Жайбасарлық жарға жықпасын
Жайбасарлық жарға жықпасын
510
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысындағы кейбір мектептердің жағдайы мәз емес. Апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі әлі күнге дейін шешілмей келеді. Өңірдегі 97 білім ошағы шұғыл түрде күрделі жөндеуді қажет етеді. Он мектеп – апатқа дейінгі, үш мектеп – апатты жағдайда. Жағдайы мүшкіл білім ошақтарының барлығы бірдей шалғай ауылдарда емес, облыс орталығында орналасқандары да бар. Мониторинг нәтижесі мәз емес Солтүстік Қазақстан облыстық Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменті жүргізген мониторинг қорытындысын жариялады. Нәтиже көңіл көншітерліктей емес. Биыл көктемде Аққайың ауданына қарасты Тоқшын мектебінің төбесі құлағалы бері солтүстікқазақстандықтар зәрезап болған. Абырой болғанда, апат кезінде төбесі құлаған мәжіліс залында ешкім болмаған еді. Айта кету керек, төбесі опырылып, ортасына түскен ғимарат ресми түрде апатты деп танылмаған болатын. Онда күрделі жөндеу де өмірі жүргізілмепті. Бұл мақсатқа 144 миллион теңге апаттың қарсаңында ғана бөлінген. Басқа мектептерге мониторинг жүргізген мамандар жағдай аса мәз емес екеніне көз жеткізіп отыр. Облыстағы 3 мектеп – апатты жағдайда, ал 97 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Қауіп төндіріп тұрған білім ордаларының үшеуі де Тайынша ауданында орналасқан. Олар: аудан орталығындағы №1 Тайынша, Вишневка және Драгомиров орта мектептері. Алғашқы екеуінің орнына жаңасының құрылысы басталса, Драгомиров мектебін салуға жобалау-сметалық құжаттама енді ғана әзірленуде. Вишневка ауылының оқушылары он шақырым қашықтықтағы Ясная Полянаға қатынап оқыса, драгомировтік балалар әзірге апатты жағдайдағы мектепте білім алуға мәжбүр. Мұндағы бір кабинеттің қабырғасы құлағалы тұр. «Жаман айтпай жақсы жоқ», алда-жалда апат бола қалса, обалы кімге? Облыстық Білім басқармасындағылар «жобалау-сметалық құжаттама жасалып жатыр, 2023 жылдың екінші тоқсанында құрылыс басталады» деген құрғақ жауаппен ауыз сүртіп отыр. Аудан орталығы Тайынша қаласындағы апатты деп танылған №1 мектептің баспалдағы құлағаннан кейін оқушылар бұрын аудандық атқару комитеті, кейін қазақ мектебі болған ескі ғимаратқа кө­шірілген. Ал қазақ мектебіне 2016 жылы жаңа ғимарат салыныпты.
«Тайынша ауданындағы екі мектептің құрылысы 2023 жылдың үшінші тоқсанында аяқталады. Қазір құрылыс жұмыстары 33-35 пайызға атқарылған», – делінген облыстық Білім басқармасының жауабында. Әзірге шыдай тұрудан басқа амал жоқ.
Жөндеу көрмеген мектеп көп Бұдан басқа, он мектеп шұғыл түрде күрделі жөндеуді қажет етеді. Атап айтқанда, Айыртау ауданындағы Комаровка мектебі тиісті талаптарға мүлдем сәйкес келмейтін бейімделген ғимаратта орналасқан. Ал Уәлиханов ауданындағы Елтай орта мектебінің спорт залы ғимаратқа жапсарлас салынған әрі жұмыс істемейді. Жалпы, Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметі бойынша, өңірдегі 472 білім беру нысанының 85-і немесе 18 пайызы бейімделген ғимараттарда, 387-сі типтік ғимараттарда орналасқан. Тіпті, 2-3 қабатты ғимараттардың бір бөлігін ғана паналап отырған оқушылар да бар. Мәселен, Ақжар ауданындағы Ақсары мектебі үш қабатты ғимараттың бір бөлігінде орналасқан, қалған бөлігі қаңырап бос қалған иесіз ғимарат саналады. Бұл оқушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Күрделі жөндеу жүргізілмегелі 15 жылдың жүзі болыпты. Тайынша ауданындағы Севастополь ауылының 7 оқушысы да осыған ұқсас ғимараттың бір бөлігінде білім алады. мектеп күрделі жөндеу Ауыл мектептерінің арасында жылыту пештері далаға шығарылмағандары да бар. Бейнебақылау камералары полицияға қосылмаған мектептер қаншама?!
«Балалардың білім мекемелерінде болған кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды күшейту қажет. Мәселен, Ақжар ауданында бірде-бір мектептің бейнебақылау жүйесі аумақтық полиция органдарының кезекші бөлімдеріне қосылмаған. Бұл – біліктілік талабына қайшы», – дейді Айнагүл Сұрағанова.
«Техникалық зерттеу актісі жоқ»
«Кірпіштен салынған 302 білім беру ұйымы бар, Аққайың ауданындағы Түмен негізгі мектебі қамыстан салынған. Ағаш­тан жасалған 3 бастауыш мектеп бар», – деді Солтүстік Қазақстан облыстық Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Айнагүл Сұрағанова.
Мағжан Жұмабаев ауданындағы Октябрь, Ақжар ауданындағы Киев, Бестерек, Қарашілік, Бостандық ауылдарының, Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл қазақ гимназиясы, Қызылту орта мектебі шұғыл түрде күрделі жөндеуді қажет етеді. Алайда облыстық Білім басқармасындағылар «бұл мектептер апатты жағдайда деп танылмаған» деп жайбасарлық танытып отыр. Күні кеше төбесі құлаған Тоқшын мектебі де апатты деп танылма­ғаны естен шыға қойған жоқ. Ал шенеу­ніктерге лицензиясы бар кәсіпорындар жүргізген зерттеу қорытындысы керек. Ондай акт әзірге жоқ. Сонымен қатар облыста өткен ғасырдың бірінші жартысында салынған мектептер де бар. Айта кету керек, олардың барлығы бірдей шалғай ауылдарда орналаспаған. Петропавлдың қақ ортасында тұрғандары да бар. Мәселен, солтүстікқазақстандықтар арасында айтарлықтай беделге ие бірінші қалалық жалпы білім беретін IT лицей ғимараты 1936 жылы салынған. Мақтаулы білім ордаларының бірі саналатын бұл мектепке шетелдерден келетін қонақ көп. Ғимарат әбден ескіргендіктен, тым болмаса есік-терезесін ауыстыру қажетілігі туралы мәселе көтеріліп келе жатқалы көп болды. Петропавл қаласындағы №31 орталау мектебі де 1936 жылы салынған. 1952-1958 жылдары бой көтерген 10 мектеп, 1960-1969 жылдары салынған 100 мектеп бар. Білім ордаларының басым бөлігі – 158-і – 1970-1979 жылдары соғылған.
«Жалпы, өңірдегі 271 мектеп, яғни барлық білім ошағының 58 пайызы 1930-1979 жылдары салынған. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар бұл ғимараттарға тұрақты түрде апатты жағдайдың алдын алу мақсатымен мониторинг жасап отырғаны дұрыс. Қажетінше күрделі жөндеу жұмыстарын қаржыландыру да бірінші кезекте болса деген тілегіміз бар», – деді Айнагүл Ағыбайқызы.
Солтүстік Қазақстан облыстық Білім басқармасындағылар «жөндеуді қажет ететін мектептерде тиісті жұмыстар жүргізілуде, бұл ғимараттарды апат алдында деп тану туралы техникалық зерттеу актілері жоқ. Жазғы демалыс кезінде жөндеу жұмыстары жүргізілген» деп отыр. Аталған мектептердің кейбіреуінде күрделі жөндеу жұмыстары келесі жылға жоспарланыпты. Жауапты тұлғалардың жайбасарлығынан ешкім зардап шекпесе болғаны...

Солтүстік Қазақстан облысы