Ұлттық арна – ұлттың айнасы
Ұлттық арна – ұлттың айнасы
856
оқылды
Апта соңында «Қазақстан» телекорпорациясы жаңа маусымын ашты. Биыл құрамына төрт республикалық арна мен төрт радио, 14 аймақтық телеарна және 23 интернет порталы кіретін медиақұрылымның көрермендерге ұсынатын тартуы көп. Шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, БАҚ өкілдері, телевизия ардагерлері мен медиаменеджерлер қатысты.
Маусымашарды алғысөзімен ашқан телерадиокорпорацияның Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай жаңа мау­сымдағы жобалармен таныстырып, алдағы жоспарларын айтып берді. Оның айтуынша, осы маусымда да арна ұжымы талғампаз көрерменнің көңілінен шығу керектігін басты мақсат етіп отыр. Сол үшін сұранысқа ие әрі брендке айналған ең қызықты жобалар жалғасын таппақ. Сүйінші жаңалықтар да жоқ емес. «Тек қазақ тілінде ақпарат тарата отырып, нарықта бәсекеге қабілетті бола алды, бұған рейтингтік көрсеткіштер дәлел. Ендігі межеміз – Qazaqstan деген брендті одан әрі танымал ету, шетелдік нарыққа шығу. Қазір Qazaqstan телеарнасының диджитал нұсқасын шығардық. Qazaqstan OTT каналы шетелдерде үздіксіз көрсетіліп тұр. Яғни, диджиталдағы көшбасшылығымыз бұл бағытта да жалғасып отыр. Жақын уақыттарда шетелдегі көрермен үшін, шетелдегі қандастарымыз үшін дәстүрлі эфирлік нұсқамызды шығарамыз. Жақында ұлттық арна эфирі Қырғызстанда тарала бастайды», – деді Басқарма төрайымы.
TNS Central Asia зерттеу компания­сының дерегінше, арнаның аудитория­дағы үлесі соңғы үш жылмен салыстыр­ғанда 70 пайызға өсті. Ал қазақтілді аудитория бойынша өсу көрсеткіші – 80 пайыз және барлық отандық арналар ішінде алғашқы орында тұр. Осылай деген ол Qazaqstan арнасы «Өмір көркем», «Нартәуекел», «Тіршілік» бағдарламалары мен «Qazaqstan дауысы» телешоуы жаңа маусымын бастайтынын жеткізді. Сонымен бірге тікелей эфирдегі Aqparat, «Ашық алаң», «1001 түн», «Жедел желі» жобалары жаңаша форматта жалғасын табады. Ал Balapan телеарнасы биыл 209 сериядан тұратын 11 анимациялық жоба өндірсе, кішкентай көрермендердің зияткерлік сайысына құрылған «Білім бәйгесі», «Ең мықты», «Кім тапқыр?!», «Байқа, балақай!», «Күмбір live» бағдарламалары эфирге шығады. «Abai tv» телеарнасынан жаңа маусымда «Мұра», «Бірегей», «Би әлемі» және «Поэзия қағанаты» бағдарламалары да экранға жол тартады. Бұл орайда Qazsport телеарнасының да тартуы жетерлік. Арна ұжымы барлық спорт түрлері бойынша тікелей транслияциялар көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Жаңа маусымдағы басты жаңалықтардың бірі телерадиокорпорация биыл 171 сериядан тұратын 15 отандық телехикая түсірді. Оның ішінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Міржақып Дулатұлы мен Мағжан Жұмабаевқа, күйші Дина Нүрпейісоваға, академик, тарихшы-этнограф Әлкей Марғұлан мен түркі әлеміне ортақ аңыз тұлға Қорқыт ата тұлғасына арналған тарихи бағыттағы 5 туынды бар. «Қазақ радиосы, «Шалқар», Astana және Classic радиолары жалпы саны 105 бағдарламаны жаңаша бағытта жалғас­тырады.