Абайды жапон аудиториясына таныстырғанымды мақтан етемін – Жанар Нұртөлеу

Абайды жапон аудиториясына таныстырғанымды мақтан етемін – Жанар Нұртөлеу

Жанар Нұртөлеу – жасушалы биология саласын зерттеп жүрген жас ғалым. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін «Биотехнология», Жапонияның Токай университетін «Өндірістік химия» мамандығы бойынша тәмамдап, магистр ғылыми дәрежесін алып шыққан. Ол қазақ, орыс, ағылшын және жапон тілдерін жетік меңгерген. Ғылым мен шығармашылықты қоса алып жүрген Жанар – Абай Құнанбайұлының қара сөздерін жапон тіліне аударған аудармашылардың бірі. – Жанар, сізге Абайды жапон тіліне аудару идеясы қайдан келді? – Қазақ әдебиетінің биігінде тұрған хакім Абайдың қара сөздері жапон тіліне ұлы ақынның 175 жылдығына орай Ұлттық аударма бюросының тапсырысымен жапон аудиториясы үшін аударылды. Ұсыныс Қазақстан бойынша жапон тілін меңгерген мамандарға түсті. Сол себепті Абайдың қара сөздерін аударуға аудармашылар тобы болып кірістік. Сол топтың қатарындағы аудармашының бірі болып Абайды жапондарға танытуға үлес қосқанымды мақтан етемін. – Мұндай дүниелерді аударатын аудармашыларға қандай да бір талап қойыла ма? – Аудармашылар тілді меңгеру деңгейіне қарай іріктелді. Мәселен, жапон тілін меңгерудің бірнеше деңгейі бар. «Ноуреку Шикен» деп аталатын тесттің ең жоғары N1 деңгейінің болуына жапон тілінде ауызша-жазбаша аудармаларды жасау бойынша тәжірибемнің болуы аудармашылар тобына қосылуыма септігін тигізді. Абайды аударудан талай адам жүрек­сін­ді. Сонда да болса бұл жобаны өзімді жаңа бір белеске жетелейтін мүмкіндік ретінде қабылдап, іске кірістім. Хакім еңбектері қазақ тілінен жапонша аударылғаннан кейін, әрі қарай мәтінді қазақ тілін меңгерген жапон мамандары редакциялады. Кейін жапон тілінің лингвист мамандары егжей-тегжейлі тексеріп шықты. Осындай кешенді жұмыс нәтижесінде жапондар дана Абайдың шығармаларымен танысты. – Ұлы ақынның қандай еңбектері жапон тіліне аударылды? – Абайдың 45 қара сөзі толықтай және кейбір өлеңдері жапон тіліне аударылды. Менің өзім хакімнің 10 қара сөзін аудардым. Кейіннен Жапониядағы Қазақстан елшілігінің ұйымдастыруымен аударманың тұсаукесер рәсіміне орай ауқымды шара өтті. Оған Жапонияның беделді саясаткерлері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Бұл рәсімде «Көзімнің қарасы» әні де жапонша шырқалды. Сонымен қоса, Токио қаласының орталық кітапханасында қазақ ойшылына арналған иллюстрациялық кітап көрмесі ашылды. – Абайды басқа тілге аудара отырып, қандай ой түйдіңіз? – Абайдың қара сөздері тұңғиық энциклопедия екен. Мектепте хакімнің қара сөздерін сол кездегі деңгейіме сай түсінсек, ал қазір оның мағынасы тіптен терең екенін түсіне бастадым. Абайдың қара сөздері даналықтан бөлек қазақтың сол кездегі тұрмыс тіршілігі туралы да көп сыр шертеді. Арада 100 жылдан көп уақыт өтсе де, хакім баяндаған олқылық­тардан әлі де арыла алмай келе жатқанымыз қынжылтады. – Жапон тілін қайдан үйрендіңіз? – Жапон тіліне қызығушылық мектепте оқып жүргенде пайда болды. Туған жерім – Семей қаласындағы ядролық полигонды зерттеуге көп жапон ғалымы келетін. Апайым осы институтта жұмыс істегенде жапондармен бірге жобаларға қатысқан еді. Жоба аясында Жапонияның Хиросима қаласына 1 айлық ғылыми тағылымдамадан өтіп келді. Ол кісі Жапониядан келген соң, сол жақтың тұрмыс-тіршілігі, университет пен ғылым саласындағы зерттеулер туралы тәжірибесімен көптеп бөлісті. Сол әңгімелер мені жапон тілін оқуға итермеледі. Осылайша, 11-сынып оқып жүрген кезімде жапон тілін өз бетімше оқи бастадым. Бірақ тілдің ерекшеліктерін ескере отырып, өз бетімен оқуға қиын соғатын тілдердің қатарына жатқызатын едім. Жапон тілін Астанада оқып жүргенімде Қазақстан-Жапон адам ресурстарын дамыту орталығында жүріп меңгердім. Ешқандай қиындыққа қарамастан 4 жыл бойы жапон тілі курсынан қол үзбедім. – Жапонияға оқуға қалай түстіңіз? Жастар тілімен айтқанда, шет елге оқуға түсудің лайфхактарымен бөлісе кетсеңіз? – 11-сыныптан кейін Жапон елшілігінің стипендиясына құжат тапсырып көрдім, емтихандары өте күрделі болды. Ол стипендиямен бакалаврға түсетін үміткерлер Қазақстаннан өте аз екенін білемін. Білім беру жүйелері қатты өзгешеленетіндіктен жалпы орта мектептен ол стипендия арқылы түсу қиынға соғады. Кейін бакалаврдың 2-курсында оқып жүргенде «Болашақ» стипендиясына құжат тапсырдым. Ол кезде де өтпедім. Университет бітіріп, мамандығым бойынша біраз білім жинаған соң магистратураға құжат тапсырдым. Жолым болып оқуға түстім. – Мектепте оқытылатындықтан ағылшын тілін меңгеру қиын емес деп жатады. Ал жапон тілін үйренуде қандай да бір қиындық бар ма? – Жапон тілін үйренудегі ең қиыны– иероглифтерді ажырата білу. Газет, журнал, кітаптарды оқу үшін шамамен 2000 иероглифті танығаныңыз жөн. Бір иероглиф бірнеше түрлі оқылады. Өзіне де­йінгі немесе кейінгі иероглифке байланысты оқылуы өзгеретін кездер болады. Бірақ әр иероглифтің өз жазылу тарихы және ассоциациясы бар. Ассоциация арқылы оқу процесті қызықты етіп, есте сақтауды тездетеді. – Сырт қарағанда қазақ пен жапон менталитеті арасында жақындық бар сияқты көрінеді. Шынымен солай ма? – Расында жапон бізге жақын халық. Одан бөлек, жапондар арасында ата-тектері Алтай жақтан Жапонияға қоныстанғандардан бастау алады деген сенім де бар. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты қасиеттеріміз де ұқсайды. Жалпы жапондардан әлі де болса үйренеріміз көп. Жапондар бір істі бастаса сол істің шебері болмайынша, қыр-сырын білмейінше, дамуын тоқтатпайды. Сол себепті, олардың қай жұмысты болмасын үлкен жауапкершілікпен орындайтынын көруге болады.

Сұхбаттасқан Баян ЖАНҰЗАҚОВА