Кешігіп жеткен жүлде – Дәулет Шабанбай
Кешігіп жеткен жүлде – Дәулет Шабанбай
771
оқылды
Осыдан он жыл бұрын Лондонда өткен төртжылдықтың басты бәсекесінің жартылай финалында отандасымыз Дәулет Шабанбай грузин балуаны Давид Модзманавшилиге есе жіберген еді. Жеңіс туын желбіретуге барған жігерлі ұлын қолдап, көгілдір экранның бергі жағында тақымын қысқан миллиондаған жанкүйердің көңілі құлазыды. Дәл сол кезде балуанның бабы келіскенімен, бағы жанбағанын мойындаған едік. Бірақ «бұйырған кетпейді» демекші, араға жылдар салып Олимпиаданың жүлдесі жерлесімізге берілді. Сүйінші хабарды қазақстандықтар үш жыл бұрын естігенімен, спортшыны салтанатты түрде марапаттау рәсімі жақында ғана өтті. Азия чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері атанған еркін күрес шебері 2014 жылғы Азия ойындарының күміс медалін де иеленген. Енді міне, араға жылдар салып, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері қатарынан да көрінді. Қуанышты жаңалығымен құттықтап, спортшы Дәулет Шабанбайды аз-кем әңгімеге тартқан едік. – Олимпиаданың қола жүлдесі Сіздің еншіңізге берілгенін біраз жыл бұрын естіген едік. Марапаттау рәсімі неге кешікті екен? – 2012 жылы Лондондағы Олимпиада ойындарында 120 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі ойынды бесінші орында аяқтаған едім. Алайда 2019 жылы допинг-сынамалар қайта тексеріліп, менімен белдескен грузин балуаны Давид Модзманашвили мен өзбекстандық Артур Таймазов допинг дауына ілікті. Соңы тыйым салынған заттарды қолданғанына байланысты сот шешімімен аяқталды. Сөйтіп, барлық сынақтардан кейін спортшыларды жарыс алаңынан шеттету, олардың Лондондағы Олимпиадада көрсеткен нәтижелерін жою туралы шешім қабылданды. Алдыңғы орындағы екі ойыншы жарыс иелерінің тізімінен шыққан соң менің көрсеткішім жоғары көтеріліп, осылайша ойда жоқта 2021 жылы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанғаным белгілі болды. Жүлдемді былтыр беруі керек еді. Алайда пандемия болды. Артынан ұйымдастырушылар салтанатты марапаттау рәсімін қай жерде істеу керек екенін шеше алмай, басы қатты. Басында жүлдені Қазақстанда тапсыратыны туралы айтқан. Бірақ біздің тарап балуанға марапатты әлемдік жарыстың кезінде, халықтың көз алдында табыстаған жөн екенін жеткізген. Сөйтіп, Сербияның Белград қаласында өткен Әлем чемпионатында қола жүлдемді табыс етті. Айтпақшы, сол байрақты бәсекеде жерлесіміз Азамат Дәулетбеков те қола жүлдені қанжығасына байлады. – Сүйінші хабарды кімнен естідіңіз? – Алғашында бұл жаңалық әлеуметтік желілерде шыққан екен. Достарымның бірі көріп «Жүлделі болуыңмен» деп сүйінші сұрады. Басында сенбедім. Эмоцияға да берілмедім. Өйткені арада біраз жыл өтіп кетті ғой. Сонда да қуанып келіп тұрған досымның көңіліне қарап «жарайды» деп, іштей жеңістің жаңалығы болғанын тіледім. Артынша, бір айдан кейін қуанышты хабарды ресми түрде естіп, қатты қуандым. Сол сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әр қиындықтың артында қуаныш боларына тағы бір көз жеткіздім. Дәулет Шабанбай – Он жыл бұрынғы турнирге кері шегініс жасайықшы... – Жарысты жақсы бастадым. Дайындығым да жоғары еді. Бірақ үшінші кезеңдегі қол алысу сәтінде қолымдағы бар күшті қарсыласым жұлып алғандай күй кештім. Қалай айтсам екен, бойымдағы күш-қуатты өзіне алып кеткендей сезімде тұрдым. Балуанның бабына бағы сай болу үшін дене дайындығы аздық ететінін кейін түсіндім. Қазір ойлап қарасам, кез келген спортшы үшін физикалық дайындықпен бірге рухани күш-қуаты да басым болуы маңызды екен. Біздің балуандарға керегі осы қасиет. «Менен күшті балуан жоқ» деген ойды басынан шығармау қажет. Жаттығу кезінде жарап тұрған жігіттердің бозкілемнің үстінде бабы келмей жататыны сондықтан. Жаттығу кезіндегі күш-қуат жарыс сәтінде де сөніп қалмау үшін спортшыға тәрбие мен тәртіп жетіспейді. Бізде небір мықты спортшылар бар. Бірақ өз-өзін тәртіп пен тәрбиеге тізгіндете алмай, жеңістің жалауын уысынан жіберіп алып жүр. – Сізді соңғы жылы спорт алаңынан көрмей жүрміз... – Екі жыл бойы жеке жұмыстармен жүрдім. Айлық жоқ, тұрақты табыс болмаған соң арасында ауылда да жүрдік. Бірақ спорттан кетпедім. Алдағы уақытта өзімді жаттықтырушы ретінде танытқым келеді. Жақында Мәдениет және спорт министрінің қабылдауында болдым. Сол кездесуде он жыл бұрын өзіме тиесілі болған қаламақымды алатынымды естіп, қуанып қалдым. Тағы бір жаңалық 22 қарашада елордада өтетін фестивальде бозкілемге белдесуге шығамын. Бір-екі күннен кейін дайындығымды бастаймын. – Бізде балуан жоқ емес, бар. Бірақ әлі күнге дейін еркін күрестен Әлем чемпионы жоқ. Өзіңізден кейінгі жастардың арасынан Әлем чемпионына лайықты кімдерді көресіз? – Біздің балуандардың барлығы «Әлем чемпионы» атануға әбден лайық. Рухы мығым болса, кез келген спортшы әлемді бағындырады.