Жаңа тұлғаларды қалыптастырады – Жанарбек Әшімжанов
Жаңа тұлғаларды қалыптастырады – Жанарбек Әшімжанов
314
оқылды
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында Президент мандатын қайта сайлау құқығынсыз, 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ұсыныс айтты. Президентті бір мерзімге сайлау – көш бастайтын жаңа тұлғаларды қалыптастыру жолындағы нақты қадам. Президенттік өкілеттіктің жалпы мерзімі екі мерзімнен бір мер­зімге, яғни 10 жылдан 7 жылға дейін қысқарады. Бұл биліктің жаңа және әділ тепе-теңдігін орнатады. Мемлекет басшысы бүкіл саяси жүйені өзгертуді өзінен бастап отыр. Соған байланысты мем­лекеттік құрылымдағы реформалар жаңа ережелер бойынша жүр­гізіледі. Аталмыш өзгеріс әділетті Қазақстанның болашағына жол ашар құ­қықтық норма! Бұл норма ел тізгінін ұстар жаңа саясаткерлер мен жаңа саяси лидерлердің, сондай-ақ беті ашық, жүзі жарық, ары мен алақаны таза, елмен етене араласа жұмыс істейтін, халықты тың­дататын, өзі де тыңдай білетін жаңа буынның келуіне мүмкіндік береді. Құқықтық демократияның бұл үлгісі жаңа саяси тұлғалардың жоғары лауазымды билікке қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Хакім Абайдың сөзімен айтқанда, «еңбегін сатып» ел тізгінін ұстар ұста­ны­мы берік жастар саясат аренасына шығады. Бұл – елдің ішін алатайдай бүлдіріп, көш соңында «үрит-соқтап» жүретін емес, керісінше, әр салада көш бастайтын жаңа тұлғаларды қалыптастыру жолындағы нақты қадам болмақ. Аталған өзгерістер барлық саяси жүйенің жаңа тәртіп бойынша жаңаруына бастайтын жол. Президенттік мерзімнің бірреттік қана болуы Конституцияның жаңа ережелерінің өзгермейтіндігін белгілеумен қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының Конс­титуциясы 91-бабының 2-тармағында белгіленген мемле­кеттің тәуелсіздігінен, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтас­тығынан, оны басқару нысанынан басқа, қайта сайлау құқығынсыз бірреттік 7 жылдық президенттік мерзім туралы жаңа норма қосылады, ол тиісінше Конституцияның өзгермейтін принциптері болып қалады.