АЭС салудың әбігері қашан бітпек?
АЭС салудың әбігері қашан бітпек?
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
618
оқылды
Алдағы 10 жылдың ішінде еліміз атом электр станcасын салмақ. Себебі Қазақстанда энергия тапшылығы қатты сезіле бастады. Бұрынғыдай көмір жағып, энергия өндіру өткеннің ісіне айналды. 1,4 млн тонна уран қорына ие мемлекетіміз осы мәселені шешу үшін АЭС салуы тиіс. Дегенмен бұл істе түйіні тарқамаған жайттар да бар. Құрылысқа кімдер қатысады?
Таяуда «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстандағы 16 жаңа ба­сым инвестициялық жобаның ті­зімін ұсынды. Олардың ішінде 2032 жылға дейін АЭС салу да бар. Бұл жайында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді. «Негізгі жоба – еліміздің оңтүстігінде базалық қуат көзін салу жобасы. Болжам­дық-энергетикалық теңгерім 2032 жылға қарай қуаты 2 400 мегаватқа дейінгі атом стансасын салу қажет екенін көрсетті. Сондықтан Үкі­мет­тің жетекшілігімен қор осы жо­баны іске асыруға кірісті», – деді ол.
Сәтқалиевтің айтуынша, ­атал­ған жоба халықаралық ин­вестор­лар тобының көмегімен жүзеге асырылмақ екен. Олар «ең озық технологияларды» қолдану жағын қарастырмақ. «Самұрық-Қазына» басшысының сөзіне қарағанда, ресейлік «Росатом», қытайлық CNNC (China National Nuclear Corporation), кореялық KHNP (Korea Hydro & Nuclear Power) компаниясы, француздың EDF (Électricité de France) ком­панияларының ұсыныстары қа­ралады. Әрқайсысының артық­шылықтары мен кемшіліктері бар, халықаралық жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі жеткілікті. Бірақ қор басшылығы аталған компаниялардың бәрін ысырып тастап, ресейлік «Росатомға» иек артуы мүмкін секілді. Неге? Екі жылдан бері Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанда «ре­сейлік технология» бойынша АЭС салу туралы ұсыныс айтып келеді. Бұл ақпарат қоғамда ірі резонанс тудырғаны да есте. Содан соң DEMOSCOPE қоғамдық пі­кірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қа­зақстан азаматтары арасында «Қа­зақстандықтардың АЭС құрылысы туралы пікірі» тақырыбында са­уалнама жүргізді. 1 100 адам қа­тыс­қан сауалнамада азаматтардың 55 пайызы қарсылық білдірген. Ал былтыр желтоқсанда «Самұрық-Қазына» «Росатоммен» келіссөз жү­ріп жатқанын растаған. Сон­дық­тан секем алуымыз негізсіз емес. Биыл маусымда Энергетика министрі Болат Ақшолақов АЭС Алматы облысындағы Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылында са­лынатынын айтқан болатын. Бол­жам бойынша, жоба құрылысына 5 миллиард доллар жұмсалуы мүм­кін болған. Дегенмен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес кәсіп­орны «Қазақстан атом электр стан­салары» АЭС-тің екі реак­торының құрылысына 10-12 млрд доллар жұмсалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Алдын ала есептеулер бойынша, Қазақстанда әрқайсы­сының қуаты 1,4 мың МВт болатын 2 реакторлы АЭС салу керек. АЭС-ті пайдалану мерзімін 60 жылдан 100 жылға дейін ұзарту мүмкіндігін қарастырған. «Росатомның» құрығы ұзарды Сарапшылар «қауіпсіздігіне кепілдік жоқ» дейтін «Росатом» әлемнің біраз елінде ықпалды. Қазір энергия тұтынуының өсу жылдамдығы бойынша әлемде Қытайдан кейінгі екінші орында тұрған Түркияның өзі мемле­кет­тердің энергетика сұранысын қам­тамасыз етіп отырған мұнай, та­биғи газ, көмір қорының қарқынды түрде азаюы энергия ресурстарын түрлендіруге себеп болып отыр­ғанын мойындады. Енді Ресейдің «Росатом» компаниясы Түркияның Жерорта жағалауындағы Мерсин провинциясында 2018 жылдан бері АЭС салып жатыр. Екі ел арасын­дағы ортақ келісім 2010 жылы жа­салған еді. Бүгінде 4 блоктан тұратын стансаның негізі қаланған алғашқы блогының құны – 20 миллиард доллар. Ресей президенті бұл жобаның барлық сала бойынша орыс-түрік қатынасын дамытып, достық пен өзара түсінісуді арт­ты­ратынын мәлімдеді. Түркия пре­зи­денті АЭС-тің алғашқы блогы 2023 жылы іске қосылатынын жеткізді. Бұл ретте энергия көздерін сатып алушы ел саналатын Түркия өзінің ресурстары жеткіліксіз болған­дықтан және энергетика нары­ғындағы баға ұдайы өсіп отыратын­дықтан, сыртқа тәуелді. Сондықтан да балама энергия ресурсына мойынсұнуға мәжбүр. Алайда қол қойылған келісімшарт хатта­ма­сын­дағы «Жоба компаниясы электрмен қоса АЭС-тің меншік иесі болып саналады» деген сөздің өзі Ресейдің Түркия территория­сында өндірген электр энергиясын өзі қалаған мекемеге немесе мемлекетке сату бойынша шешім қабылдаушы жалғыз ел екенін көрсетеді. Түркияға енді шегінерге жол жоқ. Өйткені АЭС салу туралы ше­шімінен бас тартатынын хабар­лаған Болгарияға Ресей 1 миллиард еуро көлеміндегі сот талабын жі­берген болатын. Сондай-ақ 2012 жылы Владимир Путиннің Біш­кек­ке сапары аясында Қамбар-ата ГЭС-1 мен Жоғарғы-Нарын сар­қырамасы ГЭС құрылысы туралы келісім жасалған. Ал 2015 жылдың соңына қарай Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев күрделі эконо­микалық жағдайда Ресей станса­ның құрылысы бойынша өз мін­деттемелерін орындай алмайды деп мәлімдеп, 2019 жылы келісімнің күшін жойды. Сонда да Ресей бір­ден жобаның негізгі мердігері «Рус­гидро» екенін алға тартып, Жо­ғар­ғы-Нарын сарқырамасы ГЭС нысаны құрылысының сметасына сәйкес, Қырғыз Республикасына 37 миллион долларды талап еткен есеп-қисапты жібере қойған еді. Сондай-ақ Өзбекстанды жы­лы­на 55 миллиард текше метр газбен қамтамасыз етіп отырған ең ірі Газли кен орнының сарқылып бара жатқаны айтылды. Сол себепті ол елге де Ресей тарапынан АЭС-тің газды ішкі тұтыну көлемін азай­тып, оны экспортқа шығаруға және еркін айырбасталатын валюта қорын көбейтуге мүмкіндік бере­тіні ескертілді. Содан кейін өзбек билігі де АЭС салу туралы шешімді шұғыл қабылдады... Қоғамды күдік жайлады
Бар мәселе энергия тапшылы­ғынан басталып тұр. Мысалы, Қа­зақстанда өндірілетін электр энер­гиясының 70 пайызға жуығы көмір электр стансаларының үлесінде. Кеңес Одағы кезінде салынған Екі­бастұздағы ГРЭС-1, ГРЭС-2 және Ақсу ГРЭС сияқты ірі кешендер көмірмен жұмыс істейді. Олардан атмосфераны ластайтын заттардың көп бөлінеді. Ал Дүниежүзілік банк­тен бастап көптеген үлкен қаржы орталығы көмірмен жұмыс істейтін стансаларды қаржы­лан­дыруды тоқтатып жатыр. Оған қоса, салық пен айыппұл көлемі де артқан. Ал өзінің органикалық отыны жоқ Франция, Белгия, Швеция, Жапония, Оңтүстік Ко­рея, Финляндияда атом стансала­ры­ның электр энергиясын өнді­руші негізгі көзге айналып, энерге­тикалық тұрақтылық пен табысты экономикалық дамуды қамтамасыз етіп отырғаны рас. Бұл ретте са­рапшылар көмірдің жаһандық қо­ры 270 жылға дейін, мұнай 50 жыл­ға дейін, газ 70 жылға дейін же­тетінін болжаған. Ал АЭС-ке пайдаланылатын 5 718 400 тонна уран қоры 2 500 жылға дейін же­тетін көрінеді. Әлемдегі уран қоры ең көп ел – Аустралия десек, одан кейінгі орындарда Қазақстан, Ресей және Канада тұр. Сондықтан бізге бәрібір атом электр стансасын салуға тура келетін сияқты. Оның үстіне, Қазақстанда уран таблет­ка­лары мен жылу бөлуші элементтер өндірісі жолға қойылғандықтан, өзіміз өндіріп жатқан отынды өз игілігімізге пайдалану қажеттігі де жиі айтылып жүр. Дегенмен қоға­мымыздың қорқынышы басым. Вла­димир Школьник «Қазатом­өнер­кәсіпті» басқарып тұрған ке­зінде «Бірқатар елдер қалай бол­ған­да да, атом энергетикасына мұқ­таж еке­нін түсінді. Сауд Ара­биясы 2030 жылға қарай 16 атом реакторын тұр­­ғызбақ. Франция да АЭС қыз­метін ұзартуды шешті. АҚШ соңғы 30 жылдан бері алғаш рет екі атом стансасының құры­лысына рұқсат берді. Өкінішке қарай, біздің қоғам атом энерге­ти­касын қабылдауға әлі дайын емес», – деген еді. Сала бойынша сарап­шы Қаз­бек Бейсебаев бұл тұста ескеруіміз керек көп дүние барын айтады. Ол: «Соңғы уақытта бізде сон­ша көп энергия тұтына қояды деген ешбір алып өндіріс іске қосылған жоқ. «Бәленің бәрі майнингтен келіп отыр», – дейді мамандар. Қа­зақ­станда біреулер отырып алып, майнинг үшін электр қуатын аяу­сыз тұтынып жатыр. Қазақ­стан­ның электр жарығын аждаһадай жұтып жатқандардың мұны билік­тің келісімінсіз жасап отырғанына да ешкім сенбейді. Көлеңкелі май­нинг Қазақстанда өздігінен пайда болуы мүмкін емес. Өзіміздің мол энергиямыз бола тұра, соған зар болып, оны да сырттан аламыз. Бізде цифрландыру жүріп жатыр, бұл жағдайда электр энергиясы аса маңызды стратегиялық ресурсқа айналады» деген пікірде.
Енді әр нәрсенің артықшы­лы­ғымен қоса кемшілігі де болатынын ескерсек, АЭС салу үшін өте көп қаржы мен су керек болады. Станса маңында ураннан үлкен көлемдегі қалдықтар қалады. Оны сақтау үшін жер астында инфрақұрылым болуы қажет. АЭС-те төтенше жағ­дай өте аз кездеседі дегенмен, апат бола қалған жағдайда оның алдын алу мен радиацияны жою мүмкін емес... Қалай десек те, өнеркәсіп пен халықтың электр қуаты қажеттілігін қанағаттандыру үшін әлемде әзірге атом энергетикасына балама жоқ. Қо­рыта айтқанда, әзір­ге іске жауап­тылар қай елдің компа­ния­сын таң­дағаны белгісіз. Мемлекет үшін ең бастысы қауіп­сіздік жағы бол­ғандықтан, ма­ман­дар егжей-тег­жей­лі зерттеу жүргізіп барып жұ­мыс­қа кіріскенін қалай­тынымыз сөзсіз.