Аттан ауған ArtSport
Аттан ауған ArtSport
517
оқылды
Оңтүстік астанада Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ArtSport бағдар­ламасы төңірегінде тағы да дау шықты. Бұл бағдарлама бала­лардың спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге мемлекет есебінен тегін қатысуы үшін енгізілген болатын. Алайда Алматы қаласының әкімдігі қаржы жоқ деген желеумен бағдарламаны тоқтататынын мә­лімдеді. Дегенмен осы бағдар­ламаны қолдаушылар әкімдіктің уәжімен келіспейді. Олардың арасында қызмет көрсетушілер де бар. Қаржы таусылды Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, бағдарлама басталған күннен бастап мегаполисте 44 мыңнан астам бала 594 спорт секциясына, 56 мың бала 1 179 шығармашылық үйірмеге тегін қатысып келген. Ендігі жерде бұл бағдарлама алматылық балалардың көзінен бұлбұл ұшқалы тұр. Себебі жергілікті бюджеттен үйірмелер мен секцияларға қажетті қаражат қарастырылмаған. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тамыздың соңғы күндеріндегі тұрғындармен кездесуде ашық айтты.
«Artsport бағдарламасын қаржыландыруға жергілікті бюджетте ақша жоқ. Біз қызмет қөрсетушілер мен ата-аналарға адал болдық. Біріншіден, қаржыландыру мәселесін шешу керек, оған бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Бағдарлама өте маңызды екенімен келісемін және ол біздің қалаға да қажет», – деді ол.
Әкім жақын арада балаларға арналған осы бағдарламаның балама түрін ұсынбақ. Алайда әкім айтқан балама бағдарлама барлық бала үшін бірдей қолжетімді болмайтын сияқты. Оған халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы отбасынан шыққан бүлдіршіндерді ғана қамтитын сияқ­ты. Бағдарламаны тоқтатуға негіз жоқ Әкімнің әлгі мәлімдемесінен кейін ArtSport-тың артында тұрған бір топ ата-ана мен белсенділер өре түрегелді. Олар жиналып қала әкімдігінің ғимаратына дейін барды. Олар бірінші талабы ретінде әкім Ерболат Досаевтан бағдарламаны тоқтату туралы ресми хат ұсынуды сұрады. Белсенділердің айтуынша, бағдарламаны тоқтату туралы Үкіметтің ресми қаулысы болмады. Яғни, әкімдіктің оны қаржыландыруды тоқтатуға негізі жоқ көрінеді. Сондықтан жиналғандар әкімдіктен бағдарламаны қаржыландыру тоқтатылатыны туралы ресми хабарламаны көрсетуді талап етті. Айтпақшы, қала басшысы жоғарыдағы кездесуде барлық қызмет көрсетушілерге 1 қыркүйектен бастап қаржыландыру тоқтатылатыны туралы алдын ала хабарланғанын да айтқан еді. Белсенділердің қатарында жүрген ата-аналар да балаларының болашағы үшін бағдарламаны аяғына дейін қорғауға дайын.
«Менің екі балам осы бағдарламаның арқасында тегін үйірмелерге қатысып келді. Біреуі домбыра үйірмесіне, екіншісі бокс секциясына барды. Қызмет көрсетушілерге ешқандай арыз-шағымымыз жоқ. Барлық қызметін сапалы көрсетті. Балаларымыздың да бос уақытын пайдалы нәрсемен айналысуы үшін керемет жағдай жасалған. Енді, міне қала әкімдігі «қаржы жоқ» деген желеумен Үкіметтің қаулысы шықпай ArtSport-ты тоқтатуға ниет танытып отыр. Біз не болса да аяғына дейін барамыз. Себебі бұл бағдарлама Президентіміздің өзінің тікелей балаларға жанашырлығы ретінде қолға алынған болатын. Әкімдіктің мына әрекеті биылғы Балалар жылына жасалған «тосынсый» болды», – дейді ата-ана Гаухар Жұматаева.
Қарыздың үстіне қарыз жамамақ Осы уақытқа дейін бағдарламаға қызмет көрсетіп келгендер өздеріне әкімдіктің қарыз екенін де айтқан. Әкімдік оларға осы жылдың маусым, шілде, тамыз айларында көрсеткен қызметі үшін тиесілі қаражатты әлі аудармаған екен. Салдарынан осы аралықта қызмет көрсету шығындарын өз қалтасынан өтеп келгендер қарызға батыпты. Бұл сөзді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев та жоққа шығармады. Әкім орынбасарының айтуынша, қала әкімдігі қызмет көрсетушілерге қарыз екені рас. Оның да басты себебі қала бюджетіндегі тапшылық болып отырған көрінеді. Арман Оразбайұлы бағдарламаны жалғастыру мәселесі қызмет көрсетушілер алдындағы жиналған соңғы үш айлық қарызды өтеп болған соң ғана қарастырылатынын айтты. Десе де, ол қызмет көрсетушілерді әзірге мүмкіндігіне қарай жобаны өз қалтасынан жүзеге асыруға шақырды. Шығынды кейінірек өтеп бересіз деген де екіұштылау жауап айтылды. Осы орайда қала әкімінің өзі маусым айындағы қалалық мәслихат сессиясында аталған бағдарламаға қатысты шығындар үшін қосымша қаржы қарастырылғанын жеткізгені еске түсті. Сол қаржы есебінен барлық қажетті шығын күз түскенше өтелетініне сендірген. «Бұл – Президентің бастамасы. Оны алматылықтар жақсы қабылдап отыр. Осыған байланысты Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында біз қосымша 4,5 млрд теңге қарастырып отырмыз. Оның 3 млрд теңгесі спорт секцияларына және 1,5 млрд теңгесі шығармашылық үйірмелерге бөлінеді. Биыл 1 қыркүйекке дейін Алматы қаласы өзіне алған барлық міндеттемені орындайды» деп мәлімдеді шаһар басшысы. 2 қыркүйек күні тараптар арасында болған екіұштылау әңгімеге қарағанда Досаев командасы әкімнің қалалық мәслихат мінберінде айтқан дәл осы уәдесін толық орындай алмаған сияқты. Арада бірнеше күн өтсе де аталған бағдарлама төңірегінде талас-тартыстың шешілер түрі көрінбейді. Қала әкімдігі «ақша жоқ бағдарламаны тоқтатамыз» дегенімен, оны растайтын ешқандай ресми құжат көрсете алмады. Оған қоса, әкім орынбасарының бұған дейін онсыз да бірнеше ай бойы «тегін» жұмыс істеп келген қыз­мет көрсетушілерге «әзірге өз қалта­ларыңыздан ары қарай тағы да қарызға жұмыс істей беріңіздер. Қаржы табылып жатса, төлеп берерміз» дегені де түсініксіздеу. Бұл күндері қала әкімі орынбасарының осы мәлімдемесіне сенген қаладағы біраз спорттық секция мен үйірме нар тәуекелге бел буып, бұрынғы қызметін жалғастырып жатыр. Қалғандары өз жұмысын ресми тоқтатқан. Жұмысын қайта жандандырып, үйірме мен секцияларды қолға алғандар Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған жобаның әкім-қаралардың шолақ шешімдерінің кесірінен жарым жолдан тоқтап қалмайтынына сенеді. Бағдарлама үшін шырылдап жүргендер алдағы күндері қалалық әкімдікке тағы бір рет баруды жоспарлап отыр. Қала басшыларымен болатын сол диалогте мәселе оңтайлы шешілмесе, ары қарай араларынан өкілдер дайындап, елордаға аттандырмақ. Ондағы мақсаты – Алматы қаласындағы ArtSport төңірегінде қалыптасқан жағдайға Мемлекет басшысының назарын аудару.

Алматы қаласы