Жолақы тарифі жоғарылай ма?
Жолақы тарифі жоғарылай ма?
537
оқылды
Көкшетауда қоғамдық кө­ліктерге жолақы құнының та­рифі тағы қымбаттамақ. Ал­дын ала тараған ақпаратқа сәйкес, осыған дейін жолақы үшін транспорт картасы арқы­лы ересектер – 80 теңге, ал 15 жасқа дейінгі балалар 40 теңге төлем жасаса, енді бірден 40 теңгеге көтеріліп, 120 теңге бол­мақ. Ал жолақы картасыз қолма-қол төленсе, ересектер 200 теңге, балалар 100 теңге­ге дейін төлейді. Жолақы та­рифінің күрт көтерілетіні ту­ралы әлеуметтік желілер мен пабликтер жарыса жария­ла­­ды. Қала тұрғындары тарифтің қымбаттауына байланысты на­разылықтарын білдіріп жатыр. Белгілі болғандай, қоғамдық көлік жолақысы тарифін көтеруге арналған Көкшетау қаласы әкімдігі мен мәслихат сессиялары қаулы­сының жобасы әзір. Көкшетау қалалық әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта аталған қаулы қа­лалық Әділет басқармасының қа­рауында жатыр. Аталған қаулыға сәйкес, жолақы билеті үшін диффе­ренциялық тариф қойылмақ. Яғни жолақы үшін төлем құны жолау­шының қолма-қол төлем жасауды яки көлік картасы арқылы төлеуіне байланысты болмақ.
«Қазіргі уақытта Көкшетауда қоғамдық көліктерде тариф құнын қымбаттауына қатысты қаулы Әділет басқармасының қарауында жатыр. Әзірге қаншаға және қай уақыттан бастап қаулының күшіне енетіні белгісіз. Тариф құны заңмен белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады», – дейді Көкшетау қа­ласы әкімдігінің баспасөз хат­шысы Жанна Әбдірахманова.
Халықтың қалтасын қашанғы қағады... Жолақы құны тарифінің күрт қымбаттайтынына наразылық біл­дірген тұрғындар шағын қала болса да автобустардың уақытында жүр­мейтінін, сондай-ақ қызмет сапа­сы­­ның сын көтермейтінін алға тартты.
«Алдымен автобустарды жөн­деп уақытында жүргізіп, жолақы туралы содан кейін неге ойла­май­ды?! Бұл не деген сұмдық?! Адамдар жұмысына, мектеп пен балабақша­ларына қалай жетпек? Мәселен №21 бағыттағы автобус жүргісі кел­­се жүреді, жүргісі келмесе тіпті же­ліге шықпай да қалады. Үш са­ғат­тап тоқтап тұратын кездері аз бол­май­ды. Қалада жалақы да басқа қа­ла­лар­ға қарағанда өте төмен. Елорда­ның өзінде жолақы үшін 90 теңге ғана төлейді. Ал бізде бірден осылай 40 теңгеге қымбаттатпақ. Нені не­гізге алады? Халықпен са­насу деген атымен жоқ. Қарапайым халықтың онсыз да таяз қалтасын қағудың амалын ғана жасап отыр. Автобустар таңертеңгілік және кешкісін үнемі ине шаншар жер қалмай толып кетеді. Халық иін тіресе сығылысып әзер тұрады. Ал автобустар кешкі сегізге дейін ғана жүреді. Жұмыстан әбден шаршаған адамдар кешкісін үйлеріне жаяулап қайтуға мәжбүр. Көк­шетауда баға да Ас­танадан бірде-бір кем емес. Ал оны реттеп жатқан ешкім жоқ», – дейді Көкшетау қа­ла­сының тұрғыны Наталья Лапшина.
Жолақы құнының өсуіне қа­тысты тұрғындардан бұдан да өзге ондаған пікір айтылды. Бәрі оның қымбаттауына өздерінің қарсы­лықтарын білдірген. Бұл мәселе жөнінде Жолау­шы­лар тасымалы ассоциациясының төрағасы, әрі Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Рүстем Қалышевтан анықтамақ болдық. Мәслихат хатшысының айтуынша, қаулы бекітілмеген, тек жоба кү­йінде тұр. Ал оның қашан және қандай бағада белгіленетіні әзірге белгісіз. Қаулы әзірге тек жоба ғана
«Қалада қоғамдық көліктің та­рифін көтеру туралы жоба әзір­ленді. Бірақ ол қалалық әкімдік пен мәслихаттың қарауына түскен жоқ. Тек жоба күйінде тұр. Сондықтан жолақы құнының қаншаға және қалай көтерілетіні әзірге белгісіз. Көкшетау қаласында жолаушылар мен бағажды тұрақты қалалық автомобильмен тасымалдау мар­шруттарына сараланған тарифті белгілеу туралы «Көкшетау бүгін» газетінің 22 қыркүйектегі №37 са­нында қаулы жобасы жарияланды. Қолданыстағы заң мен тәртіпке сәйкес жоба алдымен қоғамдық кеңестің талқысына түсіп, мәс­лихаттың сессиясына шығарылып қаралып, одан кейін ғана нақты шешім қабылданады. Тариф бе­кітілгенше бірнеше процедурадан өтуі тиіс. Сондықтан жолақы та­рифі қанша және қалай көтерілетіні белгісіз», – дейді Көкшетау қа­лалық мәслихатының хатшысы Рүстем Қалышев.
Жанармай мен қосалқы бөлшек тым қымбат... Біз жолақы тарифінің көте­рілуіне қатысты қаладағы ең ірі «Көкшетау автобус паркінің» бас­шысы Әсия Шәрімованың пікірін білуге ұйғардық. Ол жанармай мен қосалқы бөлшектердің қымбат­шылығы мен бюджеттен бөлінетін субсидияның толық төленбей­тінінен осындай қадамға мәжбүр болғандықтарын жеткізді.
«Көкшетауда тариф бірнеше жылдан бері өзгерген жоқ. Қазіргі жолақы тарифі белгіленген кезде жанармай (солярка) құны небары 150-160 теңге болатын. Ал қазір кемінде 255-257 теңгеден саудала­нады. Заңға сәйкес, егер жанармай, қосалқы бөлшектер, салық, басқа да шығындардың құны 10 пайыздан асқан жағдайда тарифті көтеруге болады. Сондықтан былтырғы қа­рашада тарифті көтеруге қалалық әкімдіктің қарауына құжаттар мен есепті бергенбіз. Бірақ одан кейін мораторий жарияланып әрі қаңтар оқиғасынан кейін бәрі тоқтап қал­ды. Қоғамдық көлік қатынасы – Кеңес заманынан бері мемлекеттік шығыны көп бизнес. Қазіргі жо­лаушылар аз жүретін автобустарда тариф құны өзін-өзі мүлде ақта­майды. Оларға кемінде 180 теңгеден 400 теңгеге дейін шығын келеді. Дегенмен әлеуметтік маршруттар болғандықтан, бағаны ұстап тұруға тура келеді. Бір автобус дөңгелегінің өзі қазір 162 мың теңгеге жетті. Қытайдан келген 74 жаңа автобус бар. 3-4 жылдың ішінде көпшілігі жөндеуді қажет етеді. Ал қосалқы бөлшектерді 1-2 айға дейін күтуге мәжбүрміз. Сондай-ақ 12 автобус жүр­гізушілердің жоқтығынан парк­те қаңтарылып бос тұр. Жала­қысы 318 мың теңге болса да жүр­гізуші таппай отырмыз. Жалақысын көтеріп жүргізушілерді жұмысқа тартудан басқа амалымыз жоқ. Бюд­жетте қаржы болмағандықтан субсидия да уақытында түспейді. Қазірдің өзінде 15 миллион тең­гедей субсидияны ала алмадық. Сондықтан да осындай қадамға баруға мәжбүрміз», – дейді Әсия Шәрімова.
 

P.S. Сонымен әр тараптың ай­тар өз уәжі бар. Қымбатшылық қос өкпеден қысқан тұста халықтың да, салаға қызмет ететін кәсіп иесінің де шығыны шаш-етектен. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмас үшін қайтпек керек? Түйінді мәселе ал­дағы кезекте қалалық қоғамдық кеңес пен мәслихат депутаттарының қарауына беріліп, одан кейін тиісті шешім шығарылмақ.

Ақмола облысы