Батыр жайлы баян
Батыр жайлы баян
439
оқылды
Алматыда Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжат­тама архивінде «Қазақтың алтын аңызы – Оспан батыр және Нұр­ғо­жай батырдың мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оспан батыр Исламұлының ел мен жер үшін жасаған жанқиярлығы, Қытайдың Гомин және коммунистік үкіметімен күрескен ұлт қаһарманының саяси әрекеті, сондай-ақ Нұрғожай батырдың ерліктері мен мұрасы конференцияның басты тақырыбы болды. Конференция барысында Нұрғожай батырдың Оспан батыр туралы жазған түпнұсқа қолжазбасы архив қорына табысталды. Бұл құнды жәдігерді Ыстанбұл қаласынан арнайы келген Нұрғожай батырдың немересі Бахадүр Хаджихан мен Мимар Синан, көркем өнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара сыйға тартты. Қолжазба Нұрғожай батырдың өз қолымен төте жазумен жазылған әрі бұл бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған. Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің директоры Баян Жұматаеваның айтуынша, қазақтың ХХ ғасырға таңбасын басқан соңғы батыры, Шығыс Түркістанда елінің егемендігі мен азаттығы жолында күрескен Оспан батыр Исламұлының қазақ тарихында алар орны өте зор.
«Америкалық тарихшы Линда Бенсон «Қазақтың алтын аңызы» деп атаған Оспан Батыр Қытай губернаторы Шың Шы Сайдан бүкіл Алтай жерін және Шығыс Түркістандағы қазақтарды азат етуге күш салған. Бұл орайда күрескер тұлғаның өмір жолын жаңа, тың қырларынан танытатын Оспан батырдың алғашқы сегіз комиссарының бірі Нұрғожай батырдың естеліктері үлкен тарихи маңызға ие. Өйткені ол Оспан батырдың жанында болған. Сондықтан осы екі алып тұлғаны бірге насихаттауды мақсат еткен жиын болашақ ұрпақты рухани тұрғыдан бай, елжанды етіп қалыптастыруға ықпал етері сөзсіз», – деді Баян Жұматаева.

Асыл ТҰМАР