Сұлтанов, сауда көшін түзеткен жөн!
Сұлтанов, сауда көшін түзеткен жөн!
272
оқылды
Адамзат пен әлемді ілгері сүйреуші қай сала? Қазақ «алдың – ұттың, саттың – жұттың» деп бірауыз сөзбен түйген сауда секторы. Сауданың дүниежүзілік ЖІӨ-дегі үлесі бақандай – 58,6%. Айтпақшы, «мен – державамын!» деп кеуде қағатын ел көп. Бірақ оның шын мәніндегі жаһандық рөлін сауда-саттықтағы үлесінен байқауға болады: АҚШ – 17%, Қытай – 11%, Германия – 7%, Ресей небәрі – 1,7%. Ал Қазақстанның үлесі – 0,13%.  

Көк түріктен қалған мұра

Сауда саласы ежелден мемлекеттегі және эко­номикадағы ахуалды айқындаған. Көк түрік баба тарихынан білетініміз, Алтайды мекендеген теле-тірек тайпасы V–VI ғасырда өзгеден бұрын металл құю индустриясын озық меңгереді. Шикізатты терең өңдеу арқылы одан әртүрлі бұйымдар жасап, алыс-жақын жұртқа сатып әбден байыған. Оның үстіне темірден қару-жарақ жасап, мұздай қаруланады. Ақыры өзі боданы болған жужандарды (Жуаньжуань) талқандап, 552 жылы Бумын қаған сол кездегі пла­нетамыздағы ірі империяның бірі Түрік қағанатын құрды. Кейін қазақ жері арқылы өткен Ұлы Жібек жолы қалаларымыздың дәуірлеуіне мүмкіндік берді. Тарихымызда жазылғандай, атақты шаһарлардың жойылуына моңғол шапқыншылығы кесірінен керуен жолдарының жабылуы себепкер болды. Қазіргі Қазақстанда да сауда секторы – басты бір драйвер, ескіше айтқанда, экономика локомотиві. Республикада ол құрылыстан кейінгі екінші жетекші сала. Салыстырсақ, саудагерлер қолынан 1 жылда мемлекеттік бюджеттің бүкіл шығысынан 3 еседей көп ақша өтеді. «Кейінгі жылдары ішкі тауар айналымының тұрақты өсуі бай­қалады. Құрылыс саласымен қатар сауда да экономиканы дамытуға ең үлкен серпін береді. Бұл ретте ол көлік, өнеркәсіп және ауыл ша­руа­шылығын басып озды. 2019 жыл­дың қорытындысында бөлшек және көтерме сауда көлемі 10,6%-ға өсіп, 37,5 триллион теңгені құ­рады», – деп мәлім етті Сауда және интеграция министрлігі. Соның ішінде былтыр бөлшек сауда көлемі 11 триллион 345,7 млрд теңге болды. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 12,9% артық. Ал көтерме сауда көлемі 26 трил­лион 127 млрд теңгеге жетті. Бөлшек сауданың жалпы кө­леміндегі ең үлкен үлеске Алматы қаласы ие – сауда-саттықтың 31,3%-ы Алатау бөктеріндегі ша­һарда жүреді. Одан кейінгі орын­дарға Нұр-Сұлтан қаласы (11,6%), Шығыс Қазақстан облысы (8,8%) және Қарағанды облысы (8,7%) жайғасты. Дағдарыс қыспаққа алса да, жұртшылықты девальвация дің­келетсе де, сауда тегершігі еш тоқтаған емес, көрігі барған сайын қызып, тек өркендеп келеді.  

Алпауыттар жерсінбейтін мекен

Өзге елдермен салыстыра қа­расақ, бізде қызықты бір жайт бар. Қазақстан – ұсақ саудагерлер елі екен. Ұлттық экономика минис­тр­лігінің Статистика комитетінің мә­ліметінше, көтерме сауданың құрылымы негізінен, алыпсатарлар өзара «средне-мелкий опт» деп атай­­тын орта және шағын көтерме саудадан тұрады. Оның барлық кө­терме сауда көлеміндегі енші­сі – 87,3%! Рас, Кең март, Metro Cash&Carry, Magnum және басқа да ірі гипермаркеттерге бас сұқ­саңыз, касса алдында ұзынсонар кезек түзіп, құжынаған адамды көресіз. Дегенмен, зерттеушілерге сенсек, нағыз клиент тасқыны басқа бағытпен ағындауда. Маркетингтік өлшеу-бағалау жүргізуге маманданған жаһандық аса ірі  тәуелсіз фирма – Амери­каның Nielsen компаниясының зерттеуі көрсеткендей, Қазақ­станда халықтың ең жиі бас сұға­тын жері – тұрғын үй кешеніндегі немесе үй жанындағы дүкен (мага­зины у дома): оған 17,8% тиесілі. Екінші орында – супермаркет­тер. Гипермаркеттер тек үшінші орын­да – 3,7%. Онысы базарлармен теңдес – 3,6%. Қазақстанда барлық сауда орындарының жалпы санындағы кішкентай дүкендердің жалпы үлес салмағы – 38%. Даладағы ашық базарлар үлесі – 18%, орташа дүкендер – 15%, дәріханалар – 11%, дүңгіршектер – 6%, косме­тика және иіссу-парфюм дүкенде­рі – 5%. Ірі гипер және супермар­кеттер үлес саны – бар-жоғы 3%. Олар негізінен, ірі қалаларда ғана жұмыс істейді.  

Дамыған елдер беталысы бөлек

Дүниежүзіндегі аудиторлық компаниялардың «үлкен төртті­гіне» кіретін, ал мамандарының саны жөнінен алдына қара салмайтын Deloitte дерегінше, бүгінде әлемдегі бөлшек саудада ірі желілік ритейлер рөлі артып ке­леді. Олар басты ойыншы ретінде өткізу нарықтарын бақылауға алып жатыр. Делойттың «2019 жылғы әлем­дік бөлшек сауда секторы» атты есебіне жүгінсек, 250 аса ірі жаһан­дық ритейлердің айналымы бұ­рын-соңды болмаған 4,53 трил­лион долларға жеткен. Бұлардың жиынтықты сауда айналымының ауқымы жыл өткен сайын артып барады. Демек, бұл салада алда сарапшылар миллиардер емес, триллионер компаниялар туралы әңгіме қозғауы әбден мүмкін. «Тауарды Walmart-тан алуға тырысамын, өйткені ол жеткізу­шілерді әрдайым ең төменгі ба­ғамен әкелуге мәжбүрлейді. Аме­рика­лықтар осындай ритейлерді керемет жақсы көреді. Онда ак­ция­лар күн сайын жүреді. Тіпті, бренд киімдерді Уолмарттан әлдеқайда арзанға табуға болады. АҚШ-та осы­ның арқасында қым­батшылық жоқ», – дейді Құрама Штаттарда оқи­тын қазақ студенті Әнуар Әділбек. Аса ірі ритейлерлер – АҚШ, Германия және Франция компа­ниялары. Өйткені осы елдердің бөлшек сауда бизнесін үздіксіз дамытудағы тәжірибесі терең әрі мол. Нәтижесінде, дамыған ел­дерде бөлшек нарықта ритейли­зация деңгейі орташа есеппен 80%-ды құрайды. Бұл үрдіс Еуразиялық одақтың екі мемлекетінде жоғары қарқын­мен ілгері басуда: Ресейде – 69%, Беларусьте 61% межесін бағын­дырды. Euromonitor International хабарлауынша, Австрияда зама­науи форматтағы сауда орында­рының үлесі 86%, дәстүрлі формат­тағысы – 14%. Францияда да, Оңтүстік Кореяда да бұл көрсеткіш тиісінше 81% және 19%. Қазақ­станда заманауи түрінің үлесі – 31%, дәстүрлісі – 69%. Заманауи форматтағы дегені – интернет-сауда, «сатушысыз кас­салар», BigData және басқа да заманауи озық технологияларды енгізген сауда желілері. Ал базар, үй жанындағы дүкен, дүңгіршек секілді дәстүрлі форматтағы сауда орындарында еңбек өнімділігі төмен, жоғары технологиялардан жұрдай. Үкімет онда басқа түгіл, тіпті қарапайым кассалық аппа­ратты енгізе алмай әуре. Бүгінде отандық нарыққа кіруге ресейлік «Аникс», X5 Retail Group, Дикси, француздың «Carrefour», БАӘ-нің MAF Group және басқасы әзірленіп жатыр. Әйтсе де, сарапшылардың байламынша, өзіңдікін өсірмесең, шетелдік сау­да желілерінің келуі тек импорттың артуына соқтырады. Астанада Метро ашылғанда сондай болған. Себебі ірі халықаралық ритейлерге шетелдік өндірушілердің жеткі­зілімі жолға қойылған, ұзақмер­зімді контрактіге отырады. Қазақстанда қаншама дәріп­телген электронды сауда, интер­нет-дүкен де қанатын кеңге жая қойған жоқ. Әрине, 2017 жылғы көрсет­кіш­пен (174 млрд теңге) са­лыс­тыр­ғанда, электронды сауда на­рығы екі еседей өсіп, 300 млрд тең­геден асқан. Алайда дәстүрлі сек­тордың 11,3 триллионы қасында мұны ауызға алудың өзі ұят. Бөл­шек тауа­райналымның жалпы көлеміндегі e-Trading еншісі 2,9% ғана. Енді сауда саласын басқару ісі жеке министрлікке бөлініп шық­ты. Бақыт Сұлтанов басқаратын бұл ведомство «Сауданы дамыту­дың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын» дайындады. Құжат бұл сектордағы түйіні әбден шиеленіскен түйткілді мәселелерді анықтап қана қоймай, оның ше­шімін ұсынады. Тек бәрі әдет­те­гідей қағаз жүзінде қалмаса етті. Егер заманауи сауда жүйесін да­мыт­қан елдер клубына қазақ елі көнерген сауда жүйесімен кірер болса, оларға босқа жем болады.    width= Айхан ШӘРІП