Ақмолада тек 4 пәтер ресейліктердің қоныстанғанын растаған
Ақмолада тек 4 пәтер ресейліктердің қоныстанғанын растаған
652
оқылды
Ресейде жарияланған мобилизациядан кейін Қазақстанға қарай лап қойған ресейліктердің қатары күн санап өсіп жатыр. Тек Ақмола облысына соңғы екі күн ішінде ғана 1 436 адам келген. Бұл ресми дерек туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлім болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеевтің айтуынша, Ресей Федерациясынан келген азаматтардың 351-і Қазақстанға алғаш  рет келген болса, 264-і электронды визамен, 821 адам Е-қонақ базасымен елімізге аяқ басқан. 257 адамға Қазақстанға кіруге рұқсат берілген.
«Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында пәтер бағасының күрт көтеріліп кеткені жөнінде мәлімет тарағанымен,  облыста  4-ақ адам ғана пәтерлерін ресейліктерге өткізгені туралы хабарлады. Сондықтан облыс тұрғындарынан жауапкершілік танытып, нақты жағдайды тиісті органдарға жеткізуін сұраймыз», – дейді Малғаждар Тәткеев.
Азаматтарға арналған үкімет өкілінің мәліметінше, соңғы екі күн ішінде Ресейден келген 508 адам жүгінген. Дегенмен халыққа қызмет көрсету орталықтарында қосымша 3 терезе ашылып, ұзын сонар кезектің болмауына ықпал еткен. Ал облыстық Полиция департаментінің көші-қон қызметі бастығының орынбасары Анна Попова Ресейден келген азаматтар үш жұмыс күні ішінде көші-қон полициясында тіркеуден өтуі және 90 күнге дейін Қазақстанда болуға құқылы екенін жеткізді. Заң бұзылған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі бойынша 25 АЕК-тан 200 АЕК-қа дейін айыппұл салынбақ. Әзірге облыс аумағында заңбұзушылық тіркелмеген.