Бақытбек Смағұл: Бұл – әлемде баламасы сирек кездесетін батыл қадам
Бақытбек Смағұл: Бұл – әлемде баламасы сирек кездесетін батыл қадам
967
оқылды
– Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұдан былай Қазақстан Президентті бір мерзімге ғана сайлана алатын болады. Және бұл мерзімді келесі билеушілер қайта қарай алмайды. Өйткені бұл шарт Ата Заңның 91-бабында бекітілген. Ал онда мемлекеттiң тәуелсіздігі, респуб­ликаның және аумақтың тұтастығы, оны басқару нысаны, республика қызметінің түбегейлі принциптері өзгермейді деп нақты жазылған. Алда осыған Президенттің өкілеттігіне қатысты толықтыру да қосылады. Бұл – әлемде баламасы аз батыл қадам. Қазақстанда бұған дейін әлемдегі көптеген ел сияқты Президент 5 жылдан 2 мерзімге сайланып келген. Мемлекет 30 жыл бойы дәл осы модельді ұстанды. Тәуелсіз мемлекетті құрудың бастапқы кезеңінде ол өзін-өзі ақтады да. Қырық құрақ көр­педей, халқы әр ұлыстан тұратын, мемлекет құ­раушы ұлттың үлесі аз, яғни бұқараның бытыраң­қылығы кезінде әрі елдің шекарасы бекітілмеген, мем­лекетті басқару органдары толыққанды қалып­таса қоймаған заманда біздің ел күшті президенттік институтқа сүйенді. Ал қазір ахуал басқаша. Қазағым 70 пайыздан асты. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптас­ты. Биліктің үш тармағы түзіліп, лайықты жұмыс істеуде. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы көптеген келіссөз жүргізіп, жеке кездесіп, АҚШ, Еуропа, Қытай, Түркия елдерінен қазақ елінің мем­лекеттілігін, тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығын қамтамасыз ету және соны кепілдендіру бағытында салмақты уағдаластықтарға келе алды. Оның үстіне, «Қасіретті қаңтар» оқиғаларынан бері жағдай күрт өзгерді: халық демократия жо­лында мемлекетіміздің қарыштап алға қадам бас­қанын талап етіп отыр. Мемлекет басшысы халық үніне құлақ асты, ғаламат бастамасын жариялады. Жасыратыны жоқ, бұл қадамның батылдығы сонша, 7 жылға бір рет қана президент болып сай­лану деген шектеу өзін демократияның белсенді жақ­таушысы санайтын сарапшылар мен азаматтарды да шошытты. «Бұл қалай сонда? Неге сонша қатал? Егер ол тым тамаша лидер болса, оған неге қайта сай­лануға мүмкіндік бермеске?» деп абдырап қалды бірқатары. Егер тұлға президент ретінде шынымен өзін тамаша қырынан көрсетсе, 7 жыл ішінде білікті лидер ретінде барлық әлеуетін жарқырата паш етсе, халықтың сүйіспеншілігіне бөленсе, әлемде зор бе­дел жинаса, ол ары қарай да жерде қалмайды. Кез кел­ген партияны құрып, не өз партиясын ашып, оны билік шыңына жетелесін. Немесе дамыған елдер­дегідей, тек Қазақстанмен шектелмей, жаһан­дық дәрежедегі додаларға түссін, дүниежүзілік ұйымдарды басқарсын. Сөйтіп, қазақ баласы бергі тарихымызда болмаған асуды бағындырсын. Менің ойымша, Қ.Тоқаевтың Қазақстан прези­дентінің елді басқаруын бір мерзіммен доғаруы болашақта қазақ елінен жаһанды билеуге қабілетті ұлы тұлғалардың жетіліп, олардың Қазақстанмен шектелмей, бүкіл әлемге тарап, беделді болуына жол ашады. Сондықтан мұндай батыл қадамнан үркудің еш қажеті жоқ. Кеңес кезінде КСРО басшылары өлген­ше отыратын. Одан ел ұтты ма? Бәріне бағдар болған Америкада бір мерзіммен шектелген президенттер бар. Жаһан құрмет тұтатын АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Уашингтон 1789-1797 жылдары 8 жыл ғана ел басқарды. Одан соң Джон Адамс – 4 жыл, Томас Джефферсон – 7 жыл, Джеймс Мэдисон – 8 жыл, Джеймс Монро – 8 жыл, Джон Куинси Адамс – 4 жыл, Эндрю Джексон – 7 жыл, Мартин Ван Бюрен – 4 жыл, Авраам Линкольн 4 жыл президент болған. Олардың әрқайсысы өз мем­лекетінің тарихында қалды, АҚШ-ты дамытты. Ешқайсысы 5 жылдан екі рет сайланамын деп жағаласпаған. Уақыты келгенде заңға мойынсұнған. Қ.Тоқаевтың осы бастамасы ең алдымен Қа­зақстан лидерлерінің бойында осындай жаңа саяси мәдениетті баулиды. Сондықтан мен бүгін осы бастаманы қолдап, дауыс бердім. Парламент құптаған заңнамалық түзетулер ар­қылы Конституцияға енгізіліп отырған өзгерістерге сәйкес, енді алдағы Президенттердің барлығы екі мерзімнен он жылға емес, бір мерзімнен жеті жылға сайланады. Биліктің жаңа әрі әділетті тепе-теңдігін орнататын бұл өзгеріс іс басындағы Президентімізге да қатысты. Мерзімінен бұрын сайлау өткізу арқылы оның жалпы өкілеттілігі қысқарды. Президентті бір мерзімге сайлау – демокра­тиямыздың дамуына қуатты серпін беретін батыл бастама. Соның арқасында 20 жылда 3 Президент сайланады. Бірнеше ұрпақ буынның бір Прези­денттен басқаны танымайтын автократия жойылды.