Жақында Орта Азиядағы бір топ шетелдік әріптестермен бірге Түркияға жол тарттық. Біздің елден бұл пресс-турдың тізіміне екі тілші ғана қосылғанын алғаш естігенде абыржып қалғаным рас. Себебі бұған дейін шекара аспағаным бар. Сол үшін астанадан жалғыз жолға шығудың өзі қорқыныш болды. Әйтеуір не керек, біздегі уақытпен түнгі 3-те елордадан көкке көтерілген ұшақ түріктің сағатына салғанда таңғы 6-да Ыстамбұлдың әуежайына қонды.
Алып қаладағы үлкен әуежайда өзіммен бірге келген чемоданымды қайдан алу керегін сұрап орыс тілінде тіл қатқаныммен, түсінген ешкім болмады. Тәуекел етіп төрт жыл оқыған түрік тілін 14 жылдан кейін қажетке жаратқаныма іштей разы болып, Қара теңіз бен Мәрмәр теңіз жағалауында орын тепкен тарихи қалаға табаным тесілгенше қыдыратын болдық деп қуанып тұрмын. Бірақ бұл жолы ежелгі Рим, Византия, Осман империяларының астанасы болған тарихи қаламен танысуға мүмкіндік болмады. Өйткені ұйымдастырушылар сол күні бізді елдің ең шығысында орналасқан, өз тілдерінде айтқанда, өркениеттер қаласына жол тарттық.
Бір топ журналистерге пресс-турдың мақсаты мен алғашқы бағытымыз туралы баяндап келе жатқан жолсерігіміз:
«Түркияға келген туристердің дені Ыстамбұл, Анкара, Анталия, Алания қаласына барады. Алайда елдің шығысындағы ескі қалаларда да ежелгі ғимараттар мен көркі көз тартар сұлу табиғат көп» деді.
Ашық аспан астындағы мұражай
Ыстамбұлдан үш сағаттай жолды артқа тастап, бірінші күні Түркияның шығысындағы Ағры қаласына келдік. Көне қаладан 35 шақырым ары жүрсең Иранның топырағына табаның тиеді. Қаланы бір сөзбен айтқанда ашық аспан астындағы мұражай деуге болады. Өйткені мұнда тарих пен мәдениет, сенім мен ізгілік, көне діни салт-дәстүр өркениет өзгерсе де өңін өзгертпей келеді екен. Сондықтан да болар, көне шаһарға келген саяхатшылар Түркияны өзге қырынан тануға мүмкіндік алады. Қала атауы әйгілі армян тілінде Арарат, түрікше Ағры тауынан басталады. Бұл тау туралы көптеген аңыздар мен қасиетті кітаптарда да жазылған екен. Тарихқа сенсек, Ағры көптеген тайпалардың құтты мекені болған. Қазір де төбесі аспанмен тірескен тауға келетін альпинисттер көп. Сондай-ақ қысқы маусымда шаңғы спорты үшін де қолайлы көрінеді. Сол үшін Ағры - Шығыс Анадолыдағы туристік орталықтардың біріне айналған.
Осы өркениеттен ауылы әлі де алыста қалған Ағры қаласының Доғубеязит ауданында тарихы тым тереңде жатқан Ысқақ (Исхақ) Паша сарайы бар екен. Тарихи кешен Ыстамбұлдағы Топкапы сарайынан кейінгі екінші үлкен әлемдік мұраның жарқын үлгілерінің бірі саналады. Себебі сарай – елдегі ең көп халық баратын тарихи ескерткіш. О баста 134 бөлме болған. Бірақ 1840 жылғы жер сілкінісінен соң жартылай қираған сарайдың осы күнге дейін 116 бөлмесі сақталыпты. Османлы дәуіріндегі құрылыс 1685 жылы Беязит провинциясының бегі Цилдирогулларидің Чолак Абди Пашаға жасаған сыйлығы десе болады. Себебі, Чолак Абди Паша жауынгерлік жорықтың бірінде бір қолынан айырылған. Сол ерлігін бағалаған бек «Осы дүниеде қандай тілегің бар?» деп сұрағанда паша жауынгерлердің ерлігін дәріптейтін, ұрпаққа мол мұра болып қалатын сарай салдыруды сұрайды. Құрылысы 99 жылға созылған сарайдың бітуін Чолак Пашаның өзі көре алмаған. Алайда ұлы Ысқақ паша құрылысты жалғастыртып, ол өзінің есімін сарайға бергізеді. Әкесі қайтыс болған кезде Ысқақ паша 1790 - 1791 жылдар аралығында Чылдырдың пашасы атанған. Мұндағы гарем бөлмелері Топкапы сарайының гарем бөлмелерінің үлгісімен салынса, қара сынықтардан тоқылған тастардың биіктігі 15 метрді құрайды. Сарайдың жалпы аумағы 7600 М2. Ең маңыздысы, бөлмелердің орналасуы түрік сарайларының дәстүріне негізделген. Гидіміздің айтуынша, биік қабырғаларының өзгеше атмосферасы бар. Бұл адамға сенімділік пен тыныштық береді. Мысалы, Джумле қақпасы 11 тіректен тұрады. Төменгі бөліктегі Джумле қақпасында сәндік элемент ретінде рельефті жапырақтармен безендірілген медальондар бар. Ол сарайға асқақ көрініс береді. Есіктің ішкі қасбеті аулаға қараса, екінші жағынан бұлақ ағады. Қазір де бұлақ суын халық ауыз су ретінде пайдаланады.
Сондай-ақ екі бөлімнен тұратын хамамдары бар. Екі бөліктің жоғарғы бөлігі күмбездермен жабылған. Ал Ысқақ Паша сарайының мешіті оюмен көмкерілген. Интерьерде эмпирикалық стильді еске түсіретін әшекейлер бар. Сарайдағы сәлемдесу бөлмелері мен Урарту қирандыларына қарама-қарсы орнында қалған төрт ағаш консолды елемеуге болмайды. Консулдардың жоғарғы бөлігінде бүркіт, төменгі бөлігінде адамның басы мен денесі, ал ортасында арыстан бейнеленген. Сәлемдесу бөлмесінде сондай-ақ Даиреси мешіті және тағы төрт көрші бөлме бар. Одан ары түрлі рәсімдер мен салтанаттарға арналған зал мен пашаның қабылдау бөлмесі орналасқан.
Сонымен бірге сарайдан қабірлерді де көруге болады. Кейбір дереккөздер бұл Ысқақ пашаның ата-анасына тиесілі екенін көрсетеді. Айтпақшы аумағы 100 м2 ас үй арқылы гарем бөлмелеріне, залдарға және ваннаға арналған бөлмелерге бара аласыз. Сарайдың 12 бөлмесі әріп түрінде салынған. Әр бөлмеде сыртқа қарайтын екі терезе бар. Жалпы сәулет кешеніндегі бөлмелер ешбір өзгеріссіз сақталыпты. Ең төменгі қабатындағы зынданға Отанға опасыздық жасаған сатқындарды қамайтын болған екен. Бұл тарихи сарай түріктердің 2005–2009 жылдардағы 100 жаңа лиралық банкнотасының сырт жағында бейнеленген.
Сарайдың іргесіндегі Урарту өркениетіне тиесілі Догубеязит бекінісін байқамау мүмкін емес. Тік жартаста тұрғызылған бұл бекінісін қашан және кім салғаны белгісіз. Алайда Догубаязит бекінісі әрдайым тарихта маңызды орынға ие болды. Бір белгілісі, тастарды кесу әдісімен жасаған урарттар болса, кейінгі жылдары бекіністі селжұқтар мен османдықтар жөндеген. Үш бөліктен тұратын бекіністің орталық бөлігінде храмдар мен үңгірлер орналасқан. Оның қабырғалары мен іргетастарының кейбір қирандылары бүгінгі күнге дейін сақталған. Осындағы XVIII ғасырға тиесілі Хаммур Кумбети кейбір дереккөздерде Ысқақ пашаның ұрпағы Ибрагим Паша салғаны туралы жазылған. Оның ішінде 4 қабір бар. Біріншісі ағасы Юсуф Бейге тиесілі. Екіншісінде – Ибрагим Паша, қалғандары ұлы мен қызына, соңғысы әйеліне арналған.
Ысқақ (Исхақ) Паша сарайынан ары қарай көлікпен көтерілгенде Шейх Ахмедтің кесенесі бар. Ахмед-и-Хани 1651-1707 өмір сүрген күрд ақыны, жазушы, тарихшы, педагог, астрономия саласындағы ғалым әрі философ болған. Хаккариде дүниеге келген Ахмед-и Хани соңғы күндерін елдің шығыс бөлігінде өткізіп, сол жерде қайтыс болады. Сол себепті ғұлама ғалымның сүйегі осы жерде қалдырылған екен. Үш күмбезден және қара тастан тұратын қасиетті кесенеде зиярат етушілердің қарасы көп.
Туристік жерлерден бөлек әңгіме барысында біздің гид Түркияның шығыс аймағында тұрғындар ежелден келе жатқан кейбір салт-дәстүрді әлі күнге дейін сақтайтынын айтады. Мысалы, қыздың қалың малы 30 мың доллар. Оның сыртында біздегідей ұсақ-түйектерін қоспағанда. Ал қыздың ата-анасының рұқсатынсыз алып қашып кетсе, екі әулеттің арасында бітіспес дау басталады екен. Бір байқағанымыз, бұл жердің қыз-келіншектері жабық киінеді және қыз балалардың денінде жоғары білім жоқ. Жалпы бұл Шығыс Анадолыда ғана емес, тұтас Түркияның бас ауруына айналған.
Нұхтың кемесі қайда тоқтаған?
Келесі бағытымыз – Түркия мен Иранның шекараласқан тұсы. Ұйымдастырушылар әр ісімізге абай болу керегін, шекарашылар түгілі телефон камерасын екі елдің бақылау бекетіне бағыттауға болмайтынын қатаң ескертті. Өйткені әскери тәртіп сондай. Оның үстіне шетелдік журналистер шекара бекетін көруге емес, Түркия территориясына тиесілі әлемдегі ең үлкен екінші метеорит құлаған жермен танысуға келдік. Бұл туралы интернетте нақты ақпарат жоқ. Дегенмен ғалымдар дәл осы жерге 1892 жылы алып метеорит түскенін ғылыми түрде анықтапты. Бұл жерде де фотоға түсу түгілі, ешқандай туристке кіруге рұқсат етілмеген. Бірақ Ағры әкімшілігінің арнайы рұқсатымен шетелдік журналистерге 10 минутқа ғана кіріп, рұқсат етілген жерден ғана фотоға түсуге мүмкіндік берілді. Алайда Түркия әскерлерінің арнайы бақылауымен ғана жүріп-тұруға тура келді. Әскери аймақ болғандықтан ұзақ аялдамастан сапарымыз ары қарай жалғасты.
Бір жағы Нұхтың кемесі, қарама-қарсы Ағры тауы көрінетін тарихи мекеннің арасы біршама ұзақ екен. Бірақ біз мінген көлік жүйткіп отырып межелі жерімізге санаулы уақыттың ішінде жеткізді. Өйткені тау мен тастағы тас жолдары тақтайдай теп-тегіс. Бұл да туристердің тарихи орындарды аралауын қиындатпауға көп көмегін тигізеді.
Нұх Пайғамбар - Исламда аса құрметтелетін пайғамбарлардың бірі. Оған пайғамбарлық 40 жасында берілген екен. Сол уақытта халық хақ діннен адасып, пұтқа табынып кеткен. «Қолдан жасалған нәрселерге табыну сау ақылды тұншықтыру емес пе?» деп халық санасына сәуле тастаса да қараңғы ел Нұхтың сөздеріне құлақ асқысы келмеді. Қайта қасарысып, табынған пұттарынан әсте бас тартпауға бекінді. Ел үстінен күн көрген залым билеушілер халықтың иман келтіруін қаламады. Олар халықты Нұхтың сөзін тыңдамауға үндеді. Халықтың бір бөлігі оның насихатын қабылдайды. Сенбеушілер «Егер пайғамбар болсаң кереметіңмен бізді жазала» деп қасарыса түсті. Басқа амалы қалмаған Нұх Пайғамбар Құдайға жалбарынып, дінсіздерге шара жасауда медет сұрайды. Алла Тағала Нұх пайғамбарға кеме жасап, өзіне ергендер мен жақындарын және дүниедегі тіршілік иелерінен бір-бір жұптан кемеге мінгізіп алуға бұйрық береді. Сенбеушілердің иман келтірген адамдарды аздыруынан қауіпсінген Нұх пайғамбар олардың қатаң жазалануын тілейді. Содан кейін көктен саулап құйылған су жер дүниені топан болып басады. Дінсіздер қырылып, тек пайғамбар кемесіндегі оның жақындары, оған сенгендер ғана аман қалады. Кемеге мінуден бас тартып, топан судан тауға барып паналамақ болған Нұх пайғамбардың бір баласы қаза болған. Кеме таудай толқын арасынан аман қалып, су қайтқан соң тау басына тоқтайды. Бұл тау туралы аңыздарда әл-Жуди тауы деп айтылса, тағы бір аңыздарда кеме Арарат, осы Ағры тауына, ал қазақ қисса-аңыздарында Қазығұрт тауының басына тоқтағандығы айтылады.
Дегенмен 2010 жылы қытайлық евангелистер мен түріктің зерттеушілерінен жасақталған экспедициялық топ Түркияның Ағры тауында Нұхтың кемесі табылғанын жариялап, үлкен сенсация жасаған. Жалпы Тәураттың «Жаратылыс» атты бөлімінде Нұх кемесі осы тауда тоқтаған деген де мәлімет бар.
Халық арасында «Түркияның шатыры» деп аталып кеткен Ағры тауы мен Нұхтың кемесін көру үшін біз секілді келетін туристер саны көбейген. Сондай-ақ фотографтар мен әртүрлі елден альпинистер де келеді. Бірақ таудың ең биік нүктесіне альпинистердің өзі шығып көрмеген екен. Тек белгілі бір нүктесіне дейін ғана көтеріле алған. Өйткені Ағры тауы –Түркиядағы ең биік тау. Теңіз деңгейінен 5137 метр биіктікте жатыр. Сондықтан тауды Иран мен Армениядан да анық көруге болады.
Шығыс Анадолыдағы сапарымызды Түркияның ең шығысында орын тепкен Ығдыр қаласында аяқтадық. Мұнда эпилепсиясы мен астмасы барлар дертіне дауа іздеп келетін таптырмас тұзды үңгір бар. Жартылай қолдан жасалған үңгірдің тұзын жергілікті халық асқа да пайдаланып, малдарына азық ретінде де береді.
Бесінші күн дегенде Ыстамбұлдың Топкапы сарайына табан тіредік. Дегенмен тарихы тереңде жатқан сараймен танысуға бір күн емес, бір аптаның өзі жеткіліксіз. Өйткені Османлы мемлекетінің басты сарайында өткен дәуірден сыр шертетін дүние көп.