«Студенттер қатарына қабылдау» салтанатты кеші өтті
«Студенттер қатарына қабылдау» салтанатты кеші өтті
974
оқылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс білімгерлерін «Студенттер қатарына қабылдау» салтанатты кеші өтті. Әл-Фараби ескерткіші алдындағы алаңда өткен шараға Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, белгілі ғалымдар, жазушылар, қазақстандық эстрада жұлдыздары, блогерлер, университет оқытушылары мен студенттер қатысты. Дәстүрлі мереке бірінші курс студенттерінің шеруінен басталды. Университет табалдырығын жаңадан аттаған жастар алаңда әсем ән құшағында шерулетті. Кейін салтанатты шараға жиналған 5000 адам Әнұранды жанды дауыста орындады. Одан кейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бірінші курс студенттері мен қонақтарға арнап құттықтау сөз сөйледі. Жастарды өмірдегі айтулы күнмен құттықтай отырып, университеттің қазіргі жетістіктерімен бөлісті.
«Бүгінгі таңда ҚазҰУ әлемдік рейтингтегі көшбасшы оқу орындарының қатарына кіреді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл алғаш рет университетке келіп, оқытушылармен және білім алушы жастармен кездесіп, университетті дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS WUR әлемдік рейтингінде 150-орынға көтерілді. Жақында Үкімет қаулысымен ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді. Мемлекет басшысының қолдауымен биыл Түркияның Ыстамбұл қаласында және Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте ҚазҰУ филиалдары ашылды. Сонымен қатар ҚазҰУ-да ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылды»,- деп атап өтті оқу ордасының басшысы Ж. Түймебаев.
Биылғы салтанатты рәсім форматы дәстүрлі кілт беруден өзгеше, жаңа технологияларды пайдалана отырып жүзеге асты. Бірінші курс студенттері сахнадан дербес QR-кодын сканерлеп, ерекше сәтке атсалысты. Шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнада «Ұлытау» этно-рок тобы, танымал әнші Гүлнұр Оразымбетова, танымал жастар орындаушысы MALIKA YES, «Меломен» тобы және өзге де эстрада жұлдыздары әннен шашу шашты.