М-1 Global ұжымы ұйымдастырған байқауда қазақ спортшылары үздік болып танылды
М-1 Global ұжымы ұйымдастырған байқауда қазақ спортшылары үздік болып танылды
274
оқылды
2020 жылдың 17 ақпанында Алматы қаласында Қазақстандық ММА аралас жекпе-жек біріккен федерациясының ұйымдастыруымен еліміздегі ММА аралас жекпе-жек спортының дамуына арналған баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды, Prosports.kz. Аталған баспасөз мәслихатында федерация өкілдері ресейлік М-1 Global ұжымының ұйымдастыруымен өткен байқауда үздік болып танылған спортшылар мен жаттықтырушыларды құттықтады. Еске сала кетсек, 2019 жылдың 19 желтоқсанынан бастап М-1 Глобал ұжымы өз сайттарында - «Жыл спортшысы» - «Жыл серпілісі» - «Үздік жекпе-жек» - «Жыл сабмишні» - «Жыл жаттықтырушысы» - «Жыл нокауты» сынды номинациялар арқылы жылдың үздіктерін таңдауды бастаған болатын. Онлайн байқау қорытындысы бойынша жерлестеріміз ең жеңіл салмақтағы М-1 Global лигасының уақытша чемпионы - Асу Алмабаев «Жыл серпілісі 2019» номинациясының жеңімпазы атанса, жеңіл салмақтағы М-1 Global лигасының чемпионы Сергей Морозов - «Жыл спортшысы-2019» номинациясының жеңімпазы, ал ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкері Баян Маратұлы Жанғалов «2019 жыл жаттықтырушысы» номинациясының иегері ретінде танылды. Баспасөз мәслихатында тағы бір талқыланған мәселе 2020 жылғы ҚР ММА-дан ұлттық құрамасының жоспары және еліміздегі белгілі спорттық ұйым Arlan MMA Pro Team кәсіби жекпе-жек командасы мен «Қазақстандық ММА аралас жекпе-жек біріккен федерациясы» РҚБ-ның бірлескен жоспарлары туралы болды. Іс-шараға «Қазақстандық ММА аралас жекпе-жек біріккен федерациясы» РҚБ бас директоры Валихан Тен, Arlan MMA Pro Team кәсіби жекпе-жек командасының директоры Төлеген Құмаров, Қазақстандық ММА спортындағы жетекші спортшылар мен жаттықтырушылар қатысты.