшетау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәлі­метінше, Көкшетау қаласында Шұбаркөл көмірі «Уголь KZ» ЖШС мен «Касымов» және «Калипса» жеке кәсіпкерліктерінде сатылады.
«Бүгінгі күнге көмір тұйықтарында 1250 тонна Шұбаркөл, 2400 тонна Қара­жыра, 700 тонна Майкүбі көмірлері бар. «Қасымов» жеке кәсіпкерлігіне күніне 260 тоннадан көмір түседі. «Уголь KZ» ЖШС тұйығына да аптасына 2-3 мәрте көмір вагондары жеткізіледі. Қазір көбірек сұранысқа ие Шұбаркөл көмірі 13700-13850 теңге аралығында сатылып жатыр. Алайда көмір сатушы кәсіпорын­дардың мәліметінше, Шұбаркөл көмірі түскен күні бірден сатылып кетеді. Қа­ланың көмір тұйықтарында сондай-ақ көп мөлшерде Қаражыра және Майкүбі көмірі бар», – дейді Көкшетау қалалық кәсіпкерлік бөлімі.
Ал жақында Көкшетау қаласына жұ­мыс сапарымен келіп халықпен кездес­кен Энергетика министрі Болат Ақ­шолақ­овқа халық сұрақты қарша борат­қан. Әсіресе, тұрғындарды газ, жылу электр стансасын Көкшетауға салу, газдандырудың қашан жүзеге асатыны мазалады. Соның ішінде көмір мәселесі де министрге тікелей қойылды. Алайда министр бұл сұрақ басқа министрлікке байланысты екенін ай­тып шықты.
«Бұл сұрақпен жергілікті билік, яғни әкімдік пен Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігі бірлесіп айна­лысады. Көмірді тасымалдау және экс­порттау Индустрия министрлігіне қа­тысты. Жылжымалы құрам мен вагон­дарға байланысты сұрақ та жоғарыдағы министрлік жауап береді. Бұл сауалды мен өз әріптестеріме жеткіземін», – деді Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
P.S.

Сонымен, елдің қай аймағында бол­масын көмір әсіресе Шұбаркөл көмірінің тапшы­лығы қарапайым жұртты жыл сайын ти­тықтатып тұр. Алайда экспортқа кететін көмірдің үлесі соңғы жылдары бірде-бір мәрте кемімеген. Үкімет алдағы отыры­сында аталған мәселеге назар ауда­рып, алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етуді қолға алар деген үміттеміз...

Ақмола облысы