Мюнхендегі екінші күн
Мюнхендегі екінші күн
326
оқылды
Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхендегі жұ­мыс сапарының екінші күнін Кувейттің премьер-министрі шейх Сабах Халид әл-Хамад ас-Сабахпен кездесуден бастады. Бұл күні Қ.Тоқаев Ауғанстан президентімен, халықаралық ұйымдар мен әлемдік ірі ком­паниялар жетекшілерімен кездесті деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. – Біз Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында сенімді серіктеспіз. Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында Ислам ұйымының азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі штаб-пәтері ашылды. Бұл да біздің өзара ықпалдастығымызға тың серпін береді, – деген Мемлекет басшысы  2019 жылғы қаңтарда «Жусан» гуманитарлық операциясын жүзеге асыру кезінде әскери-әуе базасын пайдалану мәселесін шешуге көмектескені үшін Кувейт үкіметіне ризашылық білдірді. Кувейттің премьер-министрі Қазақстанмен байланыстарды нығайтудың перспективасына жоғары баға берді.   Қасым-Жомарт Тоқаев Кувейт премьер-министрін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конферен­ция­сының аясында Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесуспен және Халықаралық Қызыл крест комитетінің президенті Петер Маурермен кездесті. Бұл кездесуде  Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы ықпалдастықтың, соның ішінде коронавирустың таралуына қарсы іс-шаралардың өзекті мәселелері талқыланды. Қазақстан мен Халықаралық Қызыл крест комитеті арасындағы байланыстарды одан әрі нығайту мәселелері қарастырылды.  Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Халықаралық Қызыл крест комитетінің арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Петер Маурерге ІІ дәре­желі «Достық» орденін тапсырды.
Қазақстан Президенті белгілі америкалық сарапшы, Eurasia Group зерттеу және консалтинг компаниясының негізін қалау­шы Ян Бреммермен кездесу өткізіп, өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Ал Ауғанстан президенті Ашраф Ғанимен кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев жақын арада Қазақстанның Ауғанстан бойынша арнайы өкілі лауазымы бекітілетінін айтты.
Қ.Тоқаев Siemens AG компа­ниясының ат­қарушы директоры Джо Кэзер­мен инвестициялық ынтымақ­тастықты нығайтудың перспек­тивасын талқылады. Әңгіме ба­рысында цифрландыру мәселе­леріне баса мән берілді. Кезде­суде Қазақстан Үкіметі мен Siemens AG компаниясы арасын­дағы өзара түсіністік туралы меморандумның маңызды рөл атқаратыны айтылды. Бұл құжат сауда-экономикалық және ин­вестициялық байланыстарды да­мытуға тың серпін береді. Атал­ған меморандумға 14 ақ­панда қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы аясын­да қол қойылған-ды.
Мемлекет басшысы қауіп­сіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының панельдік сессиясында «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме» тақыры­бында сөз сөйледі. Америкалық дипломат, Халықаралық байла­ныстар жөніндегі кеңес прези­денті Ричард Натан Хаас моде­ратор болған іс-шара қызу пі­кірталас форматында өтті. Мем­лекет басшысы өңірдің алатын орны туралы айта келе, Орталық Азияның жаһандық геосаясат­тағы рөлі арта түсетінін атап өтті. Мемлекет басшысы фо­рум­­ға қатысушыларға Қазақ­стан­ның сыртқы саяси басым­дығы және еліміздің Ресеймен, Қы­тай­мен, Еуроодақпен, АҚШ-пен, сондай-ақ Ауғанстанмен өзара қарым-қатынастары ту­ралы әңгімеледі. Өңірдегі қауіпсіздікті қамта­масыз ету мәселесі арнайы та­қырып ретінде талқыланды. Мем­лекет басшысы есірткі тасы­ма­лы­на қарсы күрес жөніндегі ша­ра­ларға, Қазақстанның тер­роризм­ге қарсы іс-қимылдарға қосқан үлесіне, «Жусан», «Руса­фа» опе­­рацияларының қоры­тын­ды­ла­ры­на егжей-тегжейлі тоқталды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысу­шыларға президенттігінің ба­сымдықтары, еліміздегі саяси және экономикалық реформа­лардың негізгі бағыттары туралы айтып берді. Осы ретте Прези­дент экономиканы әртарап­тан­дырудың, инновациялар мен цифрландыруды дамытудың аса маңызды екеніне назар аударды. Сессия соңында Мемлекет басшысы жиынға қатысушы­лардың сұрақтарына жауап берді.