Қолынан келсе, қоныштан басуға тырысады
Қолынан келсе, қоныштан басуға тырысады
© коллаж: Елдар Қаба
631
оқылды
Бүгінде қоғамның «жегі құртына» айналған сыбайлас жемқорлықтың түрлі схемалары әшкереленіп жатыр. Сонда да болса жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, сөз байласқан сыбайластыққа баратындар түрлі жолмен өздерінің жымысқы әрекетін жүзеге асыра бастаған. Тіпті, қолынан келсе, түйені түгімен жұтудан тайынбайтындар да бар. Жамбылдағы дәл осындай бірер жағдай қоғам назарына ілікті. Корпорацияның қитұрқылығы әшкереленді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Превенция басқармасының басшысы Дәурен Омаровтың айтуынша, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қыз метіне жүргізілген талдау бірқатар заң-бұзушылықты анықтапты. Атап айт- қанда, корпорация кәсіпкерлік субъектілеріне артықшылық көрсету, жер телімдерін заңсыз беру, алдын ала тиімсіз инвестициялық жобаларды қаржыландыру, микроқаржы ұйымдары қаражатының бөлінуіне бақылау жүргізбеу сынды заңбұзушылықтар анықталыпты.
– 2019-2021 жылдар аралығында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 2 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік сатып алу жоспарлаған. Алайда құрылған комиссия мүшелері бір ғана серіктестікке басымдық беріп, басқаларының құжаты заңды болып тұрса да конкурсқа қатыстырмаған. Осылайша, заңды белден басқан корпорация мамандары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізуге жариялаған конкурста бір ғана компанияны қайта-қайта жеңімпаз деп танып отырған. Ал ең сорақысы, конкурста жеңіп шыққан серіктестіктің келісімшартта көрсетілген міндеттемені орындау үшін өз қорында азық-түлігі болмаған. Бұдан бөлек, 2018 жылы корпорация тарапынан ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту бағытында 2,5 миллиард теңге көлемінде несие берілген. Тексеріс барысында аталған қаржыны үлестіру барысында 73 заңбұзушылық белгілі болды. Сондай-ақ лизингтік несиелендіруде де 74 миллион теңгеге алынған техниканың құны нарықтан бағадан қымбат көрсетілген. Осыған орай, тексеріс қорытындысы Экономикалық тергеу департаментіне жолданды, – дейді Дәурен Даниярбекұлы.
Атышулы компания қызметіндегі заңсыздық мұнымен бітпейді. Мекеме шаруалар мен кооперативтерді несиелендіру кезінде кепілге қойылатын мүлікті де «мүлгіп» отырып қабылдағандай. Себебі аудан әкімдіктері мемлекет меншігіндегі нысандарды кепілдікке ұсынған. Ал оны корпорация мамандары кепіл ретінде қарастырған. Қаржылық ұйымның бұрынғы басшыларының да «бүлдіргені» көп секілді. Олардың ісі қазір Экономикалық тергеу департаментінің басты назарында. Тағы бір дерек, өңір бюджетінен Жамбыл облыстық оңалту орталығына жабдықтар сатып алуға және кросс-док ғимаратын салуға 135 миллион теңге бөлінген. Алайда мұнда да заңсыз әрекеттер көрініс берген.
– Қазіргі таңда облыстық оңалту орталығына құны 5 миллион теңгеден асатын құрал-жабдықтарды алмау, сондай-ақ бөлінген 135 миллион теңгенің кросс-док құрылысында 64 миллион теңгесін толық пайдаланбау фактілері анықталды. Осыған орай, тексеріс іс-қағаздары Жамбыл облысы бойынша АЕЖ-де тіркеліп, процессуалдық шешім қабылдау үшін Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жолданды, – дейді Дәурен Омаров.
Корпорация тарапынан 2019 жылы 66 миллиард 682 миллион теңгеге 39 инвестициялық жоба мақұлданады. Алайда жобалардың 14-і басталмай жатып аяқталған. Десе де, тексеріс барысында аталған жобаларға ауыл шар- уашылығы маңызындағы жердің бөлінгені, алайда ол мақсатсыз жұмсалғаны белгілі болған. Мұнда жауаптылар тіпті инвестициялық жобадан өңірге пайда әкелуді ойламаған. Тек үшінші тарапқа жер бөлуді көздеген. Бұл «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қатысты жүргізіліп отырған бірінші тексеріс емес. Алайда қанша заңсыздықтар анықталып жатса да мекеме «сүттен ақ, судан таза» болып шыққаны таңғалдырады. Басшы да, қосшы да қамауда Тараз қаласы әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолау- шы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде де бірқатар «бармақ басты, көз қысты» әрекет анықталыпты. Бөлімнің экс-басшысы Зият Тұрсынұлына қатыс ты тергеу амалдары әлі күнге жүргізіліп жатыр. Алайда тергеу құпиялығына байланысты оған нақты қандай айып тағылып жатқаны белгісіз. Десе де, шілде айында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарып отырған Мақсат Нұржановты 1 миллион 200 мың теңге көлемінде пара алу кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қолға түсірді. Кейіннен қоғам белсендісі Исламбек Дастан мемлекеттік сатып алу порталы арқылы аталған бөлім жасаған келісімшарттарды сараптап, бірқатар қызықтың бетін ашты. Оның ақпаратына сүйенсек, Тараз қаласы әкімдігі серіктестіктермен конкурссыз 3,5 миллиард теңгеге келісімшарт жасаған екен. Бір көзден қаржы алған компаниялардың саны оннан асады. Алайда бұған қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті де, өзге құзырлы органдар да мәлімдеме жасамады. Бір сөзбен айтқанда, ақпаратты растамады, не жоққа да шығармады. Бөлімнің басшысы да, міндетін атқарушы да тергеуге алынып жатқанын ескерсек, жоғарыда аталған заңсыздықтардың жаны бар секілді.

Жамбыл облысы