Той – қазақтың ұлттық бренді
Той – қазақтың ұлттық бренді
© коллаж: Әсел Балтақызы
1,497
оқылды
Уақыт өткен сайын заман талабына сай қазақтың салт-дәстүрі де түрленіп жатыр. Әсіресе, қазақ тойла­рын­дағы әдет-ғұрыптың транс­фор­мацияға ұшырап жатқа­нын байқап жүрміз. Салт-дәстүрлер кейбір өңірде қаймағы бұзылмай сақ­талса да, енді бір аймақ­тарда ұмыт болған. Осыған орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті профес­соры, этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаевамен сұхбаттастық. – Бұрын қыз өз үйінен күндіз ұзатылса, қазір қай аймақты алып қарасақ та қызды мейрамханадан түнгі 12-ге дейін ұзататын болды. Бұл қайдан шыққан дәстүр? – Түнгі 12-де қыз ұзату дәстүр емес. Бұл қазіргі кезеңдегі заманауи техноло­гиялардың келуімен, ур­банизацияның, инновацияның, технологияның әсерімен салт-дәстүрдің трансформациялануынан, қалалық өмірге бейімделуден, той­дың өтетін «дәстүрлі қазақ ауы­лы­нан» тойха­наларға ауысуынан туын­даған жағдай. Яғни, дәстүрдің қоғам өзгерісіне қарай өзгеріске ұшырауы. Қазақтың дәстүрлі салтында қыз ұзату тойы 2-3 күнге со­зылып, қыз­дың өз босағасынан ұзаты­луы – күннің жоғарыға көтерілу уақыты (шамамен сағат 10.00). Күннің көте­ріліп, биіктеуі қыздың жаңа өмірге қадам басуымен бірдей симво­ли­калық мәнге ие болған. Қыз алыс жолға, жақын ауылға ұзатылса да таңертеңнен түске дейінгі аралықта қызды ұзатқан. Қазір қазақ жерінде, таңертең өз үйінен шығарып салу дәстүрін Маңғыстау, Атырау өңір­лері, күндіз үйден ұзатуды ішінара Сырдың төменгі ағысы, Арал бойы сақтап қалған. Біз кеңестік заманда қыз ұзату то­йынан толығымен болмаса да, ішінара ажырап қалдық. Ол кезде бірін-бірі ұнатқан жастың өзара келісіп немесе қашып кетіп бас қо­суы басым болды. Бұл үрдістің туын­­дауына отызыншы жыл­дардағы ашаршылық, соғыс, репрессия да әсер етті. Жалпы, қиын-қыстау, жау­гер­шілік, соғыс кезеңінде қыз ұзату, келін түсіру той және алыс-беріс кәде-кәумет жасамай, екі жас­ты батамен қосып отыр­ған. Той – қазақтың ұлттық бренді. Ойын-той дәстүрлері тарихи дәуір­лердің ауысына қарай өзгеріске ұшырап отырған. Тарихи дәуірдің ауысуымен бірге келген өзгеріс­тер­дің басымы осы қыз ұзату тойынан көрінеді. Кеңестік дәуірдегі «үзіліс» әсе­рінен қыз ұзату тойына тән бірқатар дәстүрді жойып алдық. Олардың қа­та­рында «Қыз қашар» немесе «Қыз тартыс» жастар ойыны, «Ау жар», «Аушадияр» атты отбасы­лық, фольклорлық тұрмыс-салт жы­ры, қыз ұзату тойында қыз әкесі­нің неке қиюды ұйымдастыруы, неке қиғаннан кейін қыздың жең­геле­рі­мен «көрісуі», ұзатылар қыз­дың өзі­нің сыңсу айтуы сияқты дәстүр­ле­ріміз бар. «Жар-жар», «Ау жар» не­месе «Жар-жар-ау» әні қыз бен жі­гіттің айтысы сияқты өткен. Мысалы: «Қара насар, қара насар, Қара мақпал сәукеле, шашын басар, жар-жар-ау! Мұнда әкем қалды деп, қам жемегін, жар-жар-ау! Жақсы болса, қайын атаң орын басар, жар-жар-ау!», – деген сияқты жолдар­дан тұрып, ұзатылып бара жатқан қызға ­ақыл-кеңес түрінде айтылған. «Жар-жар» әнін ұзатылар алдында қыздың өз жұртын қимай елжіреп отырған жүрегін басқысы келген өнерлі жігіт бастаған. Айтыс түрінде орындалатын жауаптасу өлеңінде қыздар жағы оң жақта еркелеген қыз ғұмырының өтіп бара жатқанын, туған жері мен ағайын туысын қимайтынын айтып жыр қозғайды. Жігіттер жағы: «Жақсы болсаң қайын атаң онда да бар, жар-жар-ау, Бір толарсақ бір тобық санда да бар жар-жар ау, Сан кісінің ақылы ханда да бар жар-жар ау! Үйде шешем қалды деп қам жемеші жар-жар-ау, Жақсы болсаң қайын енең онда да бар жар-жар-ау!» – деп жалғай жөнеледі. Қыз ұзату тойының аяқталар сәтінде қызды аттандырар алдында ғибрат, өсиет ретінде айтылатын «Аушадияр» әнін от­басылық ғұрыптан жоғалтып алдық. «Аушадияр бір болар, Жаманның көңілі кір болар. Ата-анасын сыйлаған, Ақ салмалы би болар. Аушадияр екі дер, Бойжеткенің осы дер. Әдеп-иба, ар-ұят, Қыз баланың көркі дер...» – деп шу­мақтар тек ақыл-кеңеспен жал­ғасады. Қазақтың қыз ұзату, келін түсіру то­йында түбегейлі өзгеріске енгені – «той­бас­тар». Тойбастар – тойдың басында айтылатын жыр-ән болған. Бұрын тойға ат терлетіп келген ақын-жырау, серілер суырып салып тойға арнап жыр айтқан, яғни тойды жырмен бастаған. Бұл күні «тойбастар» деп тойдың соңында қо­нақтарға таратылатын сыйды, яғни бір затты көріп жүрміз. Той аяқтағанда келген зат, қалай той­бастар болады, ол керісінше тойдан тобықтай» немесе «тойдан сарқыт» деп аталуы керек шығар. «Неке қию» да өзгеріске түскен. Ба­йырғы неке қию туралы жазба деректер де баршылық. Дәстүрлі қазақ қоғамында «неке қию» қыз ұзату тойының ажырамас бір бөлігі болған, қыз әкесі молда ша­қыртып, неке қидыртқан. Абайға Ділданы ұзатқанда, Ділданың әкесі Алшын­байдың неке қиюды ұйымдастыруы, неке қиюдан кейінгі жеңгелердің орамал арқылы «қол ұстатар» ғұр­пын жасатуы «Абай жолы» рома­нында керемет суреттелген. Қыз Жібектің әкесі Сырлыбайдың елін­де «Төлеген мен Қыз Жібектің» некесі қиыл­ған. Неке қиюды қыз әкесінің ұзату то­йында жасауының ең басты себебі – қыздың әкесінің ризашылығын, батасын алуы. Қазақ молдалары құдандалы екі жақ ара­сында «қалыңмал», «киіт», «ша­пан» сияқты кәде-сый жүргендіктен, «маһр» сұратпаған. Тек жаугершілік заманда «кәде-сыйсыз» батамен қосылған, ол кезде де «маһр» сұрал­маған. «Ырзасың ба», «келісесің бе» сөзіне жауапты куәгерлер айтатын «куә жыры» арқылы сұраған. Қа­лыңдық тіпті «ырзамын, келісемін» деп жауап беруді дауыстап та айт­паған. Ба­сын, көзін төмен салуы келіскені саналған. Неке қию «неке суымен», «дұғамен» бе­кітілген. Не­кеаяқ ыдыстағы неке суына күміс теңгелер, күміс сақиналар салынған, ол күмістерді қатысушылар ырым­дап бөліп алған. Неке суына тұз, қант қосыл­ған. Неке суын садақтың ұшымен ара­ластырған, ол садақты жерге шаншыған. Некеаяқ ыдысын ақ орамалмен жапқан. Бұл атри­буттардың әрқайсысы үлкен мәнге ие. Қазіргі біз куә болып жүрген неке қиюда қалыңдықтың дауыстап «маһр» айтуы, яғни сыйлық сұрауы бұран «қазақ этикетіне», «қалыңдық этикетіне» жат еді. Ал екі жастың сақина алмасуы кеңестік дәуірмен келген «қызыл дәстүр», солтүстіктік көршілерімізден өзіміз қабылдап алғанбыз... Кеңестік саясат кезінде қазақ жерінде «қыз ұзату» тойы, «алып қашып үйлену» әрекетіне ауысты да, біз, яғни жергілікті қа­зақ­тар «қыз әкесінің неке қиюды ұйымдастыру» ғұр­пынан мүлдем ажырап қалдық... Осы­лайша, бізде «неке қию» жігіт жақ рәсіміне ауыс­ты. Ал алыс шетелде тұратын қан­дастарымыз, мысалы Түркия, Иран, Қытай қазақтары «қыз әкесінің батасымен, қыз әкесінің ұйымдас­тыруымен неке қиылуын» сақтап отыр. Тәттігүл Қартаева той ұлттық бренд – Жаңа түскен келіннің бетін қазір домбырамен емес, әнмен ашу сәнге айналды. Бұл дұрыс па? – Дәстүрлі қазақ қоғамында беташар жыры домбырамен айтылған. Беташар рәсіміне келін түсірген кісі жыршы, әнші, сал-серілерді арнайы тапсырыспен шақырған. Олар әр беташарда өлеңді жанынан суырып салып та айтқан. Суы­рыпсалма ақындар келінге ата-енесінің, қайнағасы мен жеңгелерінің келбетіне қарай түрлі қалжың қосып сипаттаған. Беташар қайын атасы мен қайын ағалары­ның мырзалығына сын болған. Бета­шар­шыға риза болған қайын атасы ат мінгізіп, шапан жауып жіберген екен. Ал сәлем алған ене, абысын­дардың мақтауын келтірген жыр­шыға қолындағы білезік, сақинасын шешіп берген, орамал тастаған. Беташар жыры аяқталған соң келін­нің жүзін көрсету үшін жаулығын ашуда да айырма бар. Оңтүстік, Сыр-Арал, батыс өңірінде сол әу­леттің жасы үлкен қария анасы жас келіннің басындағы жаулығын ашып, маңдайынан сүйеді. «Келін­нің бетін кім ашса, сол ыстық» деген халық танымы келіннің басына жаулық салған үлкен ененің құр­метіне айтылған. Жетісу, шығыс, оңтүстік-шығыс, солтүстікте бета­шар жыры айтылып болғаннан кейін бет ашатын асаба жігіт қо­лындағы домбы­раның сабымен келіннің бетіндегі жабулы шәліні көтеріп бе­руді әдетке айналдырып алған. «Ке­ліннің бетін кім ашса, сол ыстық» және «келіннің бетін домбырамен ашу» деген халық қағидасын тікелей өздеріне қабылдап алған. Біреудің әйел етіп алып отырған жарын, жаңа түскен жас келіннің жаулы­ғын басқа ер адамның көтеруі, келіннің жүзін халық алдында басқа ер адам­ның көруі – қазақы этикетке жат. «Келіннің бетін домбырамен ашу» деген беташар жырының домбы­рамен сүйемелденуі, яғни келіннің жаулығын ашып беру деген емес. Той – тәрбие орталығы. Сондықтан асабалар салт-дәстүріміздің тарихын, беташардың түпкі мәніне назар аударуы керек. Той иесінен тапсырыс алған асаба өз ісін жауапкершілікпен атқаруы керек. Қазір беташар да трансфор­мацияланып кетті. Беташарда сәлем алған кісі ақша салу әдетке айналды. Суырып салып бет ашудан көрі асабаның бағдарламасындағы жаттанды әнге салып ашу етек алды. – Қазақтың қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүрді жақсы сақтаған жері деп ОҚО, Қызылорда облысы мен Маңғыстау облыстарын айтамыз. Осылай бола тұра, үш аймақ келінде­рінің сәлем салуы үш түрлі. Ал Сол­түстік пен Шығыс Қазақстанның ке­­ліндері сәлем салмайды. Неге бұл дәс­түр әрбір өңірде әртүрлі сақталған? – Сәлем салу – қазақ жерінің оңтүстігі мен батысында әлі күнге дейін жалғасын тауып, қаймағы бұзылмай келе жатқан дәстүрдің бірі. Сәлем салу дәстүрінің екі түрі қалыптасқан, бірі – келіндердің өзінің күйеуінің үлкен ағайын­да­рына, екіншісі – қазақтардың үлкен асы ет тамақтан соң «табақ алу» кезінде атқарылады. Келіннің «сәлем салу» дәстүрі «бета­шардан» басталады. Беташарда күйеуінің ет жақын туыстарының әрқайсысына арнау өлең айтылған соң беті ашылып жатқан келін де, қолтықтап тұрған келін­дер де иіліп сәлем салады. Келіннің беті ашы­лып, босаға аттаған күннен бастап, келін күйеуінің ағайындарына көр­ген кезде екі қолын алдына бір-біріне айқастырып қойып «сәлем бердік», – деп дауыстап, өзі иіледі. Күйеуінің ағайындары жол-жөне­кей кездескен күнде де осылай сә­лем салады. Үлкендер келіннің сә­ле­міне «көп жаса», «бақытты бол» деп жауап қай­тарады. Бұл дәстүр келіндердің күйеуінің ағайын­да­рына деген ізеттілігін білдіреді. Қазақ жерінің батысында, Сыр-Арал бойында сақталып отырған сәлем салу «табақ алу» кезінде атқа­рылады. Ет тамақ тартылған үлкен астан соң дастарқан басында отыр­ған адамның үлкені табақты ұсынғанда келін үнсіз сәлем салып барып алуы тиіс, келіндер дәстүр бойынша ет тамақ желініп болғанын сезген бойда табақ алуға дайын тұрады. Үлкен жиын-тойда, ас, құдайы тамақ берілгенде тартылған табақтың санына қарай ауыл келін­дері бірінен соң бірі тізіліп тұрып, әрқайсысы табақ аларда иіліп сәлем салады. Табақ алу рәсімі отбасында қонақ келмей-ақ өздері отырып, ет тамақ жеген соң да келін ата-енесіне сәлем салып табақ алады. Бұл ет тамақты қазақтың үлкен асы деп санап, табақ басында отырған үл­кендерге және шаңыраққа деген құрмет­тен туындаған. Табақ алған келіндерге де бата беріледі. Келіннің әр сәлемі батамен қай­тады. Бата алумен бірге келін өсіп-өркендейді. Сәлем салудың астарында өсіп-өну идеясы жатыр. Қызылорда, Түркістан облыстарында келіндер сәлем салғанда екі қолын кеудесіне қойып иіледі. Ал батыста келіндер оң тізесін бүгіп, қолын соның үстіне қояды. Бұл сәлемім оңынан болсын деген мағынадан туындаған. Ислам­да да, қазақ дәстүрінде де барлық істі адам оңы­нан бастайды. Киім киген кезде де оңы­нан киеді, боса­ғаны да оң аяқпен аттайды. Әр өңір­­дің салтында аймақтық ерек­шелік бар. Бұл жеріміздің үлкен болуымен, өңірлердің бір-бірінен алшақ болуымен байланысты. Бұ­рын сәлем салу барлық өңірде бол­ған. Қазақ жерінің солтүстік, шы­ғыс, оңтүстік-шығысында сақтал­ма­уы кеңестік дәуірдің келуі әсер еткен. – Келіндердің ат тергеу салты да ұмыт қала бастағандай. Қазір ат тергеудің не екенін білмейтін қыздар бар. Жалпы, бұл дәстүр уақыт өте келе ескіруі мүмкін бе? – Қазақы дәстүр бойынша келіндер күйеуінің туыстарын өз атымен атамай, жанама аттармен атауы керек. Келін атты негізінен өзі ойлап тапқан, кейде өзінен үлкен, өзінен бұрын түскен келін қандай ат қойса, кіші келін де солай атаған. Бұл қазақ келіндерінің кү­йеуінің туыстарына деген ізеттілік белгісі саналды. Күйеуінің туыс­тарының аты бар сөздерді де айту әдепсіздік болып саналады. Қазақ қыздары қалыңдық кезінде де әдет сақтап күйеуінің ағайындарын (қа­йын жұртын) және оның барлық аталасын, некелесуге болатынға дейінгі туыстарын тек балама аты­мен атаған. Күйеуінен үлкен барлық ағайын-туыс ерлерді әйелдер «қа­йын аға» десе, ер адам қайын атасымен құрдас немесе одан үлкен болса, онда келін өзінің қайын атасы сияқты «ата» деп атаған; егер ер адам күйеуінен біраз жас үлкен, бірақ қайын атасынан жас болса, онда келін оны көпше түрде «би ағалар» деп атаған. Атасының үлкен ұлын, яғни күйеуінен жас бойынша үлкенін «мырза аға»; одан кейінгісін «ортаншы аға» деп, туысқан қай­нағаларын атқаратын қызметіне қарай «ауылнай мырза аға», «би қа­йын аға» деген. Қайныларын жа­сына қарай «ортаншым»; кенже ұлын «кішкенем», еншіге берген қайнысын «еншілес» деп атаған. Күйеуінен үлкен «қайын ағала­ры­ның» ұлдарын да атымен атамай, оларға «төрем», «аппағым», «ақ жар­қын», «айдарлым», «шырақ­жан», «бөпежан» деген аттар берген. Күйеуінен үлкен әйел адамдарды, келін «шешей» деп, енесінен жасы үлкен әйелдерді келін өзі­нің енесі сияқты «ене» деп атаған; күйе­уінен үлкендердің үлкен, ортаншы, кіші қыздарына «бикеш», «ортаншы қыз», «кішкене қыз» деп немесе түр-сыйпатына қарай «шырайлым», «сұлуым», «ботакөз», «көз жақсым», «қара көз», «айдарлым» деп ат қойған; күйеуінің үлкен қыз апасын келін «апа» деген; отбасының кенже ба­ласын келін ұл болса «кенжем», «кен­жетай», «кенже бала», қыз болса «кенже қыз» деп атаған. Егер жас келін түскен үйдің қайын атасы тірі болмаса, қайын атасының өзінен кейінгі інісін «ата», ал егер қайын енесі тірі болмаса, қайын атасының өзінен кейінгі інісінің әйелін «ене» деген. Егер қайын ата­сы да оның інілері де тірі болмаса, онда күйеуінің үлкен ағасын «ата» деген. Егер осы атал­ғандардың ешқайсысының әйелі тірі болмаса, жас келін күйеуінің үлкен ағасының әйелін «ене» атаған. –Бұрынырақта келін күйеуінің де атын тура атамаған екен. Құрдастарын ше? –Әйелі күйеуінің де атын атамай «отағасы», «мырзам» деп атайды немесе өзінің бір бала­сының атымен «Әйкеннің көкесі» немесе атқаратын қоғамдық қыз­ме­тімен «мұрап», «ру басы», «елу ба­сы», «біздің үйдің кісісі» деп атаған. Әйел күйеуінің құрдастарын «құр­дас», ал күйеуінің аттастарын «ат­тас» деп атайды. Қазақ әйелдері қалжыңы жарасатын қайныларын, құрдастарын кейде ерекше белгісіне қарай бадырақкөз, семіз, төрт­бақ, торпақ, айыр сақал, төрт сақал, көк­көз, сақау, қалқанқұлақ, тазша, ақын, жыр­шы, домбырашы, шешен деп атаған. Келіндер үшін атауға болмайтын адам атына, сол адам­ның сыртқы келбетіне ұқсас немесе мінез-құлқына ұқсас бөтен адамның аты берілетін жағдай да кездеседі. Егер келіннің үлкен баласы күйеуі­нің ата-анасының тірі кезінде туса, онда оны өз атымен ата­май, мысалы, «кенже бала, бөпежан» деп жанама атымен атаған. Әдепті келін, тіпті күйеуінің інісінің әйелі өзінен бұрын келін болып түссе және ата­сын немесе енесін тірі кезінде көрсе, егер өзі түскенде олар тірі болмаса, онда оның да атын атамаған. Бұндай жағдайда оның өз атының орнына «келіншек» деп атау қолданылады. Келін­дер сондай-ақ туыс болмаса да біреудің аты күйе­уінің ағайынымен аттас болса, оны «атам аттас», «қай­наға аттас», «мыр­за аға аттас» деген. Өз аттары орнына келіндердің бер­ген жанама аттарына олар өлгенше ие болады. Тіпті, өз аты ұмытылып, ауыл адам­дары да оны келіндер қойған атпен атап кеткен жағдайлар болған. Келіндердің «ат тергеу» дәстүрі қазір Сыр-Арал ай­мағында жақсы сақталған. – Сұхбатыңызға рақмет!