Шабдалы еккен шаруа
Шабдалы еккен шаруа
1,199
оқылды
Жамбыл облысы Жамбыл ау­данында тұратын бағбан Көшкін­бай Құлманбетов шаб­далы өсіріп, одан бір­неше түрлі өнім алып жүр. Негізі, бұған дейін шабдалы жемісі Жамбыл жерін жерсінген емес. Кәсіпкер Түркиядан «Марс» атты сұрыпты былтыр әке­­ліп, аймақта алғашқылардың бірі болып шабдалы шаруашы­лығын жандандырып отыр. Түрік тұқымының өзге шабдалыдан ерек­­шелігі – жемісі екі есеге дейін үлкен болады. Өнімділігі де өте жоғары. Шаруаның ай­туын­ша, тұқымды бірнеше ке­зең­дік зерт­теуден кейін то­пы­раққа отыр­ғыз­ған екен. Және жемісін екі жы­лдан кейін береді деп күт­кенімен, бір жыл өткенде-ақ мол өнім алып отыр.
– Біздің өңір үшін таңсық жеміс болғаннан кейін шабдалы шаруашылығын көп ойланып қолға алдым. Шындығына кел­генде, жемісін келер жылы бе­руі керек болатын. Алайда биыл бойы аласа болса да, өнім бер­е бастады. Негізі, шабда­лы­ның үш түрін отырғызған­мын. Қазір бойы 2 метрге жуық­таған жеміс ағаштары 25-30 келіден өнім беріп жатыр. Жиналған же­міске сұраныс та көп. Бұйырт­­­са, ке­лер жылы гектары­нан 30 тон­наға дейін өнім алсақ деп отырмыз, – дейді Көшкін­бай Байсарұлы.
Тың кәсіп түрін түлеткен бағ­бан піскен жемісті жинап сату­мен шектеліп қалмай, одан түрлі өнім алуды да жоспарлап жүр. Ол алдағы уақытта шабдалы шыры­ны, шабдалы тосабы және шаб­далы джемін өндіруден ниетті.
– Қазір өңдеу цехын дайын­дап жатырмыз. Жобаның сме­талық құнын әзірлеп, Польша мемлеке­тімен келі­сім­шартқа отыр­дық. Сәтін салса, өзі­міз­дің шаб­да­лы­мыз ғана емес, одан шығарылатын өнім түрлерін де тұтынатын күн жақын, – дейді шаруа.
Кәсіпкер 3,5 гектар жерге шабдалыдан бөлек 16 гектарға алша, 50 гек­тарға алма ағашын отырғызып, өнім алып жүр. Жал­пы шаруашылық 30 адамды тұ­рақты жұмыспен қамтып отыр­са, маусымдық кезеңде 70-ке жуық тұрғын дала жұмыстарына тар­тылады. Жеміс ағаштары толық­тай өскенде жұмысшы­лар санын 100 адамға жеткізу жоспарында бар. Өз кезегінде жергілікті билік 2 мың тонналық жеміс сақтайтын мұздатқыш алуға несиемен кө­мек қолын созған.
– Облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасының қолдауымен тоңазытқыш алуға 6 пайыздық мөлшерлемемен не­сие берілді. Одан бөлек, егістік ал­қа­­бына тамшылатып суғару тех­но­логиясы да енгізілді. Бұл құ­рыл­­ғыны қолданғаны үшін ша­руа­­ның шы­ғы­нының 25 па­йы­зын мемлекет өтеп береді. Осы­лайша, біз өз тірлігін дөңге­летіп отырған шаруаларға ба­рын­ша қолдау көрсетудеміз. Егер кә­сіп ашамын деушілер болса, әкімдік көмегін аянып қалмайды, – дейді Жам­был ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.
Бағбан Көшкінбай Бай­сарұлындай кәсіпкердің тірлігі көпке үлгі. Тәуекел етіп, кәсіптің тың түріне ден қойған шаруаның шабдалы мен одан түрлі өнім алудағы жоспарын толықтай жүзеге асырарына сенеміз.

Жамбыл облысы