Халың қалай, алма бағбаны?
Халың қалай, алма бағбаны?
959
оқылды
«Қазақстан – алманың отаны» деп жатамыз. Бірақ ішкі нарықты 100% өзіміздің бау-бақша өнімдерімен қамтуға толық мүмкіндік бола тұра, оны шеттен тасимыз. Неге? Тіпті, консервілеу жұмыстарында да проблемалар аз емес. Бұл тұрғыда Үкімет тарапынан не істеліп жатыр? Жалпы еліміздегі алма шаруашылығы қалай дамуда? Сараптап көрген едік. Мемлекеттен көмек аз емес Қазақстанның табиғаты да, жер құнары да алма өсіруге өте қолайлы. Алма ағаштарын елі­міздің қай түкпірінде де кездес­тіретініміз сондықтан. Әсіресе, оңтүстік пен шығыс өңірі «жұмақ жемісіне» бай. Жетісудың жер жән­наты деп аталуы да осы алма­дан шықса керек. Бау-бақшалар тек суармалы жерлерде өнетін­дік­тен, Ауыл шаруашылығы министр­лігі оның аумағын ұлғайту үшін ұзақ жылдардан бері кешенді жұ­мыстар жүргізіп келеді. Ол жұ­мыстарға, сондай-ақ, көшет өсірі­летін питомниктерді дамыту, да­йын өнімді сақтайтын жерлердің және қайта өңдеу өнеркәсібінің өндірістік қуатын арттыру, сала­ның фитосанитариялық жай-күйін жақсарту және тағы басқалар да жатады. Бақша алаңдарын ұлғайту кезінде үнем мақсатында тамшы­латып суару жүйелерін енгізу ұда­йы назарда. Ал көшеттермен қам­тамасыз етуде отандық аграрлық ғылымды жұмылдырылуда. 2021 жылғы 1 қарашадағы Жер балан­сының деректері бойынша рес­публикада 2,251 млн га-дан астам суармалы жер бар екен. Оның 1,8 млн гектары, яки 80,4%-ы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің құрамында, 229,2 мы­ңы, яки 10,2%-ы – босалқы жер­лерде, 180,4 мыңы, яки 8,1%-ы – елді-мекендердің ішінде. Ұлттық ста­тистика бюросының деректері бо­йынша алма ағашының алаңы 2015 жылғы 31,6 мың гектардан 2021 жылы 36,0 мың гектарға дейін, жалпы жиын-терім 2015 жылғы 147,6 мың тоннадан 2021 жылы 262,8 мың тоннаға дейін, өнімділік үлесі 2015 жылғы 57,2 ц/гектардан 2021 жылы 81,3 ц/гектарға дейін ұлғайтылған екен.
«Алма шаруашылығын мемле­кеттік қолдаудың ауқымы кең. Бірінші кезекте бұл субсидиямен байланысты. Мәселен, қарқынды жеміс беретін алма бағын өсіру кезінде, жеміс-жидек дақылдары мен жүзімді отырғызу кезінде, сондай-ақ жеміс сақтау қойма­ла­рын салу және кеңейту кезінде са­лынған инвестициялардың 25%-ына инвестициялық субсидия беріледі. Одан бөлек элиталық кө­шеттерді сатып алу, органика­лық түрлерін қоспағандағы ты­ңайт­қыштардың құны, пестицид­тердің, биоагенттердің, яки энто­мофагтардың құны, өсімдіктерді қорғау мақсатында ауыл шаруа­шылығы дақылдарын өңдеуге арналған биопрепараттар мен су беру қызметтерінің құны, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу шығындары субсидияланады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің барлық бағыттары үшін айналым қаражатына бері­летін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесіне де 5%-дық суб­сидия қарастырылған. Одан бөлек, ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті бағдарламалық-ныса­на­лы қаржыландыру жүргізіледі», – дейді АШМ өкілі Дамир Егізбев.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2021 жылы 9,3 мың тонна жеміс консервіленіп, 14 мың литр алма шырыны өндірі­ліпті. Былтыр жемістерді қайта өңдеу өнімдерінің 2 606,6 тоннасы экспортталған болса, импорт 56,7 мың тоннаны құраған. Бұл ретте ішкі тұтыну үлесі – 18,2 мың тонна. Республикамызда өндірістік қуаты жылына 111,7 мың тоннаны құрайтын жемістер мен көкөніс­терді қайта өңдеу жөніндегі 36 кәсіпорын бар болса, оның 8-і алма өңдеумен айналысады. Олар Алматы облысында – «Есік жеміс консерві зауыты» ЖШС, «Мұ­ханов» ЖК, «Керуен» агрофир­масы» ЖШС және Түркістан облысында – «Жаңа Ақдала» агро­фирмасы» ЖШС, «Аят» ЖШС, «Мырзаханов А» ЖК, «Бәйтерек-4» ЖШС, «Арсен-Ас» ЖШС. Осы кә­­сіпорындардың жүктемесі не­бары 37%-ды құрайды. Оның не­гізгі себептері: өндірістің ұсақ та­уарлығы және тиісті шикізаттың болмауы, жабдықтарының әбден тозуы, айналым қаражатының же­тіспеушілігі, шикізат өндірісінің маусымдылығы, шикізатты сақтау қоймаларының болмауы, арзан импорттық аналогтармен салыс­тырғанда баға бойынша бәсекеге қабілетсіздігі. алма бағбан Импортқа шектеу қойылса... Кәсіпкерлер мемлекет тара­пынан, әсіресе, Ауыл шаруашы­лығы министрлігі тарапынан көр­сетіліп жатқан көмектерге дән риза. Әйтсе де, ол өндірістік мәсе­лелерді шешкенімен, өнімді өткізу мәселесіне көмектесе алмай тұр. Өйткені нарықта шеттен келетін алма көп. Айталық, елімізде 50 шақ­ты алма өсіретін бау-бақша қожалығы бар екен. Осы бағбандар 2021 жылы республика бойынша 262,8 мың тонна алма жинапты. Оның 6,1 мың тоннасын ғана экс­порттай алған. Ал былтыр елімізге 122,6 мың тонна импортталыпты. Бұл – ішкі өнімнің 45-50%-ы. Осы реттен алғанда, былтыр алма импорты мен экспортын қосқанда елімізде 379,3 мың тонна алма болыпты. Ал биыл бұл көрсеткіш одан да көп болуы әбден ықтимал. Өйткені бағбандар биылғы жаз бау-бақша үшін өте қолайлы бол­ғанын айтады. Солардың бірі – Түркістан облысы Қазығұрт ауда­ны, Қызылқия ауылында орналас­қан «Амангелді» ЖШС құрылтай­шысы Нұрлан Құралов. Ол бір жағы «Қазақстан бақтары» консор­циуымының төрағасы.
«Бүгінгі таңда 500 гектарға жуық жер теліміне бау-бақша са­лып отырмыз. Оның ішінде ал­ма­дан бөлек алша, шабдалы, жүзім сияқты басқа да жеміс ағаштары көп. Шаруамен айналысқаныма 15 жылдың жүзі болды. Шаруа бас­тағаннан-ақ мемлекет тарапынан үлкен көмек берілді. Министрлікке алғыстан басқа айтарым жоқ. Ондай көмекті еліміздегі бау-бақ­ша шаруа қожалықтарының бар­лығы да алып отыр. Міне осынша жылдан бері биыл республика бойынша бірінші рет ішкі нарықты 100 пайыз толық қамтитындай дәрежеге жетіп отырмыз. Мәселен, халқымыздың алмаға сұранысы 500 мың тоннадай делік. Қазір еліміз бойынша алма бақтарының аумағы 40 мың гектардан асып отыр, табиғаттың қолайлы болға­нының арқасында биыл гектарына орташа есеппен 10-12 тонна өнім жи­най­мыз деп күтіп отырмыз. Бірақ, мәселе, алманы өсіру мен жинауда емес, сақтау және өткізуде болып тұр. Өйткені бірінші кезекте Польшадан, одан кейін Түркия, Мысыр, Иран, Қытай және тағы басқа елдерден келетін импорттық алмалар көп. Шындығына келген­де, шеттен келетін алмалар ұзақ сақталуы үшін химиялық жолмен өңделеді. Ал біз ешқандай қоспа­сыз, өңдеусіз табиғи таза алма­лар­ды ұсына аламыз. Тағы бір мәселе, көтерме саудагерлер бізден алманы 100-150 теңгеге алып кетеді. Егер олар тіке дүкен сөресіне апарса, ол әрі кетсе, 200-250 теңге болуы тиіс еді. Бірақ қазір өздеріңіз білесіздер, 500 теңгеден арзан алма жоқ. Сондықтан да мен ритейлдарды бау-бақша бағбандарымен тікелей жұмыс істеуге шақырамын. Екінші мәселе, Үкімет отандық алма өндірушілерді қорғап, биылдан бастап импортты түбегейлі жауып тастау керек. Өйткені ендігі жерде ішкі нарықты қамтуға толық дәрменіміз жетеді», – дейді Нұрлан Амангелдіұлы.
Бағбанның көтеріп отырған тағы бір мәселесі – алманы сақтау. Мемлекеттік қолдаудың арқасында елімізде алма сақтайтын тоңа­зыт­қыш қоймалар жеткілікті екен. Тек олардың ішіне алманы текшелеп жинайтын контейнерлердің баға­сы қымбаттап кеткен. Елімізде ондай контейнер шығаратын Ал­матыда жалғыз ғана зауыт бар. Солар контейнердің бағасын биыл 45 000 теңге етіп қымбаттатып жіберген. Бір бағбанға жоқ дегенде 1000 контейнер керек десек, 45 миллион теңге шығынның құлағы қылтияды. Бұған дейін бұл контей­нерлер 20-22 мың теңгенің көле­мінде сатылып келген екен. Оның үстіне ол контейнерлердің саны биыл жетпейді.
«Осы жолы Астанаға алма мә­селесін тиісті органдардың қапе­ріне жеткізу үшін арнайы келдім. Соның ішінде, «Атамекен» ҰКП-не, Ұлттық экономика министр­лігіне, Сауда және интеграция министрлігіне ұсыныстарым бар. Олар – импортқа шектеу қоюдан бөлек, контейнер шығарушыға субсидия беру, Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін Агрокредиттік корпорациялардың жеңілдікпен несиелеу бағдарламалары арқылы айналым қаражатымен қамтамасыз ету, Сауда және интеграция ми­нистрлігіне және жергілікті атқа­рушы органдармен бірлесе оты­рып, алмаларды қолжетімді ба­ғамен өткізу мәселесін жолға қою, Қазақэкспорт арқылы көрші ел­дерге алма экспортын жолға қою, алма жиналғаннан кейін оның 20-30%-ын қалдықтары мен тауар­лық жарамсыздары құрайды. Соны қайта өңдеу, малға жем ретінде болса да кәдеге жарату. Ал бұл дегеніміз, еліміз бойынша ал­ған­да 100 мың тоннаның жобасын құ­райды», – дейді «Қазақстан бақ­тары» консорциуымының төра­ғасы Нұрлан Құралов.
Сондай-ақ алма бағбаны Гер­маниядағыдай бау-бақша шаруа­шылықтарының басын қосып, ауыл шаруашылығы кооператив­терін құруды ұсынып отыр. Мә­селен, онда 1200 ауыл шаруашы­лығы тауар өндірушілері бірігіп 50 мың гектар жерді өте тиімді игеріп отыр. Тағы бір ұсыныс – оқу­шы­лардың, армиядағы сарбаздардың, ірі өнеркәсіптік компаниялардың жұмысшыларының рационына алманы міндетті түрде енгізу. Бұ­дан ұтпасақ, еш ұтылмасымыз анық.