Өтебайдың кітабын неге өртеді?
Өтебайдың кітабын неге өртеді?
4,177
оқылды
Әлқисса, әңгімемізді ұлы хакімнің әйгілі поэмасының бірінші жолында айтылғандай, «Осы жұрт Өтебайды біле ме екен?» деп бастағымыз келіп отыр. Әй, білмейтін де шығар. Қазіргі оқырман көркем дүние оқудан қалып бара жатқандай. Бір кездері кеңестік цензура жазушының бір кітабын 20 мың таралыммен шығарып, сол 20 мыңды бір түнде өртеп жі­бер­генін бүгінгі жастар әсте біле қоюы неғайбыл. Ол қандай кітап? Оны неге өртеді? Бізді қызық­тырғаны да осы еді. 1931-32 жылғы аштық туралы шы­ғар­малар көп емес. Ол тақырыпқа қалам тарт­қан жазушылар да некен-саяқ. Сондай аз жазушының қатарында Өтебай Қана­хиннің де есімі қатар аталады. Қаламгер­дің «Жер басып жүрсем» повесі сол бір нәубет жыл­дардың шындығын бейнелейді. Алайда... Әскерде 11 жыл қызмет етті «Жер басып жүрсем» шығармасы көп тарала қойған жоқ. Өйткені жазушының «Қарт сарбаз хикаясы» кітабына енген бұл повесть таратылмай, «өртеніп» кетті. Ал өртеуге негіз болған «Қарт сарбаз хикаясы» повесі. Повесть 1917 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін көтерген шығармалардың бірі. Бірі ғана емес, бірегейі. Комиссия қарап, бекітіп берген кітапты өртеуге кім мәжбүр болды екен?! Әуелі кітапты іздеп, кітапханаға бар­дық. Мұқабасы қоңырқай түсті «Қарт сарбаз хикаясы» қолымызға іліккен. Бірақ жинақта біз іздеген шығарма жоқ болып шықты. Үш повесі мен екі әңгімесі енген кітаптан біз өзіміз іздеген дүниені таба алған жоқпыз. Бұл кітапта «өртей» қоятын­дай дәнеңе жоқ секілді. Содан бұл шығар­маны іздей бастадық. Сөйтсек, бұл әуел бас­тағы жоспарланған «Қарт сарбаз хи­каясы» кітабының бірінші нұсқасы емес. Мүлдем басқа кітап. Кітаптың атауы бір бол­ғанымен, мазмұны бөлек. Мұның сырын жазушының ұлы Саябек Қанахадан сұрап білдік.
– Менің әкем құжат бойынша 1923 жылы туған. Негізгі туған жылы – 1925 жыл. Комсомолға тезірек өту үшін жасын ұлғайтып жаздырып алыпты. Өз өмірі туралы «Жер басып жүрсем» деген пове­сінде барлығын жан-жақты жазып кетті. Әкем он екі ағайынды болған. 1931-32 жылғы аштықта Өмірәлі көкем мен әкем екеуі ғана аман қалыпты. Сол жылдары Шонан әжеміз қатты аштықтан қиналып, балаларын тастап, Қарақалпақстанға өтіп кетеді. Оның өзінде арып-ашып, әзер аман қалған. Әкем шешесін 1952 жылы іздеп тауып алады. 1970 жылға дейін әжеміз әкемнің қолында тұрды. Сол бір жылдары жетімдердің бәрін балалар үйіне өткізген. Жол-жөнекей әлсіреп, балалар үйіне жетпей қалғандары да болыпты. Сонда әкем небәрі – жеті жаста. Шала-жансар күйде жатқан балаларды тауып алып, әзер аман алып қалған. Сонда ержеткен әкем соғысқа ерте аттанды. 1941 жылдың тамыз айында кетті. Соғысты Ленинградтан (Санкт-Петербор) бастаған. Балалар үйінен шыққан екі дос бірге аттанып, бір жерде соғысады. Мина жарылып, әлгі досы көз алдында қайтыс болыпты. Әкем өзі де естеліктерінде: «Балалар үйінде тәрбиелен­ген балалардан жалғыз өзім тірі қалдым» деп жазады. 1941 жылдан 1952 жылға дейін әскерде болды», – дейді Саябек Қанаха.
16 жаста соғысқа аттанған жазушы неміс басқыншылары тізе бүккен соң 1946 жылдан бастап Форт-Артурда қызмет етіп­ті. Арасында елге келіп-кетіп жүреді екен. Алматыға бір келгенінде ақын Иса Байза­қовтың немересін көріп, ғашық бо­лып қалады. Құда түсіп барса, қыздың ту­ған­дары «сен секілді жетім, ешкімі жоқ сол­датқа қызымызды бермейміз» деп шы­ғарып салады. Ашуланып, әскери бөлімге қайтып кетеді. Сонда жазушы қызмет ететін әскери бөлімге украиналық Сергей деген досының қарындасы келіп-кетіп жү­реді екен. «Қа­зақтар қыз бермесе, өзге ұлттан аламын» деп Вера Алексеевнаға үйленеді.
«Вера шешемізден үш ұл бар: Исатай, Амантай, Бекетай. Кейін дәм-тұзы жа­распады ма, Вера шешемізбен ажырасып, менің анама үйленіпті. Бұл 1970 жылдар болатын. Әкемнің екінші әйелінен екі бала бармыз. Мен және қарындасым Құ­ралай. Үш ағаммен жиі араласып тұрамыз. Шешем бесеумізді бөліп-жарып қараған жоқ. Ағаларым үйге жиі келіп, араласып-құраласып кеттік. Әкем жазуды әскерде жүрген кезінде бастаған. Соғыс туралы очерктерін газет-журналдарға жариялап отыр­ған. Кейін бұл очерктері жинақ бо­лып шықты. 1952 жылы арнайы жарлы­қ­пен әскерилер санын қысқартқан кезде әкем де армиядан босап, елге қайтқан. Со­дан кейін тек жазумен айналысқан. Әке­міз өте білімді, кез келген тақырыпқа сөйлесе алатын, тарихты да жақсы білетін. Үйде кейде тентектік жасап қойсақ, дауыс көтеріп ұрыспайтын. Әскери адам болған соң, тәртіппен жүретін. Бізді де сондай тәртіппен өсірді. Балалық шағын жиі ай­татын. Сосын жылап алатын», – дейді ұлы.
Мазмұны өзгерген  «Қарт сарбаз хикаясы»
Жоғарыда айтқанымыздай, жазушы­ның өртенген шығармасы – «Қарт сарбаз хикаясы». Жазушы бұл шығармасын ұзақ зерттеп, бүкіл Одақтың архивін ақтарып барып кіріскендей. Туған ауылы Жайсаң­байдағы көтеріліске қатысқан ағайын-туғандардың өмірін баяндайтын туынды. Саябек Қанаханың айтуынша, «Біздің бабаларымыз қызба мінезді адамдар бол­ған екен. Сол аталарының алдындағы па­ры­зы санаған шығар, әкем бұл тақы­рыпты ұзақ зерттеді. Шығармаға ойдан шығарылған оқиға қосқан жоқ. Өздеріңіз оқысаңыздар да оны бірден байқарсыздар. Өкінішке қарай, бұл шығарманың бағы жанбады. Жинақ болып баспадан шығып тұрған 20 мың таралымды бір түнде өртеп жіберген. Негізгі түпнұсқасын Мұхтар Ма­ғауин сақтап қалған. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Мұхтар аға «Жұлдыз» журналына жариялады. Бұл кітапты Есет Әукебаев өртеткені туралы әкемнің өзінің де айтқаны бар. Кейін Мұхтар аға да әкем туралы жазбасында айтып өткен. «Жұл­дызда» басылған шығарманы көшіріп алып, кейін өзіміз кітап қылып шығардық. Жинақ «Өлке» баспасынан шықты. Бір күні үйде отырып, әкемнің кітапханасын қарап отырсам, барлық кітаптың мұқабасы сұр болып келген де, бір ғана кітаптың мұқабасы қап-қара. Мұның түсі неге ерекше деп ойлап қарасам, біз 20-30 жыл бойы іздеп жүрген – «Қарт сарбаздың хикаясы». Сыртын қарамен қаптап қойыпты. Күтпеген жерден үш ай бұрын тауып алдым» дейді.
Сөйтіп өртенген кітаптың бір данасы үйде сақталып қалыпты. Бұл кітап төңі­регінде көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин­нің: «Өтебай Қанахиннің «Қарт сарбаз хикаясы» романы сол беті жойылып кет­пеуге тиіс еді. Қатарға жай ғана роман емес, қасіретті 1916 жылғы қарусыз Алаш жұртының ұлт азаттық көтерілісінің қазақ әдебиетіндегі ең толымды, ең мәнді сыпат тапқан үздік көрінісі. Тар заманда жазылуы, керек десеңіз, өз кезінде түрмеге жабылып, өлімге кесілуі – бұл кітаптың құнын арттыра түссе керек. Кейін еркіндік дәуірде осы тақырыпта қандай және қанша шығарма туса да, Өтебай Қана­хиннің «Қарт сарбаз хикаясы» андағайлап, оқшау тұрмақ» деп жазғаны бар. кітап «Кітап неге өртенді?» дегенге келер бол­сақ, соңғы сәтіне дейін қол қойылып, рұқсат беріліп, баспаға кеткен шығарманы өртету – бір адамдарға қатты қажет болған секілді.
«Қарт сарбаздың хикаясы» кітабын өртеп жібергенімен, іші ауысып, қайта шығады. Оған себепкер болған – Мұхтар аға. Әкем өртенген кітабының ақшасын, яғни белгілі бір сомасын өз қалтасынан төлеу керек болыпты. Ондай ақша әкемде жоқ. Сонда тығырықтан алып шыққан Мұхтар аға болатын. Әкемді шақырып алып, «Сізге тапсырыс берді. Сол тапсы­рыс бойынша жазып бердіңіз. Комиссия қабылдап алды. Сіздің қандай кінәңіз бар? Сол себепті өзіңіз оларды сотқа да бере аласыз» деп ақыл-кеңесін береді. Содан әкем: «Кітабы үшін соттасты» деген атқа қаламын ғой» дейді. Мұхтар аға келесі күні тағы шақырып алып, «осы атаумен әңгі­мелер жинағы ретінде шығарып жіберейік, сіз сыйақыңызды да аласыз. Ақшадан да құтыласыз» дейді. Кітаптың атауын қалдырып, ішіне өзге шығармаларын жи­нақтап, сол мұқабамен, сол атаумен қайта шығартқан» дейді Саябек аға.
Осылайша 1983 жылы жарыққа шық­қан кітап цензурадан сүрініп, түп-тамы­рымен, бар тиражымен жойылған. Бұл оқиға қаламгерге де оңай тимеген сияқты. Қатты күйзеліске түсіп, жүрек ауруына шалдығады.
«Өмірде әкем Бердібек Соқпақбаев екеуі қатты араласты. Тахауи Ахтанов, Қа­сым Қайсенов, Мұзафар Әлімбаевпен дос болды. Әбіш аға, Қадыр аға, Қайрат Жұмағалиевті інілерім деп айтып отыра­тын. Бір жылдары Жазушылар одағы әкемді партиядан шығармақ болады. Се­беп: Вера шешемізбен ажырасқаны. «Орыс әйелді тастап, қазаққа үйленген ұлтшыл» деп кінәлайды. Одақтың жина­лысына шақырады. Жиналыстың күн тәртібінде екі мәселе тұрады. Біріншісі – партиядан шығару, екіншісі – қатаң сөгіс беру. Тұ­манбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Әбіш Кекілбаев, тағы басқа ақын-жазу­шы­лар қатысады. Оларға «пар­тиядан шы­ғарсын» деп дауыс беріңдер» деп талап қояды. Соған қарамастан, ақын-жазушы­лар «қатаң сөгіс берілсін» деп қол көтереді. Сөйтіп әкем партиядан шықпай, қатаң сөгіс алады. Содан кейін де әкем біраз «репрессияға» ұшырап қалды» дейді ұлы.
Жазушыны осы бір қиын кезеңдерде достарының адалдығы, інілерінің құрметі сақтап қалды. Жазушы қатаң сөгісті, кітабының өртенгенін көтере алмаған секілді. Әскери өмір көрген, темірдей тәртіпке үйренген адамның денсаулығында оған дейін еш кінәрат болмаған. Жұды­рықтай жүрегі шерлі кітаптан кейін соққы алған секілді.
«Әкем көзі кеткеннен кейін інілері үйге келіп-кетіп жүрді. Анам да қайныла­рына ықыласы бөлек еді. Шәйін, етін дайындап, бәйек болатын. «Әкелеріңнің көзін көрген, қолына қалам ұстаған аға­ларың ғой, құрметтеп жүріңдер» деп бізге де жиі айтып отыратын. Ұлым дүниеге келгенде келіншегім екеуіміз ақылдасып, Әбіш ағаның есімін бергіміз келген. Әбіш аға өзі: «Батыстың жартысынан көбі Әбіш пен Айсәуле болып кетті. Сондықтан аңсаған ұлдың аты «Аңсар» болсын» деп қойды. Әкем туған ауылға қазір де барып тұрамын. Өйткені кішкентайымыздан әкемнен ауыл туралы жиі естіп тұрдық. Сол естелік бізде жақсы сақталып қалған. Жолай Қанаха қорымына соғып, құран бағыштап кетемін. Егер бабамыздың ба­сына соқпай өтіп кетсек, не көлік бұзы­ла­ды, не діттеген жерімізге жете алмай қа­ламыз. Мұны әкем де жиі айтып отыратын. Өйткені Қанаха бабамыз әулие кісі болған екен. Әкем де атасының басына барып, құран оқыған соң ғана елге соғады екен. Сол дәстүр бізде де сақталып қалды» дейді Саябек Қанаха.
Келесі жылы жазушының 100 жыл­дығы. «Жер басып жүрсем» кітабын сұ­райтын­дар әлі бар. Ұлының арманы да осы – кітапты қайта шығару. «..Аштықтан әлім бітіп көзім қарауытып, есім бірде кір­се, бірде кірмей, тек кірпігім ғана қимылдап, жұртта қалған тастанды күшік сияқты шала-жансар жатқан жерімнен ересек бі­реулердің тауып алып, сыртта тұрған ша­на­ға апарып салғанын, үстіме киіз жауып қымтап жатқанын еміс-еміс білемін. Сөйт­сем, бұлар аштықтан жаппай қырылып жатқан қазақ ауылдарын аралап, ең болмаса тірі қалған бала-шағаны аман алып қалу үшін қыстау-қыстауды аралап жүрген комсомол жасақтары екен»... Ша­ла-жансар жиналған елу баладан тірі қалған жетім баланың өмірде көрген азабын осы кітаптан оқып, көз жеткізуге болады. Бұл Қанахиннің ғана өмірі емес еді, сол бір нәубет жыл­дардың тарихи шындығы осы еді...