Бас қаладағы басты мәселелерге барынша көңіл бөлініп келеді. Тұрғындардың талабы ескеріліп, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту алдыңғы кезекке шығарылған. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі елді мекендер арасындағы теңсіздікті жою үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде қаланың әрбір төртінші тұрғыны елді мекендерде, яғни елорданың шет тұстарында тұрады. Сол үшін қала әкімдігі абаттандырылған аудандар мен елді мекендер арасындағы теңсіздікті жоюды мақсат етіп отыр. Тұрғындарды толғандырған түйткілді мәселелердің бірі – инженерлік желілер. Қазір елді мекендерде 50 шақырым инженерлік желі тартылған. Оның ішінде 11 шақырым – кәріз, 20,7 шақырым – сумен жабдықтау желісі, ал 3 шақырымнан астамы – нөсер кәрізі. Биыл дәл осындай тағы 10 шақырым инженерлік желінің құрылысы аяқталуға жақын. Жуырда ғана елорда сыртындағы елді мекендерді жеке-жеке аралап, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізген қала әкімі Алтай Көлгінов «Кирпичный» тұрғын алабының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар №12 мектептің мәселесін қозғаған-ды. Бұл мектеп осыдан 60 жыл бұрын салынған. Тұрғындардың айтуынша, білім ошағы қазір апатты жағдайда. Халықтың сұранысынан соң әкімдік бірден іске көшті. Айталық, апатты жағдайда тұрған мектептің ғимараты бұзылып, орнына жаңа, жайлы мектеп салынып жатыр. Құрылыс жұмысы сәтті жүзеге асса, келер жылдан бастап оқушылар су жаңа мектепте білім алатын болады. Сол сияқты жеке инвестор есебінен балабақшаның құрылысы да қатар жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Чехоев көшесіндегі (Байқоңыр ауданы Кирпичный елді мекені) апатты үйлердің тұрғындары да қала әкіміне базынасын жеткізген. Ондағы үйлердің бір бөлігі 2024 жылға арналған бұзу тізіміне енгізіліпті. Бейнебақылау камераларын орнату, жол мәселесі, аула клубтары, абаттандыру секілді қозғалған түрлі проблеманы шешу жұмысы кезең-кезеңімен қолға алынып жатыр.
Қала әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, елді мекендер жеке сектор болғандықтан, 680 шақырым газ тарату желісі жүргізілген. Мәселен, Алматы және Сарыарқа аудандары газбен қамтамасыз етілсе, Байқоңыр және Есіл аудандарында газ құбырын тарту жұмысы қызу жүріп жатыр. «Соңғы жылдары елді мекендердің өзінде 250 көше салынып, жөнделді. Биыл тағы 70 көшені асфальттаймыз, оның негізгі бөлігі аяқталды. Сол сияқты 300-ден астам аула мен қоғамдық кеңістіктер: саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар абаттандырылды, денешынықтыру-сауықтыру кешендері, бірқатар оқу орны салынды. Мемлекет басшысы қаланың шет аумақтарын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Біздің мақсатымыз – елді мекендерге қажетті инфрақұрылым жүргізіп, тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, демалыс орындарын салу», – дейді қала әкімі.