Мектеп мәзірінен мән кетті ме?
Мектеп мәзірінен мән кетті ме?
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
1,267
оқылды
Жаңа оқу жылы баста­лы­сымен мектеп асханалары да іске қосылады. Оқу-ағарту ми­нистрлігі мектептердегі та­мақтануға қатысты түйткіл­дердің бар екендігін жыл сайын мойындап, жаңа жүйе енгізуден жалықпай-ақ келе­ді. Нәтижесіз жүйенің жаңалы­ғы да аз болып тұр. Айталық, оқу жылы аяқталарда министр ас мәзірінің жаңарып, арнайы порталға жарияланатынын айтып еді. Алайда айтылған сөз сол жерде қалса керек. Біз хабарласқан мектептердің бірде-бірі ас мәзірін сайтта­рын­да жарияламаған. Бала ағзасы енді қалыптасып, дамитын кезеңде құнарлы тамақ­тануды қажет етеді. Сондықтан баланың тамақтануына ата-анамен бірге мектеп те, мемлекет те жет­кілікті көңіл бөлуі керек. Өкінішке қарай, мектеп оқушыларының 50 пайызында ішек жолдарымен бай­ланысты аурулар бар. Қазақстан бойынша жүргізілген медицина­лық-демографиялық зерттеулер нәтижесіне көз салсақ, балалар арасындағы қан аздық (анемия) деңгейі 69 пайыздан асып түскен. Соңғы бес жылда балалардың түрлі ауруға шалдығу оқиғалары 22 пайызға артқан. Жағдайдың бұлай ушығуына әсер етуші негізгі фак­тор – мектеп асханаларындағы ахуал екенін біле тұра, жайбарақат жүрміз. Себебі пандемия кезінде 166 мектептің ас даярлайтын ор­ны­нан ерекше тәртіп бойынша зертханалық сынамалар алынып, тексерілген. Ақтөбе облысы бо­йын­ша тамақ өнімінен алынған 415 сынама микробиологиялық көрсеткіш бойынша зерттелсе, оның ішінде 30 сынамадан ішек таяқ­шасы анықталған. Сондай-ақ дайын тағамдардың құнарын зерттеуге 553 сынама алынған. Оның 19-ы талапқа сай келмепті. Ал тексерілген 2010 шайындының 218-і санитарлық талапқа сәйкес болмаған. Қазақ тағамтану ака­демиясының ғылыми қызметкері Айгүл Қожахметованың айтуын­ша, баланың дұрыс тамақтануы зейіні мен есте сақтау қабілетіне ті­келей әсер етеді. Сондықтан күн­делікті мектеп жасындағы баланың сабақта жұмсайтын энергия шы­ғыны дене белсенділігі жоқ күндері 300-400 ккал, ал сабақтан кейінгі үйірме, қосымша сабақ болса ол қосымша энергия шығынын қа­жет­сінеді. Әр қабылдаған тағам­ның берер қуаты бар шамамен ертеңгілік аспен 250-300 ккал, түскі аспен 600 ккал, бесіндік аспен 200-250 ккал, кешкі аспен 300-400 ккал тамақ түсіп отыруы тиіс. Бұл сандар бастауыш сынып­тағы не ең қозғалысы аз деген оқу­­шылар үшін. Ал белсенділігі жоғарылаған сайын әрине бұл көрсеткіштер де артады.
– Қазіргі заманауи мектеп бағ­дарламасы қосымша оқуды, ақ­параттық ізденуді, қосымша фа­куль­тативтік сабақтарды талап етеді. Сонда төменгі сынып оқу­шылары 1500-1800 ккал құрайтын құнарлы тамақ ішуі қажет. Жоғары сынып балаларына 1800-2400 ккал шамасында тамақ арқылы қуат түсуі керек. Одан бөлек мектептегі бақылау, тестілеу, ҰБТ-ға дайын­дық сол дайындық үшін төменгі сыныптан бастап, дайындық жүр­гізетін мектептер бар. Мұндай жағ­­дайдың барлығы қосымша уақыт, қосымша энергия шығын­далуына әкеледі. Ол энергияны бала ішіп-жеген тамағының ыды­рауы мен қорытылуынан түс­кен қуаттан алады. Ендеше бала­ның жанар-жағармайы – тамақ, – дейді Айгүл Қожахметова.
Енді елордалық мектептің 7 қыр­күйектегі ас мәзіріне назар салып көрейік. Таңғы асқа сүт пен сары май қосылған күріш ботқасын береді. Бұл шамамен 141,5 кал­лория, қара бидай наны 44,4 кал­лория болса, қант қосылған шай 40 каллория. Сонда бастауыш сынып оқушысының бір мезгіл тамағы 225,9 каллорияны құрап отыр. Бұл ғалымдар бекіткен нор­мадан әлдеқайда төмен. Жоғарыда ертеңгілік астың каллориясы 250-300 болуы керек екенін айтқанбыз. Мектептердің рационы әртүрлі Негізі заңда бекітілген норма бойынша күнделікті рационда мін­детті түрде ет, сүт, нан, жарма, жаңа піскен көкөніс пен жеміс-жи­дектер болуы шарт. Кей тағам­дарды (балық, жұмыртқа, қаймақ, ірімшік және басқа да сүт өнімдері) күн сайын жеу міндетті емес, бірақ бір апта көлемінде 2-3 рет тұтынуға тиіс. Бірақ 2016 жылы бекітілген бірыңғай стандарттан бала түгілі ата-аналар хабарсыз. Стандарттағы 4 апталық ас мәзірі туралы көбі сол күйі білмей кетті. Сондықтан кей­бір мектептің оқушылары тойып тамақ ішсе де, бала несібесіне ор­тақтасқан мектептің оқушылары құнарлы асқа жарымай жүр.
– Балаларым күніне бір рет мек­тепте ыстық тамақ ішеді. Ар­шалы ауданында орналасқан мек­те­біміз көкөністерді өз жылы­жай­ла­рында өсіреді. Сондықтан та­мақ­тардың бағасы қолжетімді. Басқа мектептерге қарағанда ар­зандау. Естуімізше кейбір мектеп­тердің мәзіріндегі тамақтар қайта­лана береді. Балалар күнделікті каша ғана жейді. Мұндайда әр ата-ана баласының мектептен не жеп келгенін сұрап отыруы тиіс,– дейді көпбалалы ана Динара Бақторазова.
Елімізде бірегей типті ас мә­зірін даярлаумен тамақтану ака­демиясы айналысады. Кейін оны Денсаулық сақтау министрлігі ма­құлдайды. Соның негізінде барлық мектеп жеке ас карталарын құрады. Бүгінде Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрлігі мек­тептердің типтік мәзірін жаңала­ған. Министр Асхат Аймағамбетов маусым айында әр мектеп ата-аналарға арнап, «Күн­делік» немесе басқа да жүйелер арқылы белгілі бір порталда асхана мәзірін жа­риялауға міндеттелетінін айтты. Осылайша жаңа оқу жылы­нан бастап тамақтану тақырыбын­дағы ақпараттар ашық жариялануы керек болатын. Алайда министр­лікке арнайы сауал жолдап, «ас мә­зірінің жаңартылған нұсқасын қай порталдан көре аламыз?» деп сұрағанымызда, «Әр мектеп элек­тронды жүйелерін өздері шешеді» деген жауап алдық. Мұны елорда­лық мектептің әлеуметтік педагог­тары да растады.
– Иә, жаңа оқу жылында ас мәзірі де жаңартылды. Бірақ бұ­рын­ғы мәзірден қатты айырмашы­лығы жоқ. Ас мәзірі туралы ақ­парат әлі сайттарға жариялан­бады, – дейді әлеуметтік педагог Қымбат Айдарова.
Білім сарапшысы Ержан Жұ­маділовтың пікірінше, ата-ана­ның тексеруге құзыры бар жауап­ты адамдардың қолында күн­де­лікті мәзір тізімі болса, кез келген уа­қытта астың сапасын салыс­тырып, кемшілігін анықтай ала­ды. Себебі қазір мәзірді баланың биологиялық құнды заттарға деген физиоло­гия­лық қажеттілігін емес, азық-тү­лік­тің бағасын ес­кере отырып жа­сай­ды. Ол аз бол­ғандай, кей кәсіп­кер­лер әлі күнге дейін кем өлшеп, ақшадан жеп, басқаша айтқанда, баланы тонап отыр. Тамақтан жы­рып, баланың несібесіне ортақ­тасып отырған мұндай кәсіпкер­лерді тоқтататын уақыт жетті.
– Мектептер ас мәзірінің бар­лығын арнайы порталға жариялап отыруы керек. Өйткені баласының қандай тамақ ішіп жатқанын ба­қылауға әр ата-ананың құқығы бар. Лицейлер мен қарапайым мек­тептердегі асханалардың мәзі­рінде айырмашылық көп. Лицей­дегі оқушылар күніне бес мезгіл тамақ ішеді. Ал орта мектептердегі ас мәзірі туралы жиі шу шығады,– дейді Ержан Жұмаділов.
Самса 300 теңге, компот 100 теңге Ресми статистика бойынша, еліміздегі 3,6 миллион оқушының 30 пайызы тегін тамақпен қамтыл­ған. Олардың ішіне 1-4 сынып оқушылары мен жоғары сынып­тар­дағы аз қамтылған отбасылар­дың балалары кіреді. Ал қалған ба­лалардың мектепте күні бойы аш жүрмейтіні анық. Олар мектеп асханасынан күн сайын тіскебасар алып жейді. Алайда жыл өткен сайын ас мәзіріндегі бағалар да өсіп жатыр. Айталық, үш жыл бұрын самса 150 теңге, картоп қо­сыл­­ған бәліш – 100 теңге, компот – 80 теңге болса, қазір самса –300, картоп қосылған бәліш – 150, ком­пот –100 теңге. Бірақ мұны ескеріп отырған ешкім жоқ. Қалтасының ғана қамын күйттейтін кәсіпкер­лердің көбейгенін, ең қорқыныш­тысы, олардың бала тамағына ортақтасып, ойындағысын жасап жүргенін сарапшылар шырылдап айтып жүр. Сондықтан мектеп ас­ханасының өзіндік ерекшелігін ескере отырып, сатылатын тағам­дардың шектік баға мәнін бекіту керек, себебі олардың қызметін пайдаланатын, негізінен, балалар. Оның үстіне, тамақ сапасын зерт­теушілер мектеп асханаларын­дағы нан өнімдерінің тым көптігін алға тартып отыр. Балалар уақыт пен ақшаны үнемдеу үшін толыққанды түскі астың орнына соны жей са­лады екен. Сондықтан ұн өнімдері­нің көлемін қысқартып, мәзірден алып тастау керек. Кәсіпкер Сәкен Ермековтың айтуынша, мектеп оқушыларын тамақтандыруға жа­рия­ланған тендерді ұтып алған­дардың денінде жоғары санатты аспаздар да жоқ.
– Жылда қайталанатын жағ­дай, тендерге қатысқандардың ара­сында ұзақ жыл қызмет еткен­дер емес, жаңа кәсіпкерлер көбіне бой көрсетеді. Тіпті үш күн бұрын ЖШС ашып, төртінші күні тен­дерді жеңіп алғандары да болды. Нәтижесін өзіңіз білесіз, әрбір үшінші баланың денсаулығында кінәрат бар, – дейді кәсіпкер.
Бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру жүйесі бізге шетелден жеткенімен, солардағы «тамақтану комбинаттары» атқа­ратын жұмыс түрі әлі жете қойған жоқ. Оқушының жас ерекшелікте­ріне сәйкес тағамның мөлшеріне дейін есептелетін комбинатта әзір­­ленген тағамдар контейнер­лер­ге салынып, арнайы көліктер­мен ғана мектептерге таратылады екен. Осылайша, халықаралық стандарттың қажетті жерін ала алмай отырған біздің асханалардың жайы ақсап қалып отыр. Естеріңіз­де болса, 2011-2020 жылдарға ар­налған білім саласының мемлекет­тік даму бағдарламасына мектеп тамағын жетілдіру жөніндегі іс-шаралар да енгізілген болатын. Бұл бағдарламаға сәйкес, 2020 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік негізінде облыс орта­лық­­тарында, Нұр-Сұлтан мен Ал­маты қалаларында мектеп тама­ғын әзірлейтін 16 энергияүнем­дегіш комбинат салу жоспарланған еді. Бірақ қағаз жүзінде қабыл­данған жобаның нәтижесі арада екі жыл өтсе де жоқ. Комби­нат­тар­дың көлеңкесін де көрген жоқпыз. Нұр-Сұлтан қаласы Мәслихат­тың хатшысы Ерлан Каналимов­тың сөзінше, мектептегі тамақ­тан­ды­руды ұйымдастырудағы мемле­кет­тік органдар мен заңды тұлғалар­дың жауапкершілік дең­гейі төмен, көңілден шығатындай өзгеріс жоқ. Әрі, бұл сала­дағы түйт­кілді мә­селелер шешімін тап­пай келеді. Тегін тамақтан­дыруға бөлінген сома қомақты еке­ніне қарамастан осындай мәсе­лелер орын алып отыр. Оқушы­лардың жар­тысына жуығы мектеп асхана­ларында тамақ ішпейді. Көбінесе тағам дәм­ді емес немесе төмен кал­ло­рия­лы болғандықтан балалар оны ұнатпайды.
– Әзірге таңғы және түскі ас­тың сапасын жақсарту үшін ал­горитмдер әзірленбеген. Мектеп асханаларында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жүйелі жұмыс атқармауда. Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссия­сының отырысында мектеп асха­наларын тек тамақ пісіріп қана қой­май, қала тұрғындары арасын­да танымал азық-түлік желілерінің сенімгерлік басқаруына беру мәсе­лесін пысықтауды тапсырдым,– дейді Ерлан Каналимов.
Өзгелер қалай тамақтанады? Мектеп бағдарламаларының әр­түрлілігі мен климатқа байла­ныс­ты әр елдегі мектептер әртүрлі тамақтану тәртібін ұйымдас­ты­рады. Айталық көрші Ресей елінде оқушыларға арналған асханалар тамақ пісірумен айналыспайды. Ресейдегі ірі тамақтандыру комби­наттары дайындаған тағамдар таңертең ертемен мектепке жет­кізіледі. Ал асхана қызметкерлері тек дайын тағамдарды жылытып береді. Бұл елдегі оқушылардың ас мәзірінде әдетте сұйық тағам мен макарон болады. Қытай елінде халық санының көптігіне байланысты оқушыларды тамақпен қамтамасыз етуде қиын­дықтар бар. 2011 жылы бұл елде «Лайықты тамақтану» арнайы бағ­дарламасы бойынша ауылдық 134 мектептің 36 миллион оқушысы та­мақпен қамтылды. Қытай елін­дегі мектептерде түскі асқа бір сағат уақыт беріледі. Кез келген қара­пайым оқушы күрішпен, әр түрлі қуырылған тағамдармен та­мақтанады. Швецияда оқушылардың көп бөлігі тамақтанудың вегетариан­дық түрін таңдайды. Олардың ас мәзірінде картоп, қырыққабат, сәбіз және жеміс-жидек маңызды орын алады. Ал француздар үшін фаст-фуд өнімдері қолжетімді әрі тойымды ас саналады. Мектеп қа­быр­ғасындағы оқушылар да тағам­ның осы түрін таңдайды. Франция мектептерінде оқушылар қалауы бойынша, қуырылған картоппен (фри), бургермен тамақтанады. Латвия елінде керісінше. Бұл елдің Денсаулық сақтау министрі Гун­тисе Белевиче тәтті тоқаштарды, кофе мен пиццаны мектептегі ас мәзірінен алып тастау туралы ше­шім қабылдаған. Алайда, уақыт өте келе сұранысқа ие тағам түрлері мектеп қабырғасында заңсыз саудалана бастады. Тек бір жылдан кейін ғана министрліктің рұқса­тымен кофе мен балмұздақ мек­тепке қайта оралған.