Құнды жәдігерлерге кім қорған?
Құнды жәдігерлерге кім қорған?
512
оқылды
Тағдыры теңізбен тамырлас Арал өңірінің тарихы тереңнен тамыр тар­тады. Алайда теңіз тағдырын толға­ған өңірдің тарихи, мәдени ахуалы күн санап ақсап барады. Тұрғылықты халық аудан аумағында тізбелеп шықса, түйткілді мәселе шаш етектен екенін айтып отыр. Мұражай мұңын шағады Бүгінде Тұран ойпатының төсінде орналасқан теңізді өлкенің тарих тағылымынан сыр шертетін бірден-бір орын – аудандық тарихи-өлкетану мұражайы мұңлы күйде тұр. Көне жәдігерлердің көмбесі саналатын мұражай ғимараты апатты деп танылып, бүгінде ғимараттың өзі тарихи ескерткішке айналған. Жалпы, аудандық тарихи-өлкетану мұражайы 1988 жылы құрылған. Қазір мұражай қоры 10 мыңға жуық экспонатты құрайды. Мұражай 6 тақырыптық залдан тұрады. Оның әрқайсысы  аудан тарихының белгілі бір кезеңін көрсетеді. Мұражайда Арал теңізі еңбекшілерінің еңбек даңқы залы, кеме жүретін порты, балық, Арал тұзы және мал шаруашылығына байланысты жәдігерлер көрініс тапқан. Сонымен қатар 1921 жылы Лениннің балықшыларға жазған хаты, социалистік еңбектің  16 батыры жайында материалдарды табуға болады. 1919 жылы тамыз бен қыркүйек айларында жалғасқан Арал доғасы азаматтық соғысының диорамасы да бар.
«Негізі, бұл мұражай ғимараты 1927 жылы салынған. Сол кездері ғимарат интернат ретінде бой түзеп, балалар білім алған екен. Кейіннен мәдениет үйі негізінде жұмыс та жасаған. Бүгінде мұражай ретінде ауданның кешегі мен бүгінгі тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлерін сақтап келеміз. Ғимараттың өте ертеде салынғанын ескере келе, осыдан біраз жыл бұрын апатты деп танылған. Алайда әлі күнге бұл мәселе шешімін таппай келеді. Қазір  жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық бюджет есебінен 600 млн теңгенің үстінде қаржыға жаңа ғимарат салу көзделген. Ғимарат салуға арнайы жер телімі де берілді. Алайда облыс әкімі тарапынан қаржы мәселесі шешімін таппай тұрғаны айтылып отыр. Соның салдарынан апатты ғимаратта жыртығын жамап, күн көріп келеміз», – дейді бұл жайында музей директоры Мәди Жасекенов.
Осынау тарихи құндылықтарға толы мұражай ғимаратының бүгінде апатты деп танылып, жарамсыз күйде тұрғаны жұртшылықты да толғандырып жүр. Көптің көкейінде апатты деп танылғанына біраз жыл өтсе де, әлі күнге мұражай ретінде жұ­мыс істеп тұрған ғимарат бір-ақ сәтте  опы­рылып құлап, құнды жәдігерлер күл-қоқыстың астында қала ма деген қорқыныш басым. Заманауи үлгідегі кітапхана қашан салынады? Сонымен қатар аудан орталығындағы №1 қалалық кітапхананың күйі де мәз емес. Көптеген кітап қоры салынған ғимараттың да апатты жағдайда тұрғанына көп уақыт болыпты. Өткен ғасырдың 1937 жылы іргесі қаланған бұл ғимарат  көп жылдан бері қала тұрғындарына кітапхана ретінде қызмет жасап келеді. Жалпы ауданда орталықтандырылған  кітапханалар жүйесі бойынша 39 кітапхана бар. Бүгінде бұл кітапханалардың барлығы заман талабы негізінде жұмыс істеуде. Соның ішінде аудандық орталық кітапхана, №1 кітапхана, орталық балалар кітапханасы мен қалалық №3 кітапханалар 2014 жылы апатты деп танылған. Сараптама қорытындысы нәтижесімен қайта салу қажеттілігі көрсетілген. Соған орай 200 мың кітап қорына арналған жаңа кітапхана ғи­маратын салуға 1 гектар жер телімі де бе­ріліпті. Алай­да жұмыстар тек жоба-смета құжаттарын әзір­леумен ғана шектеліп тұр. Бұл жолы да қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр.
«№1 кітапхана ғимаратын салу үшін жоба-сметалық құжаттамасы әзірленді. Бұл құжаттар тиісті басқармаларға тапсырылды. Алдағы уақытта қаржы бөлінсе, құры­лыс жұмыстары басталады деп күтілуде. Жаңа ғимаратқа екі кітапхана ғимараты біріктіріледі деп жоспарланып отыр», – деп түсіндірді бұл жайында Арал аудандық әкімдігінен.
Қазір кітапхана қызметкерлері апатты ғимаратта әрбір күнін қорқынышпен өткізіп, жұмыс істеуге мәжбүр екен. Жағдай бұлай жалғаса кітапхана қоры құрдымға кетіп, оқырмандардың рухани жүдеуіне соқтыруы мүмкін. Осылайша, әзірге аудан көлеміндегі апатты ғимараттарды  жою бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесі жоба-смета құжатын дайындаудан әріге аспай тұрған сияқты. Бюджеттің мүмкіндігін күтіп жүргенімізде рухани жұтаңдыққа бой алдырып, ұлттың келешегіне кедергі келтірмесек болғаны. Құзырлы орындар қол қусырып отыра бермей, бір нәтиже шығаратын кез келді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы