Дәрігердің дәрежесі төмен
Дәрігердің дәрежесі төмен
© коллаж: Әсел Балтақызы
1,682
оқылды
Пандемия кезінде дәрігерге қаншалықты зәру екенімізді сезіндік. Ауруханадан орын ғана емес, білікті дәрігер де таба алмай сенделдік. Шыны ке­рек, қазір еліміз бойынша 14 678 медицина кадры же­тіспейді. Ал ақ халаттылардың 30 пайызы зей­нет­­керлікке шығу алдында тұр. Маман тапшылығын неге шеше алмай келеміз? Жыл сайын жоғары оқу орындарын бітіріп шыққан мамандар қайда? Бір қызығы, Үкімет дәрігерлер тап­шылығын шешіп жатырмыз десе де, жыл санап маман тапшылығы бойынша ста­тис­тикалық көрсеткіштердің артып келе жат­қанын бай­қа­дық. Айталық, 2020 жылы ме­дицина са­ласына 12,7 мың қызметкер (4 222 дә­рігер мен 8 583 орташа дәрежедегі маман) қажет болса, қазір бұл статистика 15 мыңға жа­қындаған. Оның ішінде 7072 дәрігер (ауыл­да – 1 344 дәрігер) және 7606,5 орта меди­цина қызметкері (ауылда – 1 138,5 ОМҚ) жетіспейді. Кадрға ұдайы сұраныс бар өңірлердің қатарында Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, сондай-ақ Алматы, Қос­танай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қа­зақ­стан, Маңғыстау, Ақмола облыстары ата­лады. Мамандықтар тұрғысынан кел­сек, әсіресе терапевт, анестезиолог-реа­нима­толог­тар, жалпы практика дәрігерлері, сәу­­лелік диагностика дәрігерлері, инфек­цио­нис­тер, педиатрлар, акушер-гинеко­лог­­тар жетіспейді. Бұл статистиканы Ден­сау­лық сақтау министрі Ажар Ғиният та растады.
– Кадр тапшылығын шешуде ми­нистр­лік екі бағытқа аса мән береді. Біріншісі – медицина қызметкерлерінің әлеуметтік статусын түзеу және лайықты еңбекақы төлеу. Президент тапсырмасына сәйкес, биыл «Халық табысын арттыру» бағдар­ламасы қабылданды. Соған сәйкес, дәрі­герлер мен орта медицина қызметкерлерінің еңбекақысы жылма-жыл көтерілетін бо­лады. Мысалы, биыл дәрігерлердің орташа жалақысы 30 пайызға, ал орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 20 пайызға дейін өсті,– дейді Ажар Ғиният.
Дәрігер тапшылығын шешу үшін министрлік әкімдіктермен бірлесе бірқатар шараны қолға алған. Нақтырақ айтсақ, қажетті медицина кадрларын мақсатты даярлауға арналған жергілікті атқарушы орган гранттарының санын ұлғайтып, жергілікті бюджетте әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларына арналған шығыс­тарды жоспарлап, жас мамандарға тұрғын үй беру немесе жалға беру, көтерме жәрдем­ақыларын төлеу сынды жобаларды қолға алып отыр. Бұған қоса, өңірлерде білім және ғылым ұйымдарының филиалдары ашылуда. Қазір Семей медицина универ­си­теті­нің Павлодар қаласындағы филиалы, М.Ос­панов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің Атырау, Ақтау, Қызылорда, Орал қалаларындағы фи­лиалдары ашылды. Әлеуметтік жағдай жасалмаған Кадр тапшылығының салдарынан дәрігерлер кем дегенде екі адамның жұ­мысын істеуге мәжбүр. Ал жалақылары аз. Сондықтан көп жағдайда мамандар же­кеменшік емханалар мен басқа кәсіпке ауысып кетеді. Медицина ғылымдарының кандидаты Жұпар Наханованың пікірінше, әлеуметтік көмек оқуын енді аяқтаған жас мамандарға ғана беріледі. Жалпы, дәрі­герлерге мұндай жағдай қарастырылмаған. Сондықтан қалада да, ауылда да дәрігерлер жетіспейді.
– Біріншіден, дәрігерлердің айлығы өте аз. Екіншіден, дәрігерлерге жағдай жасалмаған. Оларға үй берілмейді. Елімізде медицина саласы әлі де жүйелі емес. Жа­сыратыны жоқ, жұмысқа тұру үшін де дә­рігерлер пара береді. Үлкен көлемдегі қар­жыны көп дәрігер бергісі келмейді. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін де жағдай жасалмаған. Кейбір білікті бас дәрігерлер мамандарына ақша бөліп, оқы­тады. Ал тағы бір жерлерде он жыл бойы біліктілігін арттырмаған медбикелер бар. Негізі, әр бес жыл сайын дәрігерлер біліктілігін жетілдіріп тұруы керек, – дейді Жұпар Наханова.
Ал қазір дәрігерлер күнделікті науқас қабылдап, қағаз толтырумен ғана айна­лысады. Өзін-өзі дамытып, білімін жетіл­дірмейді. Бұл әр дәрігердің қызығушылы­ғына да байланысты. Жұпар Наханованың айтуынша, бұрын дәрігерлер категориясын арттырған сайын еңбекақысы да өсетін. Қазір оны алып тастады. Осыдан кейін дәрігерлердің медицинаға қызығушылығы төмендеген. Көбісі жекеменшік клиника­ларға кетіп қалды. Себебі ондай клиникалар дәрігерлерге жағдай жасап, жақсы айлық төлейді. Қазір елімізде кішігірім жеке­мен­шік клиникалар көп. Ондағы дәрігерлер мемлекетке емес, жеке кәсіпкердің қалта­сына жұмыс істеп отыр.
– Жылына болар-болмас пайызға дәрігерлердің еңбекақысын көтереді. Бірақ ұсталатын салық бар, азық-түлік те жыл сайын өсіп жатыр. Дәрігерлердің айлығы күнкөрісіне жетпейді. Айталық, Америкада дәрігерлер 10-15 мың доллар, Ресейде 2-3 мың доллар алады. Ал бізде жиырма жыл­дық жұмыс өтілі бар дәрігердің айлығы 500 долларға жетпейді. Сондықтан медицина саласынан қаржы аямай, талапты да кү­шейту керек, – дейді Медицина ғылымда­рының кандидаты.
Оның пікірінше, толыққанды, жақсы маман дайындау үшін он жыл уақыт керек. Ал енді он жыл оқыған дәрігер лайықты табыс тауып, үй ала алмаса қызығушылығы да өшеді. Бір кездері дәрігерлердің барлығы фармацевтикалық фирмаларға кетіп қалды. Өйткені олар жоғары айлық берді. Сондықтан министрлік жұмыс істегісі келетін дәрігерлердің барлық жағдайын жасап, бос орындарға орналастыруы керек. Әйтпесе, 0,5 мөлшерлемемен бірнеше емханадада жұмыс істейтін дәрігерлер бар. Салада тұрақтап қалатындар аз Елімізде медициналық білім беретін 9 жоғары оқу орны бар. Алайда облыс­тардағы дәрігер тапшылығы медициналық университеттердің болуына немесе бол­мауына байланысты емес. Қазақстанның тоғыз медициналық ЖОО-ның төртеуі Алматыда орналасқан, бірақ қаланың өзі дәрігерлер жетіспеушілігі бойынша тоғы­зыншы орында (барлық 17 өңірден). Жыл сайын өңірлердің медициналық кадрларды даярлауға және олардың біліктілігін арт­тыруға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлінеді. Мысалы, 2022 жылы мамандарды да­йындауға 4 700 орын, атап айтқанда: бака­лавриатқа – 2 700 орын, резидентураға – 1500 орын, магистратураға – 325 орын, докторантураға 160 орын бөлінді. Сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2022 жылы 985 сұранысқа ие маманды даярлауға қаражат бөлу жоспарланып отыр. Мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде білім алған түлектер жыл са­йын Мемлекеттік комиссия шешімімен өңірлерге бөлінеді. Мәселен, 2021 жылы денсаулық сақтау ұйымдарының қажетті­ліктеріне сәйкес, өңірлерге 3141 жас маман бөлінді, оның ішінде ауылға 636 адам жөнелтілді. Биыл 2,9 мың түлек дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері тапшы аймақтарға қызмет етуге бөлінді. Бірақ жас дәрігерлер ауруханаларға орналасып еңбек жолын бастағанымен де, көп жағдайда медицина саласында тұрақтап қалмайды екен. Жоғары санатты дәрігер-хирург Қайрат Катреновтың айтуынша, кадр тапшылығының туындауына ең басты себеп медицина мамандарының қоғамдағы беделінің төмендеп кетуі.
– Одан кейін жалақының аздығы. Оқу барысындағы түрлі қиындықтардан, нау­қастармен жұмыс істеуден де қашатындар бар. Медицина қызметкерлері қаншама қиын жағдайларда жұмыс істесе де еңбек­тері бағаланбайды. Мысалы, шаштараздар күніне 20 мың теңге табады. Ал дәрігер­лердің еңбекақысы бұған жетпейді. Оның үстіне, заң бойынша дәрігерлер бір став­кадан артық жұмыс істей алмайды. Сон­дықтан медициналық мамандардың бар­лығы бір еңбекақымен күн көріп отыр. Негізі, дәрігерлерге артылатын жауапкер­шілік үлкен. Салыстырмалы түрде қарасақ, біреудің шашын қию мен жүрекке ота жасаудың арасы жер мен көктей, – дейді Қайрат Катренов.
Кезінде хирургпен бірге оқуға түскен студенттердің 30 пайызы соңына дейін жетіп, дипломын алмапты. Жұмысқа кір­ген соң ұнамай, мамандық ауыстырғандары да баршылық екен. Бір қызығы, елден кетіп жатқан мамандар аз емес. Соңғы 3 жылда 3,5 мың медицина қызметкері шетелге көш­кен. Демек, бұл үрдіске айналған бол­са, жыл сайын мыңдаған дәрігерден қол үземіз. Көші-қон мәселесінің зардабы – осы. Мамандар эмиграциясы бойынша Шы­ғыс және Солтүстік Қазақстан, Қара­ғанды облыстары алда тұр.
– Біліктілігі жоғары, шет тілін білетін мамандар шетелге кетіп жатыр. Сон­дықтан дәрігерлердің қоғамдағы беделін көтеретін арнайы заң қабылдау керек. Көп дәрігерлер қаншама жыл жұмыс істесе де үй ала алмай жүр. Медицина саласының қыз­меткер­ле­рінің әлеуметтік жағдайын жасау керек. Сонда саладағы маман тапшылығы шешілер еді, – дейді Қайрат Катренов.
Бірнеше жыл бұрын мұғалімдердің қо­ғамдағы беделі күрт төмендеп кеткенде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдап, мұғалімдердің еңбекақсын арттырған едік. Соның арқасында ең білімді жастар педа­гогикаға бет бұрып жатыр. Ендеше аз жа­лақы алып, қоғамның сый-құрметін көре алмай жүрген медицина қызметкерлеріне де көңіл бөлетін уақыт жетті. Сонда ғана жас маманның салада тұрақтап қалары анық.