Қымбатшылық жұмыртқаға да жетті
Қымбатшылық жұмыртқаға да жетті
389
оқылды
Қазақстандағы әр үшін­ші құс фабрикасы бан­крот­қа ұшырауы мүмкін. Ал жұмыртқа бағасы жыл аяғына дейін 40 пайызға қымбаттайды. Еліміздегі құс шаруашылығының қо­жайындары осындай уәж айтып жатыр. Ауыл шаруашылығы минис­тр­лігінің 2020 жылдан бастап жұмыртқаға субсидияны тоқтату туралы шешімі шу тудырды. Жал­ғыз жұмыртқа емес, министрлік биыл ірі қара мал етіне, қымыз бен шұбатқа, күріш пен мақтаға мемлекеттен қосымша беріліп келген субсидияны алып тастады. 2019 жылдың соңында субсидия берілмейтіні жайлы әңгіме шы­ғысымен-ақ, ең бірінші мал ша­руашылығы саласының өкілдері қарсылық білдірген. Ақтөбеде ми­тингіге жиналған фермерлер «суб­сидия болмаса, ет те, сүт те жоқ» деген ұран көтерді. Ендігі қарсылық кезегі құс өсірушілердікі секілді.
Иә, мемлекет қаржысын суб­сидиялап тарата берудің де шегі болады. Бұл тұрғыда министрлік келтірген дәлелдің де жаны бар. Жұмыртқа өндірісі осыдан он жыл бұрынғы импортқа тәуел­діліктен құтылып, ішкі сұранысты тұтас қамтып отыр. «Біз жұ­мыртқаға деген ішкі сұраныстың 126,5% қамтамасыз етеміз. Қазір қолдауды, дамытуды қажет ететін басқа бағыттар бар деп санаймыз. Біздің алдымызда алты өнімнің импортын алмастыру міндеті тұр. Субсидияны сол салаға жұм­саймыз», – деген министр Са­пархан Омаров.
Рас, осы күнге дейін құс фаб­рикаларын қолдауға бюджеттен ондаған миллиард теңге жұмсал­ды. Жабдықтар сатып алынып, цехтар жаңартылды. Мәселен, он-он бес жыл бұрын ішікі на­рықтағы жұмыртқаның 30%-ы ғана отандық өнім болса, қазір 18 млн халықтың сұранысын то­лық жауып, артылғанын экс­порт­қа шығаратын жағдайға жеттік. Тоқсаныншы жылдары қат-қабат келген тоқырауда тұралап қалған сала аяғына тұрды. Алайда қанша қаржы салға­нымызбен, нәтижесі мәз бол­мап­ты. Қазақстанның құс өсірушілер одағы мамандарының айтуынша, саланың болашағын субсидиясыз елестету әзірге мүмкін емес. Өйт­кені тауық пен қаз-үйректің же­міне қажетті қоспалар, дәру­мен­дер, дәрі-дәрмек түгел сырттан әкелінеді. Өзімізде өндірілетіні тек астық дақылы. Оның түсімі өт­кен жылы ауа райына байла­нысты төмен болғаны белгілі. Құс шаруашылығы фабрикалары ке­ректі жемнің бір тоннасын бұрын 120 мың теңгеден алып келсе, былтыр құны 200 мыңға шықты. Жем сататындардың да айтар сылтауы дайын. Жем құрамына кіретін арпа-бидайдан бөлек, қоспа жемге керек соя, өсімдік майы, т.б дақылдар да қымбат­таған. Ақыр соңында тауықтың жеміне кететін шығын өнімнің өзіндік құнының (ет пен жұмырт­қа) 60%-на дейін жетеді.  

СУБСИДИЯ ШЕШКЕН МӘСЕЛЕЛЕР

Елімізде 2008 жылдан бері тө­леніп келген субсидия тиімділігі екі негізгі көрсеткіштен білінді. Өндіріс көлемі 2 есе артты (жұ­мыртқа 2009 жылғы 2 млрд да­надан, 2019 жылы 4 млрд данаға жетті). Екіншіден, 2009-2019 жылдары жұмыртқа бағасы 66%-ға көтерілді, бұл кезеңде өнімнің өзіндік құны 106% көлемінде бол­ған. Себебі жұмыртқа өнді­рі­сінің негізін құрайтын – жем ба­ғасы 34,1%-ға жеткен еді. Де­ген­мен соң­ғы үш жылдың өзінде ғана өзін­дік құн 16,6%-ға өскеніне қа­рамастан, нарықтағы бағаны 14,8% көлемінде ұстап тұруға мүм­кін болды. Демек, он жылдық суб­­сидияның үлкен көмегі көрінген. Ал министрліктің есебінше, жылдар бойы субсидияға арқа сүйеп алған шаруашылықтар на­рық заңына орай бәсекелестікке ұмтылмайды. Жұмыртқа өндірісі қазір түсім беретін өндіріс. Бірақ қожайындары оны мойындағысы келмей, мемлекет мойнынан түскісі келмейді.  

«АЙДАЛАДА АҚ ОТАУ, АУЗЫ-МҰРНЫ ЖОҚ ОТАУ»

Жұмыртқаны табатын тауық, оған келетін шығын ненің есе­бінен дерсіз. Өнімнің өзіндік құ­нына ең бірінші әсер ететін та­уықтың жемі екенін айттық. Одан бөлек, фабриканың электр энер­гиясына төлейтін төлемі, су, газ, жемге қосып берілетін дәрілер, жұмыртқаға арналған қаптама және т.б. кіреді. Мұндай шығын­дар үшін мемлекет он жыл бойы жұмыртқаның әр данасына 2-3 теңгеден төлеп келген болатын. Енді ол жоқ.
Айта кетейік, жұмыртқа ба­ғасын субсидиялап отырған ел жалғыз біз емес. Мәселен, Ресейде жұмыртқаның бір қаптамасының (10 дана) өзіндік құны 32-36 рубльдің айналасында болса, субсидиялау арқылы бағасын 22-28 рубльге түсіріп нарыққа шы­ғарады. Ресей үкіметі 2024 жылға дейін жұмыртқа шаруашылығын дамытуға 2,3 млрд рубль бөлуді қарастыруда. Солтүстіктегі көр­шінің қаржысын бекер санамалап отырған жоқпыз. Егер субси­дия­дан қағылған біздің шаруашы­лықтар банкротқа ұшыраса, ішкі нарықты одақтас елдің өнімі жаулап алмай ма деген де қауіп бар. Өйткені РФ әлемдік жұмырт­қа өндірісі көрсеткіші бойынша 6-орында (Қытай, АҚШ, Үндіс­тан, Жапония, Мексикадан ке­йін) тұрған мемлекет екенін ұмыт­­пайық. Мұндай мысалды ақ­парат құралдарына берген жа­уабында Қазақстанның жұмырт­қа өндірушілері қауымдасты­ғының президенті Максим Божко да растаған. «Егер біз жұмыртқа бағасын көтерсек, нарыққа бірден ресейлік арзан жұмыртқа келеді. Сол себепті отандық фабрика­лардың сату көрсеткіші төмен­дейді, ал ол банкротка апарар жол», – дейді М.Божко.
Қазіргі күні Қазақстанда 32 жұмыртқа фабрикасы жұмыс істеп тұрса, оның 11-нің өндіріс көлемі кішігірім (100 млн данаға дейін), 16-сы орташа, бесеуі ірі (200 млн данадан жоғары) ша­руашылық саналады. Субсидия­ның тоқтауы орташа шаруашы­лықтың жартысын, ұсақ шаруа­шылықтарды түгелге жуық бан­кротқа әкелуі мүмкін дейді сала мамандары. Бұл жұмыртқа экс­портының жолын жаппай ма?  

ЖҰМЫРТҚА ЭКСПОРТЫ ЖАБЫЛА МА?

Экспорт демекші, соңғы жыл­дары сырттан тауық етін сатып алғанымызбен, жұмыртқадан біраз пайда тауып отырғанымыз рас. Мысалы, 2015 жылы 20 млн дана жұмыртқа экспорттасақ, 2016 жылы – 100 млн дана, 2017 жылы 280 млн дана саттық. Біздің жұмыртқа негізінен Ауғанстан мен Тәжікстанға және Қырғыз Республикасына жөнелтіледі. 2017 жылы Ауғанстан мен Пә­кіс­тан арасындағы шекара жан­жа­лынан кейін ауған ағайын көр­шісінің өнімінен бас тартып, бізге бұрылған. Нәтижесінде, 280 млн дана экспорттың 180 млн данасын Ауғанстанға өткіздік. Ал бір жылдан кейін (2018) экспорттық әлеует 16 есе өсіп, 938 млн дана саудаласақ, оның да 800 млн дана­сын ауғандар алды. Осы қарқыннан кейін Қа­зақстан Үкіметі ендігі мақсат – Қытай мен Иран нарығын жаулау деп мәлімдеген. Себебі Қытай жұмыртқа өндірісі бойынша әлемде бірінші орында тұрғаны­мен, өз нарығын толық қамти алмайды. Бізге Қытайдың тұтыну нарығының 1%-ын иеленсек те жеткілікті, ол үшін 4 млрд дана жұмыртқа (ҚХР жылына 400 млрд дана тұтынады) керек. Енді ол арман көзден бұл-бұл ұша ма?  

ТҮЙІН:

Жер бетінде жұ­мырт­қа жемейтін адам аз шығар. Ма­мандар күніне кем дегенде 1 не­месе 2 данасын жеуге кеңес бе­реді. Себебі оның құрамында ақуыз көп, одан бөлек A, D, B и B12 дәру­мендері бар. Оған қоса жұ­мырт­қадағы лютеин мен зеак­сан­тин көздің көру қабілетін жақ­сар­тады. Сондықтан Тәжікстан мен Ауған­станның тұтыну нарығын төрт жыл тұрақты түрде қамтып, үлкен базар – Қытайға шығуды ойлас­тырып отырған Қазақстан үшін аталған саланың мүмкіндігін жан-жақты қарастырған жөн.

  Бауыржан БАЗАР