Елорданы азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етеді
Елорданы азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етеді
425
оқылды
Ақмола облысының 130 кәсіпорны елорданы ауыл шаруашылығы өнім­дерімен қамтамасыз етеді. Елорда­ның іргесіндегі ауылдарда кәсіп­орын­дар өз өнімдерін өңір тұрғындары мен астаналықтарға үздіксіз сауда­лай­тын болған. Бұл туралы облыс әкімі Ермек Маржық­паев мәлім етті. Елорданы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында құрылған 300 шақырымдық аумақтағы азық-түлік белдеуіне өңірдің 20 ауданы кіреді.
«Қазіргі уақытта ауыл шаруа­шылығы өнімдерін елордаға жеткізумен өңірдің 130 кәсіпорны айналысады. Олар бас қаланың 44 ірі сауда орнына ауыл шаруа­шылығы өнімдерін жеткізеді. Мұнымен қоса, өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз өнімдерін тікелей сататын Aqmol дүкендері желісі де жұмыс істейді», – деді Ақмола облыс әкімі Ермек Маржықпаев.
Өңір алдағы бірнеше жылда 18,3 миллиард теңгенің 48 маңыз­ды инвестициялық жобасын жүзеге асыруды жоспарлаған. Биыл 266 миллиард теңгенің 16 жобасы жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Бұланды ауданында өсімдік майын өндіретін кәсіпорын, Атбасар ауданында көкөніс өсіретін жылыжай, сондай-ақ сүт, ет және ұн өнімдері тауарларын өндіретін кәсіпорындар іске қосылады. Мұнымен қоса 5,5 мың тонна бекіре және бақтақ тұқымды балық өсіру де жоспарда бар. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, облыстағы ауыл шаруа­шылығы саласында қолға алған ауқымды шаралар елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлесін қосады. Айта кетейік, тек жыл басынан бері елорда базарларына Ақмола облысынан 62 мың тонна сүт, 14 мың тонна ет өнімі мен 105 мил­лион данаға жуық жұ­мырт­қа жеткізілген.

Ақмола облысы