«Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ, барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болуы шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн» деп атап өтті.Ал, ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің өзі де журналистерге берген сұхбатында «мемлекеттік немесе жекеменшік меншік иесіне қарамастан бұдан бұлай ЖОО басшылары өз студенттерін жатақханамен қамтамасыз етпесе, мамандықтар ашуға лицензия берілмейді», деп ашық айтты. Шымкент қаласындағы академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің құрылтайшылары осынау мәселелерге дер кезінде үн қосып, заман талабына сай 289 орындық «Студенттер үйін» тұрғызды. Бұл игі іс студент жастарымызға университет тарапынан жасалған керемет сый болды. Аумағы 10.256,2 шаршы метрді алып жатқан 6 қабатты жаңа жатақхана 81 бөлмеден тұрады. Студенттер үшін барлық жағдайы жасалып, соңғы үлгідегі талаптарға сай салынған жатақхананың 2,4 және 6 орындық бөлмелері бар. Студенттер үйі бейне-бақылау камерасымен, Wi-Fi арқылы ақысыз жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтылған. 50 орындық асханасы, 2 жаттығу залы, кітапхана, студенттер жұмыс істейтін 2 бөлме, спорт алаңы, 71 жуынатын бөлмесі, медициналық бөлме және мүмкіндігі шектеулі азаматттарға арналған жолақ қарастырылған. Жатақхананың сыртқы алаңы да жастар үшін демалатын орындықтармен қамтылып, жасыл желектермен және арнайы гүлзарлармен көкалдандырылған. Бүгінде университет жатақханасында оқу орнының студенттері мен магистранттары орналысып, жайлы да, ыңғайлы бөлмелерде тұрып жатыр. Еліміздегі жеке меншік оқу орындары арасында мұндай заманауи үлгіде салынған жатақхана әзірге санаулы ғана. Білімге құштарлығы жоғары жастарымыздың сапалы білім алуына оқу орындары мүмкіндігінше барлық жағдай жасауы тиіс деп ойлаймын. Өйткені, ізденімпаз жастар талғамы жоғары болғандықтан ешбір кедергісіз сапалы білім алғысы келеді және олардың әлеуметтік мәселелері де толық шешілуі керек. Бүгінде біздің оқу ордамызда осылайша студенттеріміздің сапалы білім алуларына барлық жағдайлар қарастырылып отыр. Енді Мемлекет басшысы атап өткендей оқу орындары құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін енгізуді жеделдетсе осынау мәселе біртіндеп шешімін тауып қалар.
Бердіқұл САДЫҚОВ,
Академик Ә. Қуатбеков атындағы
Халықтар достығы университетінің тәрбие
және әлеуметтк істер жөніндегі проректоры.