Ұлттық театр мәртебесі үлкен жауапкершілік жүктейді – Еркін Жуасбек
Ұлттық театр мәртебесі үлкен жауапкершілік жүктейді – Еркін Жуасбек
786
оқылды
Биыл – қазақ әдебиетінің асқар тауы, Әуезовтің 125 жылдық мерейтойлы жылы. Осы ретте әлемдік әдебиетте өзіндік орны бар тұлғаның есімін иеленген, ғасырға жуық тарихы бар қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының директоры, белгілі театр қайраткері Еркін Жуасбекпен сұхбат мерейтойға дайындық және сахна өнері төңірегіндегі кейбір мәселелер жайында болмақ. – Еркін Тілеуқұлұлы, өзіңіз білесіз, биыл заңғар жазушымыз Мұхтар Омар­ханұлы Әуезовтің туғанына 125 жыл толып отыр. Осы орайда, ұлы тұлғаның есімін иемденген қазақ өнерінің қара шаңырағы саналатын әкемтеатр мерейтойға қатысты нендей іс-шаралар атқарып жатыр? – Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы хал­қы­мыз оның ішінде руханият үшін мерей­лі, межелі жыл ғой. Бұл кісінің әрбір шы­ғар­масы адамзаттың өсіп-өнуі мен көр­кеюуі­не жасалған үлкен шаруа деп айтар едім. Сондықтан мұны тек Әуезовтің емес, қа­зақ жазба әдебиетіндегі биік дең­гейдің жүз жиырма бес жылдық тойы деп айтар едім. Осындай ұлы тұлғаның есімін иеленіп тұрған театр үшін бұл мерейтойдың жөні мен маңызы мүлдем бөлек. Біз мерейтойды ерте көктемде бастап кеткенбіз. Сол уақытта театр ұжымын алаштың көсемдері жүрген, Мұхтар Омарханұлының өзі алғаш білім алған қаласы Семейге үш күндік гастрольдік сапармен алып бардық. Ол кезде әлі Абай облысы болмай тұрған кезі. Халықтың рухани өнерге деген құрметін көріп риза болдық. Сол үш күн ішінде екі реттен алты спектакль қойдық. Барлығында зал лық толы болды. Одан бөлек, Семейде Әуезов атындағы педагогикалық колледж бар. Сол оқу орны студенттерімен театр ұжымы арасында әдемі, әсерлі кездесу болды. 11 қазан күні 97-ші жаңа маусымды Әуезовтің ең көлемді, сүбелі шығармасы «Қара­гөз» спектаклімен ашамыз деп отырмыз. Қараша айының 1-і мен 7-сі аралығында Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы аясында Орта Азия елдері арасында халықаралық театр фестивалін өткізбекпіз. Ол өнер додасы біздің қара шаңырақтың сахнасында өтеді. – Бұл фестивальді кім қаржыландырып отыр? – Жалпы, екі жылда бір рет өткізілетін ха­лықаралық фестиваль биыл сегізінші рет өткелі отыр. Биылғы фестивальді Әуезовтің мерейтойына орайластырып өткізіп отыр­ған жайымыз бар. Өнер додасын Мә­дениет және спорт министрлігі қаржы­лан­дырады. – Ендігі сауалымды бүгінгі драматургияға қарай бұрсам деп отырмын. Себебі, осыдан біраз уақыт бұрын «заман талабына сай драматургия жоқ», «театрға жазатын адам таппай жатырмыз» деген әңгімелерді жиі еститінбіз. Қазір біршама жас драматург­тердің есімдерін естіп жүрміз. Өзіңіз театр маманы ретінде бүгінгі қазақ драматур­гиясының аяқ алысына қандай баға бересіз? – Қай уақытта да драматург жоқ дегенге қарсы болып келген адаммын. Меніңше, драматургия жоқ деген сөзді әдебиеті жоқ елдің өкілі айтады. Бір кезеңдерде тым аз болғаны рас. Ол да бір уақыттың талап ыңғайына қарай болған шығар. Дегенмен, сол уақыттың өзінде аз болса да драматургия жазылды. Тіпті әйгілі Шекспирдің көзі тірісінде де Англияда драматургия жоқ деген адамдар болған. Одан кейін Кеңес Одағы кезінің өзінде біздің белгілі драматург-жазушыларымыз бұрқыратып жазып, соның біразы сахналанып жатқан тұста да кейбір режиссерлеріміз роман-повестерді өздері ыңғайлап, драма жасап, сахнаға алып шыққан кездері болды. Кезінде режиссер Әзербайжан Мәмбетовтің өзі Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы» шы­ғарма­сынан «Ана – Жер Ана» деген керемет спектакльді дүниеге әкелді. Одан кейін де сол Әзекең Әбдіжәміл Нұрпейісов­тің «Қан мен тер» атты көлемді романынан сахналық дүние жасап шығарды. Айтайын дегенім, жоғарыдағыдай драматургия жоқ деген сөз әр уақытта да айтыла берген. Құдайға шүкір, қазір драматургтеріміз өсіп келе жатыр. Біз осы театрда 2013 жылдан бастап әдеби драматургия бөлімін ашқанбыз. Оған басшы ретінде белгілі әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова апайымызды шақырдық. Ол бөлімге драматургияға қалам сілтеуге талаптанып жүрген біраз жастарды жұмысқа алдық. Қазір солардың ішінен Әнес Бағдат, Мадина Омарова, Мұрат Қолғанат сияқты жас драматургтер шықты. Тіпті мықты-мықты пьесалар жазып, қазақ театрлары сахнасында қойылып жатса, оның бәрі осы бөлімнен тәрбиеленіп шықты деп, мақтанышпен айта аламыз. Темірбек Жүргенов атындағы Өнер ака­демиясында да Сұлтанәлі Балғабаев сияқты ағаларымыз қаншама жас шәкірт­тер тәрбиелеп шығаруда. Мәскеуде ресейлік драматургтердің ара­сында мойындалған Олжас Жанайдаров деген бауырымыз бар. Сол азамат қазір Ал­матыға келіп, Dramа. kz деген орталық ашып, жұмыс істеп жатыр. Аталған орта­лықта көптеген жас драматургтеріміз өз шығар­маларын кәсіби тұрғыдан тал­қылап, кем-кетігін толықтыруға мүмкіндік алады. Оның алғашқы нәтижесін отандық театрлар көріп те үлгерді. Бүгінгі драма­тургиямыз бір сөзбен айтқанда, ешкімнен кем емес. – Соңғы кезде жиі айтылатын әңгіме – авторларға қаламақы төлеу мәселесі. Сіз­дерде де жаңа туындылар қойылып жатыр. Осы мәселені қалай шешіп жатсыздар? – Мемлекеттің қоржынынан қар­жыланып отырған ұжым болғандықтан әрбір жаңа қойылым үшін қаржыны министрліктен аламыз. Жаңа қойылымға түрлі шығындарына қарай 10 млн мен 20 млн теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Алдын-ала автормен жасалған келісімшарт негізінде сол қаржының 10 пайызын драматургке бір реттік қаламақы ретінде төлейміз. Одан бөлек, автордың шығар­масы арықарай да сахналанып жатса, билеттен түскен қаржыдан авторлар қо­ғамы арқылы қаламақы алып отырады. – Соңғы уақытта қандай жаңа қойы­лымдар болды? – Жалпы театрдың мақсаты – әлемде болып жатқан жақсы жаңалықтарды көрерменге жеткізу. Сол арқылы сананы тәрбиелеу деп санаймын. Мәселен, әлемдік театр өнерінде мойындалған Брехт деген бағыт бар. Бұл өзі немістің Бертольт Брехт деген неміс драматургының салып кеткен бағыты. Сахна өнерінде, Брехт мектебі деген мектеп қалыптасқан. Бірақ осы бағыт бұған дейін қазақ сахналарында сондай бір жиі, дәстүрлі түрде қойылмаған. Осыдан бір жыл бұрын Ерік Нұрсұлтан деген жас режиссеріміз осы Брехттің «Пері қатын» деген спектаклін сахналады. Басты рөлде Данагүл Темірсұлтанова деген қазақтың керемет актрисасы ойнап шықты. Ал биыл Әуезов театрына ағылшын драматургиясының классигі Бернард Шоу келді. Оның «Пигмалон» атты шығармасын қазақшаға тәржімалап, «Сүйікті менің періштем» деген атпен сахнаға шығардық. Бұл да өз көрерменін тапқан дүние болды деп санаймын. Одан бөлек, отандық авторларымызды да барынша қамтуға тырысудамыз. Мәселен, Алена Қабдешова деген режиссеріміз, марқұм жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Қытай­дан келген сәлемдеме» деген әңгімесінің желісінде әдемі де әсерлі спектакль қойды. Сонымен қатар театрда моноспектакль деген жанр бар ғой. Оны бір ғана актер немесе актриса сахнаға алып шығады. Осындай жаңа дүниені ақын Қасымхан Бегмановтың «Менің Мұста­фам» шығармасының желісімен қойып шықтық. Аталған шығармада әйгілі Мұстафа Шоқай бабамыздың өміріндегі біз біле бермейтін тағдырлы сәттері жары Марияның өзінің аузымен айтылуы арқылы көрерменге жетеді. Марияның рөлін талантты актрисамыз Күнсұлу Тұрғанбекқызы ғажап ойнап шықты. Әзір­ге театрдағы соңғы жаңалықтар дегенде осыны ауыз толтырып айта аламыз. Алдағы қарашадағы халықаралық фестивальді өткізген соң, тағы да жаңа үш спектакльге кірісеміз деп отырмыз. Олар қазіргі таңда көркемдік кеңестің қарауында жатқан бірнеше шығарманың ішінен таңдап алынады. – Биыл Мемлекет басшысының Жар­лығымен Ұлттық театр деген мәртебе алдыңыз­дар. Жалпы, ұлттық статустың өзгешелігі неде? – Өнер ұжымына берілген ұлттық мәртебе туралы бірінші айтарым, театр өзінің әу бастағы өзіне тиесілі мәртебесін қайтарып алды деп айтар едім. Себебі, біздің театр алғаш ашылғанда ұлттық театр болып ашылған. Мысалы, өнер ордасы ашылған жылдардағы Смағұл Сәдуақасов, Мұхтар Әуезовтің мақалаларын қарап отырсаңыз, барлығынан «Ұлттық театрда не жаңалық?», «Ұлттық театрдың бүгінгі халі қалай?» деген сияқты сөздерді тұрақты түрде кездестіресіз. Кейін Кеңестер одағының өзіндік ерекшеліктеріне сай академиялық деген атау берілді. Сол кезеңдерде ұлттық деген бейресми статусы тасада қалып қойғандай болған. Президентіміздің қолдауымен сол Ұлттық драма театр мәртебесі ресми түрде берілді. Бұл деген сөз – ұлттың жоғын жоқтайтын, өнерін ұлықтайтын бірден-бір өнер ұжымы деген сөз. Бұл біздің театр үшін үлкен жауапкершілік деп санаймын. Сонымен қатар өзге театрларға қарағанда біздер 1,75 деген коэффицентпен жалақы аламыз. «Алмақтың да салмағы бар» демекші, бұл да осы шаңырақтағы әрбір қызметкерге зор жауапкершілік артады деп ойлаймын. Екінші жағынан, бұл біздің театр өнеріне, ұжым еңбегіне берілген жоғары баға деп қабылдаймын. – Өзіңізбен бұрынырақта бір әңгі­ме­лес­кенімізде, театрдың тозығы жеткеніне қын­жылып, «осы театрды жамап-жасқаумен күн өтіп жатыр» деген әңгіме айтып едіңіз. Сұра­ғым келгені – Ұлттық статусы бар өнер ұжымы деген атауға лайық етіп, күрделі жөн­деуден өткізу мәселесі көтеріліп жатқан жоқ па? – Өте орынды мәселе көтеріп отырсыз. Қазір осы театрдың күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжат дайындауға конкурс жариялағалы отыр­мыз. Ол үшін мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінді. Біз негізінен техникалық жағынан қатты тозып кет­кенбіз. Осыдан қырық жылдан аса уақыт бұрын қойылған кейбір техникалық құрылғылар әбден ескірген. Оларды ауыстыра қояйын десең, жаңаларын табу мүмкін емес. Тіпті зауыттан шығарылмайды да. Мысалы сіздер келіп қойылым көріп жүрген бір ғана сахнаның өзінде 20 түрлі жылжымалы алаң бар. Оның әрбірінде сол 40 жыл бұрынғы қойылған техника тұр. Олардың бәрін заманауи үлгіге көшіру керек. Одан бөлек, жарығы, қарапайым акустикасының өзі сол алғаш ашылған кездегі қалпымен тұр. Барлығын әйтеуір әр жылдары жамап-жасқап, көрерменге қызмет етіп келе жатқан жайымыз бар. Жақында театрымызға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев келіп кетті. Ол кісіге театрдың барлық жағдайын көрсеттік. Содан кейін ол кісі бұл мәселені Үкіметтік деңгейде көтеріп, күрделі жөндеу жүргізуге қомақты қаржы бөлініп отыр. 2026 жылы театрымызға 100 жыл тола­ды. Сол ғасырлық мерейтой қарсаңында толық жаңарған, жаңғырған заманауи өнер ордасына айналдыру үшін күрделі жөндеуге жабу көзделіп отыр. Жөндеу жұмыстары шамамен екі жарым жылға созылады деп жоспарлануда. – Жөндеу жұмыстарына жабылған ара­лықта көрермендерден айрылып қалмай­сыздар ма? – Ол жағын да ойластырдық. Театр ғимараты жөндеуге жабылғанымен шығар­машылық ұжым жұмысын жалғастыра береді. Ол үшін Алматыдағы өзге театр­лармен меморандумға қол қойдық. Олар біздің жөндеу жұмыстар толық аяқтал­ғанша, сахналарын кезекпен-кезек пай­далануға беріп отырады. Осылайша көрер­мен мен екі арадағы байланысты сақтап қаламыз деп отырмыз. – Сіз мен білгелі театрдың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген мамансыз. Бірнеше театрда басшылық еттіңіз. Осы аймақтағы театрлардың жағдайы қалай? Олардың әлеуеті қандай? – Аймақтардағы театрлар арасында да мықты ұжымдар баршылық. Әр кезде жарқ етіп шығып жүргенін көріп жүрміз. Бірақ өкініштісі – көпшілігінде шыққан биігінде қалып қоя алатын тұрақтылық жетіспейтін сияқты. Мысалы үшін бір кездері Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы театр дүр ете қалды. Сол кездерде Фархат Молдағалиев, Батырбек Шамбетов деген талантты жас режиссерлар барып, керемет жұмыстар атқарды. Артынан түрлі себептермен тарап кетті. Қазіргі уақытта Ақтау театры алдыңғы қатарда тұр. Себебі бұл театрда тұрақтылық бар. Ол жерде біраз жылдан бері Гүлсина Мирғалиева деген талантты режиссер қарындасымыз отыр. Соның арқасында қан­шама жетістіктерге жетіп жатыр. Аймақ­тағы театрлардың дамуы үшін бірін­ші ұжымдық тұрақтылық қажет сияқты. – Жалпы, театрда мынандай үрдіс бар. Кез-келген классикалық шығарманы әр режиссер әр қырынан келіп қояды. Өзінше басқаша режиссерлық шешімдер қосуға тырысады. Мысалы, «Абайды» бірнеше режиссер қойды. Әрқайсысы әртүрлі жеткізді. Яғни жаңалық әкелгісі келеді. Бұл бәлкім өнердің өсуі мен шығарманың қамтылмай қалған тұстары ашыла түсуі үшін керек те шығар. Мысалы, жиырма жыл бұрын Әзербайжан Мәмбетов қойған «Абайды» көріп рахаттанған көрермен қазіргі басқа режиссер қойған «Абайды» көріп, көңілі суып қалуы мүмкін ғой? – Қызық сұрақ екен. Былай жауап беріп көрейін. Мысалы, Әуезовтің «Қарагөзін» алайық. Оны біздер алғаш Кеңес заманында көрген кезден бастап шығарманың айтар ойы, басты тақырыбы, өзінің сүйгеніне қосыла алмаған, ескіліктің кесірінен армандарына жете алмаған екі жастың тақырыбы деп қабылдадық. Ал жаңа замандағы «Қарагөзге» қарасақ, оның тақырыбы мен айтар ойы мүлдем басқаша кейіпте екенін көріп жүрміз. Сырым мен Қарагөздің қосыла алмауының негізгі себебі – біздің салтымыз бойынша тыйым салынған екеуінің туыстық қаты­насында жатыр екен. Нақтылай айтқанда, екеуінің ағайындық аталастық жағынан жеті атаға жетпейтіндігі болған. Осы күнгі «Қарагөзде» қанша жерден есің кетіп сүйсең де қаныңды сатпа, ата-бабаңнан келе жатқан дәстүр мен ғұрыптан аттама деген тақырып алға шығып отыр. Классиканың бір кереметі де осы ғой. Қазған сайын, тереңдеп үңіле түссек, астындағы жақұттары жарқырап шыға береді. – Сұхбатыңызға рахмет!

Алматы