Ұлтты ұйыстыру – ортақ парыз
Ұлтты ұйыстыру – ортақ парыз
639
оқылды
«AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Miras республикалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыста кеңес мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын талқылады. Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай отырыстың басты мақсаты елімізде қолға алған реформалардың мән-мағынасын, Жол­даудың басым бағыттарын қоғамға жеткізіп, халықты ұйыстыру, алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға қоғаммен бірлесіп ықпал ету екенін жеткізді.
«Президент Жолдауының ауқымы кең, мазмұны ерекше. Жолдауда көтерілген байыпты бастамалар қордаланған мәселелердің шешу жолдарын айқын­дап, мемлекетті одан әрі жаңғырту ісіне жаңа міндет­тер қойып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға леп береді. «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қо­ғам» – аманатқа адал, еңселі ел болу жолындағы ай­­қын мақсат. Жаңа экономикалық саясат, нақты сек­торды дамыту, ел болашағына арналған страт­­е­гия­­лық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаң­­ғырту, заң және тәртіп үстемдігі – Мемлекет бас­­­шысы ұсынған Жолдаудың маңызды бағдары. «Күшті Пре­зидент – ықпалды Парламент – есеп бере­тін Үкі­мет» формуласы негізінде Президент қол­ға алған ре­­формаларды іске асыру – ортақ мақ­са­ты­мыз. Ол үшін ұлттық тұтастық, ортақ мақсат жолында бірігу, әділеттілік, жаңашылдық пен табандылық, бі­лім мен білік­тілік, мемлекеттік мінез қажет», – деді Аман­жол Әлтай.
Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай Жолдауда айтылған мәселелерді, маңызды ойларды ортаға салып, оны жүзеге асыру мәселесіне мән беру қажет екенін атап өтті.
«Бүгінгі мемлекеттік басқару ісін жаңғырту жұ­мы­сы ең алдымен жаңа экономикалық саясатқа қа­тысты болмақ. Себебі кез келген істің ар жағында қар­жы көзі болмаса, бастаманың барлығы құр жалаң сөз­ге ай­на­лады. Сондықтан Президенттің «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгер­те­міз деген сөзі көптің көңілінен шығып отыр», – деді Дархан Мыңбай.
Парламент Сенатының депутаты Ди­нара Нөкетаева Жолдауда айтылған Ұлт­тық қордың жыл сайынғы инвестициялық та­бысының бір бөлігін балаларға аудару мә­селесіне тоқталды.
«Қазақстанда жыл сайын 420 мыңға жуық бала дүниеге келеді. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы әділетті Қа­зақ­стан құру жолындағы аса маңызды бас­та­ма. Бұл – ел ертеңіне негізделген стра­те­гия­лық инвестиция, ұрпақ қамын ойлаған ұтымды бағдарлама», – деді Динара Нө­ке­таева.
Парламент Мәжілісінің депутаты Жа­нарбек Әшімжан Жолдауда көрініс тап­қан маңызды мәселенің бірі – игерілмей жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысына тоқталды.
«Жолдауда Мемлекет басшысы жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы мақ­са­тын­дағы 5 млн гектар жерді мемлекетке қай­тару жоспарланып отырғанын жет­кізді. Осы игі істе «AMANAT» партиясы жа­­нындағы «Жер аманаты» комис­сия­сы­ның үлесі ұшан-теңіз. Комиссия Пре­зи­дент­тің пәрменімен құрылған болатын. Бір кездері заңсыз жекеменшікке өтіп кет­кен жерлерді мемлекет меншігіне қай­тару жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Қа­зір қоғамда жайылым, шабындық мә­се­лесі өте өзекті. Сондықтан Жолдаудағы жер мәселесінің маңызы зор», – деді Жа­нар­бек Әшімжан.
ұлтты ұйыстыру Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым елімізге жаңа саяси өзгеріс­тер ауадай қажет екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, мұндай өзгерістерге бел бу­майынша Жаңа Қазақстанды құру, жар­қын болашаққа ұмтылу, жаңа саяси дәуір­ге қадам басу мүмкін емес.
«Мемлекет басшысы биылғы күзде ке­зектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсы­н­ды. Сондай-ақ Президент мандатын ұзақ­тығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы шешім қабылдады. Бұл мерзім ел тіз­гінін ұстайтын кез келген тұлғаға өзінің саяси бағдарламасын іске асыруға толық мүм­кіндік береді. Сондықтан алдағы сай­лауға отандастарымызды ұйыстыру, халыққа оның мәні мен маңызын түсін­діру – баршамызға ортақ парыз», – деді Айдос Сарым.
Нұр-Сұлтан қаласы түрік этномәдени ор­талығының төрағасы Әскер Пириев Жолдауда айтылған кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция мәселесіне кеңес мү­ше­лерінің назарын аударды.
«Мемлекет басшысы Жолдауда кә­сіпкерлікті жүйелі түрде қолдау мәселесіне ерекше тоқталды. Тіпті, заңнамалық құ­жат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете берудің орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн деп санап, бұл тәсілді 2024 жылдан бастап енгізу қажет екенін жеткізді. Президенттің бұл ұсыны­сын толық қолдаймын. Экономиканың локомативі – шағын және орта бизнес. Сондықтан мемлекет кәсіпкерлерге ке­дер­гі келтірмей, керісінше қолдау көр­сетуі тиіс. Мемлекет кәсіпкерлердің жұ­мы­сын тексеру емес, бақылап отыруы қа­жет», – деді Әскер Пириев.
М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті басқарма төрағасының орын­басары Айнұр Кәрібозова Жолдау­дағы білім саласына қатысты айтылған ойлардың маңызына мән берді.
«Өкінішке қарай, қазір еліміздегі мек­теп оқушыларының 80 пайыздан астамы бо­лашақ мамандықты қалай таңдау керек екенін білмейді, кәсіби бағдар алмаған. Президент биылғы Жолдауында жоғары білім саласына қатысты бірнеше маңызды бас­тама көтерді. Соның ішінде инже­нер­лік-техникалық мамандар дайындығын күшейту, жоғары оқу орындарындағы бі­лім сапасын жақсарту, гранттар санын кө­бейту, жастардың жағдайын жақсарту мә­селелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бастамалар – жастар қауымы үшін аса маңыз­ды», – деді Айнұр Кәрібозова.
Сондай-ақ отырыс барысында кеңес­тің тұрақты мүшелерімен қатар арнайы ша­қырылған қонақтар да сөз сөйледі.
«Пікір білдірген барлық азаматқа ал­ғыс айтамын. Расында, Жолдаудың басым ба­ғыттары ұлтты ұйыстырып, әл-ауқатын арттырып, бірлігін бекем етеді деп сене­мін», – деп түйіндеді Аманжол Әлтай.

Асыл ТҰМАР