Өңірлердің дамуы неге ала-құла?
Өңірлердің дамуы неге ала-құла?
522
оқылды
Елімізде орталық пен өңір­лердің әлеуметтік-экономи­калық ахуалы объективті және субъективті себептерге бай­ланысты ала-құла. Бір қара­ғанда, мұндай келеңсіздіктер кез келген мемлекетте бар. Бірақ өркениетті жұрттарда ауыл мен қаланың, өңір мен орталықтың дамуында ал­шақ­тық аз. Сол себептен шығар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда билікті орталықсыз­дандыру ісіне де айрықша көңіл аударған болатын. Әкімшілік-аумақтық бөліністер серпін береді Тәуелсіздік алғалы елімізде әлденеше рет әкімшілік-аумақтық қайта құру жүргізілді. Астана ауыс­ты. Кей өңірлер бір-біріне қосы­лып, кейбірі бөлшектелді, кей ауылдарға қала мәртебесі берілсе, енді бірі керісінше ауылдық дең­гейге төмендетілді. Ал 1997 жылы республикада бұл бағыттағы ең ірі реформа жасалды. Көкшетау об­лысы қақ жарылып, Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарына берілсе, Торғай өңірі Қостанай мен Ақмола облыстарының құрамына енді. Талдықорған облысы тұтасы­мен Алматының «құшағына» кіріп кетті. Жезқазған – Қарағанды об­лысының, Семей – Шығыс Қазақ­стан облысының қарамағына қа­ра­ды. Мұндай ауқымды әкімшілік-аумақтық реформаның әлеуметтік-экономикалық сипаттағы кемші­лігі де, жетістігі де болды. Ол басқа әңгіме. Дегенмен, бір айта кетер­лігі, соның арқасында өңірлердің біртіндеп қазақтануы үлкен жақ­сы­лыққа айналғаны шындық. Бұл Қазақстанның тұтастығына сызат түсіруі ықтимал сепаратизм­нің және басқа да әлеуметтік-саяси кеселдердің алдын алғаны анық. Сондай-ақ 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан қаласына көшіріліп, Шымкент республикалық маңыз­дағы қала мәртебесіне ие болды. Ал жақында ғана бұрынғы Жезқаз­ған облысы жарым-жартылай қай­та қалпына келтіріліп, жаңадан Ұлытау облысы құрылды. Одан бө­лек, бұрынғы Семейдің аума­ғын­да жаңадан Абай облысы және Талдықорғанның аумағында Же­тісу облыстары бой көтеріп, Ал­ма­ты облысының орталығы ретінде Қонаев (бұрынғы Қапшағай) қала­сы белгіленді. Бұл өзгерістер өңір­лер­дің дамуына дүмпу берері сөзсіз, әсіресе облыс мәртебесін ие­­ленген аймақ халқының қуаны­шында шек жоқ.
«Жезқазғанға Ұлытау облысы­ның орталығы ретінде қайтадан мәртебе берілуі қалаға мемлекеттік органдардың көптеп орналасуына, өндірістердің дамуына, халықтың әл-ауқатының көтерілуіне оң әсер ететіндігіне күмән жоқ. Мұндай жағ­дайда шағын және орта бизнес­тің дамуы қарқын алады. Салық­тық түсімдер артады. Бос тұрған ны­сандарға қан жүгіріп, іске қо­сы­лады. Құрылыс қанат жаяды», – дейді қоғам белсендісі, қараған­дылық ақын Болат Уәлибеков.
Дегенмен, бәрі біз ойлағандай оңай емес көрінеді. Қалыптасқан күрделі экономикалық жағдай жаңа облыстардың құрылуымен жағдайдың жақсарып кете қой­масы тағы түсінікті. Сарапшылар­дың пайымдауынша, қазіргі кезде өңірлер дамуын қиындатып тұрған бірнеше фактор бар. Соның бірі – әлеуметтік-экономикалық тең­сіздік. Біздің жағдайда елдің ішкі жалпы өнімінің 40 пайызын қамта­масыз етіп отырған үш ме­кен­нің даму көрсеткіші жоғары. Ол – ежелден мәдениет пен биз­нестің орталығы саналған Алматы қаласы мен елордамыз Нұр-Сұлтан қала­лары және ірі мұнай өндіруші өңір Атырау облысы. Мәселен, 2022 жылдың бірінші тоқсанында рес­публиканың ішкі жалпы өнім­дегі үлесі бойынша ең қуатты өңір Ал­маты (ІЖӨ-нің 18,3%) мен Солтүстік Қазақстан облысы­ның (ІЖӨ-нің 1,6%) арасындағы айыр­машылық 10 еседен асады. Ал Қы­зылжар өңірінің табысы оңтүс­тік астанамен салыстырғанда жан басына шаққанда 3 есе кем. Мұндай теңсіздік елі аралас, қойы қоралас жатқан көрші өңір­лерде де кездеседі: Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы ІЖӨ-нің 9,7 пайы­зын берсе, Ақмола облысында ол 2,9 пайыздан сәл ғана асады. Ал олардың жан басына шаққандағы ішкі өңірлік өнім көрсеткішінің айырмасы екі есе. Жоғарыдағы мысалдардан тек экономикалық қана емес, әлеу­меттік теңсіздіктің де құлағы қыл­тияды. Әр өңір тұрғындарының өмір сапасы, әлеуметтік қызмет­терге қолжетімділігі, баспанамен қамтамасыз етілуі, білім беру дең­гейі, инфрақұрылым жағдайы біркелкі емес. Аймақтардың дамуы үшін муниципалдық меншік керек Белгілі экономист Жангелді Шым­шықовтың пікірінше, өңір­лер қарқынды дамуы үшін оларға экономикалық дербестік керек.
«Экономикалық дербестік болу үшін жергілікті қала қауым­дастық­та­рының муниципалдық меншігі болуы тиіс, ал бізде ондай жоқ. Ол АҚШ-та бар, Батыс елде­рінде бар, тіпті көрші Ресейде де бар, ал бізде жоқ. Қазақстанда мен­шік тек екі түрге бөлінеді: мем­лекеттік меншік және жеке мен­шік. Бізде көпшілік, тіпті мемле­кет­тік басқару ісінде жүрген лауа­зым­ды тұлғалар ком­муналдық кә­сіп­орындарға тиесілі өндіріс құ­ралдарын, материалдық техни­калық базасын, сол сияқты ма­шина-техникасын муниципал­дық меншік деп қате түсінеді, бірақ ол мемлекеттің меншігі», – дейді Ж.Шымшықов.
Экономистің айтуынша, жер­гілік­ті әкімдер қаланың комму­налдық шаруашылығына тиесілі мүліктерді пайдалану үшін орта­лық билікке тәуелді. Сондықтан еш­қандай дербес саясат ұстана алмайды. Ал Америкадағыдай әр қаланың, әр өңірдің жеке өзінің муниципалдық меншігі болса, олар орталық билікке жалтақта­майды, қолындағы өндіріс құрал­дарын пайдалана отырып, өңір экономикасын өз қалауларынша дамытуға қол жеткізе алады. Тәуелсіздік жылдарында билік бюджеттің кіріс бөлігін орталыққа шоғыр­ландырумен ғана айналыс­ты. Әлбетте оның тиімді жақтары да бар, қазыналық орталықтандыру тәсілі мемлекет­тің бюджеттік шы­ғындарын бақы­лауға қолайлы. Ал екінші жағынан бұл өңірлердің республикалық бюджетке тәуелді­лігін ұлғайтып, өздерінің қажетті­лік­терін өздері қамтамасыз етуіне мүм­кіндік бер­мейді. Мұндай қар­жылық саясат­тың қайда апарып соқтырғанын төмендегідей есеп­тен көруге болады. Қазақстанда 2000 жылдардың басында 8 өңір донор болды. 2020 жылы олардың саны 4-ке дейін тө­мендесе, 2021 жылы республи­када тек 3 донор қалды – Атырау об­лысы мен Алматы және Нұр-Сұл­­тан қалалары. Ал қалған өңір­лер­дің бәрі демеуқаржыға тәуелді. Бұл жағдай еліміздің ІЖӨ-дегі үле­­сі 2-3 пайыздан аспайтын об­лыс­­­тардың дербестігін тө­мен­детеді. Билік тармақтарының орта­лыққа шамадан тыс шоғырлануы және облыстардың өзара үйлесім­ділігінің нашарлығы өңірлердің тұ­рақ­ты дамуына өте-мөте кедергі кел­тіреді. Бұл, әлбетте, Қазақ­стан­да өңіраралық интеграциялануды айтарлықтай әлсірете түседі. Ж.Шымшықовтың айтуынша, өңірлердің экономикалық тұрғы­дан тәуелсіз болуының қауіпті жағы да бар.
«Қазіргідей геосаяси жағдай ушы­ғып тұрған шақта жергілікті өңір­лерге экономикалық еркіндік берудің мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіруі де мүмкін. Өйткені өз муниципалдық мүлкі бар жер­гілікті қауымдастықтар өз менші­гінің күшіне сүйеніп, орталыққа жал­тақтамай, дербес саясат ұста­нады. Сол арқылы көрші елдермен тығыз әлеуметтік-экономикалық байла­ныс орнатып, орталықтан алшақтап кетуі ықтимал. Сон­дықтан бұл модель демократиясы дамыған ел­дер үшін қолайлы, ал сыбайластық жайлаған ортада оның пайдасынан зияны көп», – дейді экономист.
Шешімін таппай тұрған тағы бір көкейтесті мәселе – жұрттың жапа тармағай қалалық жерлерге көшу үрдісінің тыйылмай отыр­ғандығы. Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы тең­сіз­дік халықтың жайлы тұрмыс іздеп, ірі қалаларға қоныс аударуы­на әкеліп соқтырады. Соның нә­тижесінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты ірі мегаполис­тердің тұрғындары күрт көбейіп келеді. Ал ол қоғамда түрлі шие­ліністерді туғызуы мүмкін. Өйткені аталған қалалардың инфрақұры­лымы, әлеуметтік қызметтері бел­гілі шамадан көп адамды қабыл­дауға сай емес. Сондай-ақ индус­триал­дық дамуы төмен өңірлердің қоныс аударушыларды жұмыс орнымен, баспанамен, мектеппен және балабақшамен, емханамен, т.б. қызметтермен қамтамасыз ету­ге қауқары жетпейді. Ол эколо­гия­ға кесірін тигізіп, қылмысты өр­ші­теді. Мұндай жағдайда ірі мегапо­листерде халық саны көбейген үстіне шамадан тыс көбейе түсіп, тұрғындары тастап кеткен шағын қалалар тоқырауға ұшырайды, олардың инфрақұрылымы азып-тозып, өмір сапасы төмендейді. Осы мысалдан ел экономи­касы мен қоғам дамуының ең басты ал­ғышарты демократиялық құры­лыста жатқанын көреміз. Ал олар­дың бірі-бірінсіз ілгерлеуі жоқ.