Боксшылар Олимпиадаға қатыспауы мүмкін
Боксшылар Олимпиадаға қатыспауы мүмкін
783
оқылды
Халықаралық Олимпиада комитеті боксшыларды 2024 жылғы Париждегі Олимпиада ойындарына іріктеудің жаңа тәртібін мақұлдады және бокстың 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының алдын ала бағдарламасынан алынып тасталғанын растады. ХОК Халықаралық бокс федерациясындағы (IBA) жағдайға алаңдаушылық білдіріп, федерацияны реформалау процесін бақылауды жалғастырады. Бұған дейін, сәуір айында ХОК IBA әзірлеген Париждегі ойындарға іріктеу бағдарламасын бекіткен болатын, алайда маусым айында федерацияны Олимпиада ойындарына іріктеу шараларынан тағы да шеттетті. Allboxing.ru сайтының хабарлауынша, жаңа ереже бойынша Париж Олимпиадасына іріктеу 2023 жылы өтетін бес аймақтық халықаралық турнирдің қорытындысы бойынша жүргізіледі. Бұл Сантьягодағы Панамерикалық ойындар, Краковтағы Еуропа ойындары, Соломон аралындағы Тынық мұхиты ойындары және Гуанчжоудағы Азия ойындары. Африка елдері мен ХОК қауымдастығы арасында Аккрадағы Африка ойындарын да іріктеу турнирі ретінде есептеу туралы келіссөздер жалғасуда. 2024 жылы ХОК қалған Олимпиада лицензиялары таратылатын екі дүниежүзілік іріктеу турнирін өткізуді жос­парлап отыр. ХОК спорт директоры Кит Макдоннелл ұлттық федерациялар, боксшылар, жаттықтырушылар мен техникалық мамандардың бұрынғы іріктеу үлгісіне қатысты сұрақтары бар екенін, сонымен қатар жаңа модель жеңілірек екенін әрі спортшылардың мүддесін қорғайтынын атап өтті. Сондай-ақ IBA президенті Умар Кремлевке жолдаған хатында ХОК федерацияны реформалауға қатысты күш-жігер жеткіліксіз деңгейде жұмсалып жатқанына алаңдаушылық білдіріп, бокстың 2028 жылғы Олимпиада бағдарламасына әлі енгізілмегені баса айтылған. 25 қыркүйекте Ереванда IBA-ның кезектен тыс конгресі өтеді, онда федерация президенті қайта сайланады.