Үздіктер анықталды
Үздіктер анықталды
449
оқылды
Baiqonyr VII халықаралық қысқаметражды фильмдер фес­ти­валі аяқталды. Ұлттық байқау­дың «Үздік фильм» номинациясын режиссер Михаил Плисконың «Рух» атты қысқаметражды кар­тина­сы жеңіп алды. Ал Саха республикасынан (РФ) келген режиссер Илларион Яковлевтің «Таксист» картинасы халықаралық байқаудың үздігі атанды. Бұл фильм жұмбақ жолаушыны кездестірген Толи есімді кейіпкердің оқиғасын баяндайды. Анимациялық байқауда ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген Дильшат Рахматуллиннің «Бесік жыры» туындысы үздік атанды. Бұл мультфильм жыл басында Түркиядағы кинофестивальда жүлделі болған. Сондай-ақ «Қазақфильм» киностудиясының арнайы сыйлығын Әлішер Жәдігеровтің «Қантар» атты жұмысы ұтып алды. Бұл жоба толықметражды көркем фильмді бірлесіп шығару кезінде техникалық қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие болды.
«VII Baiqonyr-дің ештеңеге қарамастан өткеніне өте қуаныштымын. Біз ТМД елдерінен ғана емес, Оңтүстік Кореядан да жаңа қонақтарды қарсы алдық. Бізде 23 жаңа лауреат бар. Биыл анимацияның жаңа конкурсын қостық және оны жақсы өткіздік», – деді «Байқоңыр» фестивалінің президенті Әнуар Кенжебаев.
Фестивальдың байқау бағдарламасына қатысуға барлығы 306 киножоба үміткер болды. Оның ішінде бағдарламалық қызмет жеті елден – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Әзербайжан, Тәжікстан, Армения және Ресейден 48 фильмді іріктеп алды. Baiqonyr фестивалінің ұйымдастырушысы еліміздің жетекші кинопорталы – «Бродвей» (brod.kz). Фестиваль ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының қолдауымен өтті.

Асыл ТҰМАР