Аграрлық аймақтың адымы кең
Аграрлық аймақтың адымы кең
511
оқылды
Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде еліміздің ауыл шаруашылығы саласында оң өзгеріс болды. Бұл тұр­ғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдау­ла­рында агроөнеркәсіп ке­ше­нінде атқарылатын жұ­мыстар мен алдағы мін­дет­тер нақты көрсетіліп ке­леді. Осы орайда Қы­зыл­орда облысында да ауыл шаруашылығы жыл санап қарқынды дамып жатқаны байқалады. Қай кезде де аграрлық саланың аймақ экономикасында алатын орны ерекше. Негізгі кәсібі егін шаруашылығымен тығыз байла­нысты өңір халқының еселі еңбегі нәтижесін беріп отыр. Мемлекет қолдауын сезініп, өнімдерді алыс-жақын шетелге экспорттау, суды ысырапсыз пайдалану жүйесін жолға қою мақсатында әртарап­тандыру шараларын жүргізуге мүмкіндік артты. Соңғы жылдары Қызылорда облысында су тапшылығы болып, егін шаруашылығына үлкен ке­дергісін тигізгені мәлім. Соған орай биыл Сырдария өзеніндегі су тапшылығын жою үшін Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Оған 21 канал тазалау, 52 ұңғыманы қалпына келтіру және бұрғылау жұмыстарын жүргізу, ағын суды қайта пайдалану және елді мекендерді аяқ сумен қамта­масыз ету мақсатында 133 дана су­сорғы сатып алу жоспарланған. Бүгінгі күні елді мекендерге 96 су­сорғы жеткізілді. 26 ұңғыманың бұрғылау жұмыстары мен 14 ка­налды тазалау жұмыстары жүргі­зіліпті. Жалпы биыл облыс бойынша 188,5 мың гектарға ауыл шаруа­шылығы дақылдары орна­лас­тырылса, оның ішінде негізгі дақыл күріштің көлемі – 78,6 мың гектарды құрады. Нәтижесінде былтырмен салыстырғанда кү­ріш алқабы 5 мың гектарға қыс­қа­рып, оның орнына суды аз қажет ететін мал азықтық дақылдармен қатар картоп, көкөніс, бақша дақылда­рының егіс көлемі 7,3 мың гектарға ұлғайтылған. Қазіргі таңда агросаланың ал­дында тұрған негізгі міндет – елі­мізде азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету. Бұл тұрғыда Қы­зылорда өңірінде азық-түлікпен қамту, сондай-ақ ішкі өнімнің қажеттілігін анықтау бағытында атқарылған жұмыстар ұшан-теңіз. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев биыл жергі­лікті тұрғындарды өзін-өзі әлеу­мет­тік маңызы бар картоп, көкө­ніс, бақша дақылдарымен қамта­масыз ету мақсатында табанды шешімдер қабылдап, бастама оң нәтиже беріп отыр. Соның негі­зінде суармалы жерлерден 1 433 гектар қосымша жер дайындалып, 6 802 отбасына бөлініп берілді. Осы арқылы аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысы тың серпін алды. Сондай-ақ, егін шаруашы­лығын әртараптандыруға байла­нысты Украина ғалымдарының ауыл шаруашылығы дақылдары сұрыптарын өңірімізде тәжірибе ретінде егу бастамасы да қолға алынды. Атап айтқанда, Сырдария ауданына қарасты Жетікөл ауы­лындағы «Жетікөл Жері» ЖШС-де украиндық ғалымдардың қаты­суымен биыл 200 гектар жерге күз­дік бидайдың украиндық 4 сұ­рыптарын егуге бетбұрыс жасал­ған. Ал келер жылдан бастап 10 гектар жерге алманың 4 сұрыбын егуді және суды аз қажет ететін соя, күнбағыс, жүгері дақылда­рының жаңа сұрыптарын егуді межелеп отыр. агроөнеркәсіп Бұдан бөлек, аймақтың Жа­ңақорған ауданында «Қызылорда AGROPlus» ЖШС тамшылатып суару әдісімен 3000 гектар жерге қызанақ егу жобасын қолға алып­ты. Осы мақсатта 3000 гектар ал­қаптың 10 гектар жеріне қызанақ­тың американдық 3 сұрыбы там­шылатып суару әдісін қолдану арқылы егілген. Серіктестік 2025 жыл­ға дейін межеленген 3000 гек­тар жерді толық айналымға қосуға ниетті. Сондай-ақ түріктің «TAT GIDA» компаниясымен бірлесіп томат шығаратын зауыт құры­лы­сын жүргізуді де жоспарлап отыр. Салалық басқарманың мәлі­метіне сәйкес, бүгінде облыс бо­йынша 26,3 мың гектар күрішке орақ салынып, орылған көлемнің 18,9 мың гектары бастырылған. Әр гектарынан орташа 46,3 цент­нер­ден өнім алынуда екен. Егін жинау жұмыстарын 10 қазаннан кешік­тірмей аяқтау көзделіп отыр. Жалпы Сыр күріші қай кезде де үлкен сұранысқа ие. Соның не­гізінде күріш өнімімен республика халқының қажеттілігін толық қам­тамасыз етумен қатар алыс-жақын шетелдерге де экспорттау ісі жолға қойылған. Оның ішінде Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзірбай­жан, Өзбекстан, Моңғолия мемле­кеті, Тәжікстан, Түркмения, Ук­раи­на, Грузия, Литва, Түркия және Ирак мемлекеттеріне экспортталады. Нәтижесінде барлық экс­порт­талған өнімнің 91,8 пайызы күріш дақылына тиесілі. Соның ішінде биылғы жартыжылдықта Қызыл­орда облысынан 26,5 млн долларды құрайтын 50 мың тонна ауыл ша­руашылығы өнімдері әлемнің 20 мемлекетіне экспортталған. Жалпы аймақта агроөнеркәсіп кешенін әрі қарай дамыту, аграр­лық аймақ ретінде азық-түлік қа­уіп­сіздігін қамтамасыз ету мақса­тында атқарылған жұмыстар ау­қым­ды. Бұл мақсатта жаңадан ин­вестициялық жобалар іске асырылып, жаңа жұмыс орындары да ашылуда. Өткен жылдың өзінде өңірде агроөнеркәсіп кешенінде инвес­тициялық құны 2,4 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба іске асырылып, 151 адам жұмыспен қамтылған. Ал биылғы жылы құны 10,3 млрд теңгені құрайтын 14 инвес­тициялық жобаны іске асыру ар­қылы 271 жаңа жұмыс орындарын құру көзделуде. Оның ішінде, құс шаруашылығын дамыту мақса­тында қуаттылығы 3 500 және 1 500 тонналық екі құс фабрикасы, ха­лықаралық стандартқа сай сапалы ет өнімдерін өндіретін қуаттылығы 5000 тонналық ет өңдеу комби­наты, тауарлы сүт фермасын жаң­ғырту, мал бордақылау алаңын құру сынды тың жобалар бар. Негізінен 2025 жылға дейін өңір­де жалпы құны 56,2 млрд тең­гені құрайтын тағы 42 жобаны іске асыру жоспарланған. Соның нәти­жесінде 975 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы