Әлем бойынша жыл сайын 5,5-6 миллион адам инсультқа шалдығады. Оның ішінде, инсульттан кейін 4,5 миллион адам өмірден өтіп кетеді екен. Ғалымдардың айтуынша, инсультқа кез-келген адам шалдығуы мүмкін. Бұл ауру баланы да, үлкенді де таңдамайды. Өкініштісі сол, инсульттан кейін адамның қалыпты өмірге оралуы да қиын. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Нина Петрова инсульттан кейінгі қиындықтарды жеңген адам. Ауыр науқастан кейін денсаулығын түзеп, аяғынан тұрған Нина Петрова бүгінде өзі сияқты дертке шалдыққандарға көмектесіп отыр. «Злат Ару» оңалту орталығында түрлі сырқаттардан кейін тірек қимыл қозғалыстары деформацияға ұшыраған 40-қа жуық адам ем қабылдап жүр. «Осыдан жеті жыл бұрын инсульт алдым. Инсульт соққан адамның жағдайы белгілі. Ешнәрсеге зауқым болмады. Оның үстіне, қимыл-қозғалысымда айтарлықтай қиындықтар туындады. Инсульттан кейін құлап, жарақат алдым. Ота жасалды. Осылайша, санаулы уақыт ішінде мүгедектер қатарына қосылдым. Әшейінде шауып жүріп, барлық тірлікті өзім жасап үйренген маған бұл жағдай өте ауыр тиді. Бұған депрессияны, психологиялық күйзелісті қосыңыз. Біреуге қарап отырмауға үйренген мен денсаулығымды қалпына келтірудің балама жолдарын іздей бастадым» деген Нина өмірге қайта келуіне шығармашылықтың ықпал еткенін айтты.
«Мен суретшімін. Нейрографика бағытында сурет салуда айтарлықтай тәжірибем бар. Сөйтіп сурет сала бастадым. Кейін нейрогимнастика жаттығуларын жасадым. Осы бағыттарда көптеген онлайн курстарды оқыдым. Осындай сабақтардан алған білімімді күнделікті өмірде қолдану арқылы денсаулығымды қайта қалпына келтіре алдым. Тіпті, жадым қалпына келді. Әрине, инсульт алған адамға дер кезінде сапалы медициналық көмек те көрсетілуі қажет. Кейін оңалту кезеңінде адамның өз-өзімен жұмыс істеуі өте маңызды», – дейді Нина Петрова.Осылайша, Нина өзі сияқты қиналып жүрген адамдарға көмек көрсетемін деп шешеді. Сөйтіп, Жапония, АҚШ, Ресей елдерінің тәжірибелері негізінде жинақтаған бағдарламасын іске қосты.
«Мұндай қол еңбегі адамның ойын бөледі. Адам ауыр ойларға берілмей, жасап отырған жұмысын жоғары деңгейде атқаруға тырысады. Өзінің мүмкіндіктерін бағалай бастайды. Сонымен бірге, біз адаммен психологиялық, мотивациялық тұрғыда әңгімелесеміз. Нейрогимнастика жасаймыз. Орталығымызға келген адам осылайша, бір мезгілде денсаулығын жақсартады, әрі жаңа кәсіп түрін меңгереді. Және орталық келушілері үшін түрлі шеберлік сағаттарын өткіземіз. Осылайша, орталық адамға ауру туралы ауыр ойдан арылуға, сергіп, ойын позитивті арнаға бұруға көмек беруде», – дейді Нина Петрова.Арт терапия арқылы өмірге қайта келгендердің бірі – атыраулық Айсәуле Қайыржанқызы. Ол ерекше баланың анасы. Инсульттан кейін денесінің оң жақ бөлігі қозғалыссыз қалған Айсәуле оңалту орталығының терапиясы арқылы жаңа тынысының ашылғанын айтады.
«Бұл жердегі атмосфера мүлде басқаша. Ауруханадағыдай сұр қабырғалар, құлазыған ахуал жоқ. Орталыққа келу арқылы қолымның моторикасымен жұмыс істедім. Суреттер салдым, бисерлер тоқыдым. Керемет дүниелерді тіктім. Арт терапия өз-өзімді жинақтауға, ойымды жаңа арнаға бұруға көмектесті. Қозғалыссыз қалған оң жақ бөлігіме ақырындап жан бітіп келеді. Бұл сөзбен айтып жеткізе алмайтын керемет сезім. Қазіргі уақытта денсаулығымды түзеумен бірге, еңбек етіп, табыс тауып жүрмін. Балаларға физика пәні бойынша қосымша білім берудемін», – дейді Айсәуле.Орталық алға қарай арт терапияны шалғай ауылдарға жеткізуді де жоспарлап отыр. Сайт ашып, онлайн сабақтар жүктеу арқылы, қимыл-қозғалыссыз қалған алыс аймақтағы адамдарға көмек көрсету және науқастардың қолынан шығып жатқан керемет қолөнер бұйымдарын тапсырыс арқылы жеткізетін онлайн дүкен ашу жоспарда. Инсульттан кейін өмір тоқтамайды. Бастысы, адам өз-өзін қолға алып, алға қарай ұмтылуы керек. Адам өзіне сенген кезде, оның бойында бәрібір күш-жігер пайда болады. Бүгінде қырыққа жуық адам денсаулығын түзеуге келіп жүрген Арт терапия орталығынан түйген ойымыз осы болды...
Баян ЖАНҰЗАҚОВА