TikTokкерді магнитше тартады
TikTokкерді магнитше тартады
453
оқылды
Астанада TikTok контент дайындауға арналған жалғыз студия бар. Ондағы бір-біріне ұқсамайтын қызылды-жасылды тақырыптық бөлмелерде тиктокерлер видеосын да түсіріп, нетворкинг да құрып, өзара тәжірибе де алмасады. Шеңберлі лампа дейсің бе, софтбокс, хромакей, реквизиттік костюм дейсің бе – қысқасы, мұнда түсірілімге керектінің бәрін табасың: фронт-камерасы жақсы смартфоның мен тиктокерге тән энтузиазмың болса жеткілікті. Студияны осы қаланың Целиноград кезінен бергі тұрғыны Айнұр Жағыпарова биылғы шілдеде ашқан екен.
«Астананы жастар қаласына ай­нал­дыру үшін мұнда оларды қызық­тыратын тартымды орындар көп болуы керек қой. TikTok трендтегі құбылыс бо­лып тұр. Алматыда студия тұрмақ, тұ­тас TikTok хаустар бар. Оларда адамдар кәдімгідей қонып, өмір сүреді. Сонда контент жа­сайды, шығармашылықтарын дамытады, идеясы мықты өзге заман­дас­тарымен танысады, кейбіреулері бұдан ақшалай пайда да табады. Тамаша емес пе? Хаус болмаса да, тым болмағанда студия аш­қым келді. Сөйтіп былтыр қыста Esil университетімен хабарласып, идеямды айттым. Келіссөздерден соң, олар маған 254 шаршы метр алаңды TikTok студияға айналдыруыма рұқсат берді», – дейді ол.
Студия әртүрлі тақырыптық мо­дульдерге (контент түсірілетін бөлмелер осылай аталады екен) бөлінген: Shine зонасының қабырғасы көк және сары түсті жылтыр пердемен безендірілсе, Anime модулі жапон мультипликациясы стилінде жасалған. Бұл бөлмелерде тиктокерлер көбіне билерді түсіреді. Ал қызғылт қабырғалы Candy bar зонасы аспаздық тақырыптағы контент әзірлеуге арналса, Beauty Salon модулі мейкап пен шаш әрлеу туралы видеоларды түсіруге қолайлы. Nature зонасының аспан түстес қабырғасына декоративті күн, бұлт, тау және құстар жапсырылған. Мұнда эко-трендтер жайлы контент түсірілетін болар деп топшыладым. Бұл модуль­дер­ден басқа, студияда Angel, Barbie зона­лары да бар. Кішкентай фэшн-блогер­лерге таптырмас мекен екен деп түйдім. студия Елордалық студент Алмас Жұмабаев оқу жылы басталғалы бері TikTok студияға жиі келеді.
«Мен Esil университетінде Ақпарат­тық жүйелер мамандығының 2-курсында оқимын. Былтыр бұл жер жай ғана чил-зона (chill zone – демалуға, тынығуға арналған жайлы орын) болатын, биыл оқуға келсек, TikTok контент түсіруге арналған бөлмелерге айналыпты. Өзім TikTok-ты 2020 жылдан бері қолданамын. Былтырдан бастап әр­түр­лі трендтегі би­лерді, стрит би­лерді би­леп, өз каналыма жүктей бастадым», – дейді бозбала.
Әзірге Алмастың жазылушысы көп емес, бірақ ол әйгілі тиктокер атану үшін емес, арнаны хобби ретінде ашқанын айтады. Оның пікірінше, TikTok адамдарға көштен қалмай, өзіңді әлемдік ағынның бір бөлшегі ретінде сезінуге тамаша мүмкіндік береді.
«Ондағы алгоритм өте ыңғайлы. Саған тек өзіңе ұнайтын тақырыптағы контент шығады. Оны көріп шығу үшін көп уақыт та қажет емес. Көбіне 15 секундқа дейінгі видеолар жақсы қаралатыны да сондықтан. Бірде менің биім де ойда-жоқта TikTok-та таралып кеткен еді. Жалпы, видео танымал болу үшін, біріншіден, оның сапасы күшті болуы керек, екіншіден, аудионың ырғағы мен қимылы бір-біріне сай болуы қажет», – дейді Алмас.
TikTok студия Бұл студияға миллион жазылушысы бар астаналық тиктокерлер де жиі бас сұғады. Мәселен, солардың бірі әпкелі-інілі Жанкерім мен Байжігіт осында біраз контент түсіріп жүр.
«Бұл студия ашылғанға дейін қалада TikTok түсіретін зоналарды табуда қи­налатын едік. Тақырыптық зоналардың көбі балаларға арналмаған, шулы, я болмаса өте қымбат. Видео түсіруге артқы фонның әдемі болуы жеткіліксіз. Бала өзін барынша еркін сезінуі үшін айналасындағы ат­мосфера да соған ың­ғайлы жағдай жа­сап тұрғаны жақ­сы», – дейді кіш­кентай бло­гер­лердің про­дю­сері Әмина Қадыл­бек­қызы.
TikTok-та бүгінде тек мектеп оқу­шылары емес, салмақты ірі компаниялар мен ресми мекемелер де аккаунт ашып, танымал болуға ұмтылуда. Платформа аз ғана уақыттың ішінде нендей сиқырмен миллиондаған аудиторияны баурап алды дерсіз.
«Біріншіден, оның басты интерфейсі «рекомендациялар таспасынан» тұрады. Мұнда адам әрқашан өзі жазылмаған парақшалардың жаңа контентін көреді. Ал миға үнемі жаңа ақпаратпен танысып отыру ұнайды. Екіншіден, платформаның «рекомендациялар механизмі» өте мықты. TikTok-та небәрі екі апта отырып, белсенділік танытып, лайк қойып, пікір жазып, өзіңізге қызықты блогерлерге жазылсаңыз, таспаңыз сіздің қызы­ғушылығыңызға тез-тез бейімделіп, қызықты контентке толады. Үшіншіден, мұнда видеотүсірілім оңай жасалады. TikTok-тың өзінің ішінде видеоредактор, түріңізді әдемі ететін фильтрлер мен небір ерекше эффектілер, субтитрлер – бәрі-бәрі бар», – дейді диджитал медиа саласының маманы Абзал Қабылбек.
Қысқасы, осы мүмкіндіктерді пай­даланып, біздің жасөспірімдер де өз­дерінің жұртқа ұсына алар дүниесін цифрлық өнім түрінде беріп жатыр. TikTok – соған қолайлы алаң ғана.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ