Тоналмаған көне қорым табылды
Тоналмаған көне қорым табылды
2,511
оқылды
Қарағанды облысының Сарыбел ауданынан көне қорым табылды. Тарихи қорғанды ғалымдар жоспарлы дала жұмыстары кезінде анықтаған. Қорымнан табылған әйел адамның қаңқасы мен оның қолайнасы қорымның сақ дәуіріне тиесілі екенін айғақтап отыр. Археологтер табылған қаңқаның шамамен 17-20 жасар қызға тиесілі екенін айтады. Жақсы сақталған мүрденің жанынан қолаайна мен маржандар да шыққан. Қаңқаның анатомиялық бүтіндігі мен қолайнаның сол қалпы сақталғаны ғалымдардың таңданысын туғызып отыр. Өйткені әдетте мұндай қазбалар тоналған болып шығады екен. – Сақ дәуірінің қорғаны мен Түркі дәуірі қорғанының қатар жатқаны – ұрпақ сабақтастығы, бір-біріне жалғасып келе жатқан қазақтың тарихы. Бірақ ол – бірінші далалық визуалды тұжырымдар. Қалғанын толық зерттеп, басқа қорғандармен салыстырған соң нақты тұжырымы шығады, – дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Төлеуов. қорым Ал облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ержан Ермағамбетов әзірге табылған қолайнаға көбірек назар аударудың дұрыстығын айтады. «Адам қаңқасы әлі толық зерттеуді талап етеді. Ол туралы зерттеулер аяқталған соң толық айтқан жөн. Біз облыстық музей қызметкерлері 2008 жылдан бері аймақта қазба жұмыстарын жүргізіп келеміз. Түрлі жәдігер таптық. Бұл – сақ дәуіріне тиесілі қыз баланың қаңқасы мен қолаайна Сарыбел ауданында табылған өте құнды жәдігер. Бір таңғалатыны айна сол қалпында өте жақсы сақталған. Бірде-бір ақау не шірік түспеген. Жерастында 2500 жылдан астам уақыт жатса да түк болмаған. Бұл не деген шеберлік? Сақ дәуіріндегі қолөнердің қандай деңгейде болғанын пайымдай беріңіз. Және мұндай қымбат бұйымымен жерленген қыз бала да тегін адам емес. Осындай айнаны белгілі ғалым Арман Бейсенов ағамыз Ақтоғай өңірінен де тапқан еді. Сонда Қарқаралы, Ақтоғай, Сарыбел аудандары аумағында сақтар көшіп-қонып жүрген ғой. Мұны мен емес, әлгі табылған қолаайна сияқты құнды жәдігерлер дәлелдеп отыр, – дейді Ержан Нұрланұлы. Аудан орталығынан 20 шақырымдай қашықтықта жатқан тарихи жерді облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары зерттеп жатқанына біраз болған. Археологтер бұл бірнеше өзеннің тоғысқан жері болуы мүмкіндігін айтады. Мал жайып, қоныстануға шұрайлы әрі ыңғайлы. Мұндағы тас белгілер де сол кездегі діни рәсімдерден хабар берсе керек. – Мүрденің жүзі батысқа қаратып жерленген. Қыз мүрдесінің жамбас сүйегі аймағында қола диск тәрізді айна жатты. Ол органикалық қалдықтарға қарағанда былғары корпуста болды. Қылшықтың көмегімен біз сым бұралған  айна екенін көрдік. Айнаның бүйірлері бүгілген, диаметрі 10 см. Қазір дала жұмыстарының жағдайында қасында табылған айнасы Сарматтарға да сай келеді деп айтуға болады. Бірақ  Сарматтар орталық Қазақстан жерін мекендемеген. Сондықтан бұл б.д.д 7-5 ғасырға тән деп айтуға негіз бар. Демек, Сақ дәуірі екені даусыз. Сонымен қатар айна күн түріндегі диск тәрізді, дөңгелек. Кей әріптестер айнаның «шындықты жеткізуші» екенін айтады. Өйткені ол шындықты ғана көрсетеді, – деп атап өтті облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы Дәурен Жүсіпов. Тарихи-мәдени мұраны қорғауға облыс бойынша үш жылдық бағдарлама бар. Бұл жәдігер – соның жемісі. Алдағы уақытта облыстың өзге де жерлері зерттелетінін атап өткен жөн. Шындығында, табылған айна бізге тарихымызды көрсетіп отыр. Сондықтан оны тарихи құнды жәдігер ретінде бағалап, сақтаған дұрыс.