Қадап жазған қаламгердің қаламы
Қадап жазған қаламгердің қаламы
879
оқылды
Қалам мен қағазды айнымас серік етіп, жазуға жанын салып жүргендер бұл саланың бейнетін де жақсы білсе керек. Роман, повест, әңгіме деген ауқымды жанрларды былай қойып, жай бір мақала жазғанның өзінде неше түрлі көзқарас қайшылығына тап келесіз. «Жалаң сөз. Сылдыр су. Сенімсіз ақпарат...» деген сыңайдағы пікірлер де қалам ұстағандарға қарата айтылып жатады. Оның ішінде нысанаға дөп тиетіндері де, жалт кетіп жалған айып тағатындары да жетіп-арты­лады. Газет, журнал сияқты ау­қымды ақпа­раттық кеңістіктерді қоя тұ­рыңыз, ашық әлеуметтік желіге бас сұққанда сапыры­лыс­қан сан алуан пікірлердің то­ғы­сында тұн­шығып қаласыз. Азаматтық са­на­ны қалып­тастыру үшін бұл да керек шығар. Әйтсе де, сөз құнының қадірсізденіп, құл­дырауға ұшыраған кейпін де осы жерден кезіктіруге болады. Десе де, біздің мақсат ашық кеңіс­тіктегі «айғай-шуларды» сарапқа салу емес, толассыз ақпараттар ағынында, өт­кеннен тәлім ала отырып, сөз дейтін қа­сиетті ұғым­ның мәнісіне бойлап көру. Бұл үшін бізге қазақ сөз өнерінің алыбы Мұхтар Әуезовтің алғашқы мақалалары жәрдемші болады. Сөз дегеннен шығады, «Қазақ сөз қаді­рін білген ел» деген тәмсілге көңіл аударып көрейікші. Шынында, қазақ халқы сөздің қадірін қаншалықты білген?.. «Қайран сөзім қор болды, Тобықтының езіне» деп Абай неге айтты екен? Ең деген ет жақындары сөзін ұқпаған хакімнің бұл өлең жолдары жайдан-жай тумаса керек. Сондайда ақиқат сөзді көпке қарата айтқаныңмен, ол әуелі азшылықтың көкейіне орнайтынын түсіне бастайсың. Сөз арқылы ой туса, ой арқылы идея пайда болатын көрінеді. Әуелі сөз болған деп жатады ғой. Қоғамның адам айтса нанғысыз өзгерістері де зиялылардың идеясынан бастау алмаушы ма еді?.. Алаш арыстарымен бірге өзін Абайдың шәкірті санаған Әуезовтің алғаш жазған мақала­ларына қарап, оның рухани идеяларының бастау бұлағында ұлттық сана бірінші тұрғанын ұғамыз. «Япония» атты мақаласында Әуезов бұл елдің дамуға барған жолына назар аударады: «Жаңалық бола бастаған соң Японияда һәртүрлі өнерліге, һәртүрлі білгіштерге мұқтаж болды. Ол мұқтаж адамдары Еуро­па­да мол. Сол себепті олар күнбатыстан про­фессорлар, өнерлілерді шақырып әкеле бастады. Бірақ шеттен келген адамдарға шарт қойып отырды. Ол шарттар: Япония­ның ұлттығына зиян келтірерлік нәрселерді оқытып жүрген шәкірттерінің жүрегіне сіңірмеулері, мұндай мінездері байқалған адамдар болса, қызметтеріне кіргізбеді» дейді. Жапонияның өзге халықтардан алға озып кеткенінің сырын басшыдан бастап, қосшыға дейін ұлттық құндылықты бірінші орынға қойғанымен түсіндіреді. «Япония­ның алға басу жолындағы тағы бір көзге көрінген мінездері – басшылары, білгіш­терінің арасындағы ұйым, береке. Бұлар біріміздің істемек бір мақсатымыз болса, сол мақсатымыз алдымен патшалықтың күшті болуына зиянды болатын болмасын. Екін­ші, халыққа ауырлық келтіріп алатын бол­масын деп өздеріне шарт қоятын. Осымен бұл күнде Япония тура күшею жолында, ылғи іске жараған халық болды» дейді. Бұрынғы жүйе жойылып, ескілік әдеттерден арылған жапон халқының ғылым мен білім жолына түсуі, сол жолды ұлттық сипатта салуы арқылы өзге халықтардан оза бас­тағанын дәлелдейтін талдау жасайды. Ал біздің ел сол кезде осындай жолға түсуі мүмкін бе еді? Әуезов бұл сұраққа да өзінше жауап іздеген екен. «Қазақ қашан жетіледі?» атты мақаласында әлі күнге шешімін тап­пай, ұлтымызды шерменде күйге түсіріп келе жатқан мәселелер көтерілген. Әуезов қанша жерден ұлтшыл болса да, қазақтың жуық арада жетілмейтінін айтады. Оны нақты дәлелдермен, қазақ мінезіне талдау жасай келе көрсетеді. «Қазақтың жуық арада жетілмейтінінің сыры неде?» деген сауалға жауап береді. «Он жылда, жиырма-отыз жылда қазақ ел қатарына кіріп түзеліп, өнерлі жұрт болып кетеді деп шамалайтындар бар. Олар тек тәтті қиялшыл, үмітшіл болдырғыштар (оптимист) ғой деп олаймын. Менің болжауымша: қазақ жуырда ел қа­тарына кіре қоятын сиқы жоқ» деп, қазақты жетілдірмейтін факторларды талдап береді. Соның негізгісі қазақ еліне мәдениеттің кеш жайылуы деп топшылайды. Оған себеп болған жағдайларды халықтың аздығымен, ұлан-байтақ жерде шашылып орналасуымен байланыстырады. Ал мәдениетсіз ел ел болып жарытпайтынын меңзейді. «Қа­мыңды қыл, балаңды оқыт, милиция бол, қазына толтыр, шаруа түзет, уақ қарыз серіктігін, ұйым дүкендерін аш, бірік, сыбағаңды жіберме... бірлік қыл: партияны таста, араздықты қой, ұрлығыңды жой, аурудан сақтан, таза бол деген сияқты талай қамқорлық сөздер айтылып жатыр. Бұларды орындаған жұрт қанша?.. Білгені істемейді, наданы білмейді, білейін деп ұмтылмайды» дейді. Әуезовтің бұл сөздерінің бүгінгі күн тұрғысында өзектілігі қандай? Ол мәде­ниет­тен бұрын, бала-шағасын асырау үшін кез келген жұмысқа араласып кетуге бейім. Қа­зақ мінезінің әлі де түзеле қоймаған сы­рының бір пұшпағы осында жатқан шығар. Кез келген істі қол ұшымен істейтін жал­қаулық, өзгенің қамын ойлаудан бұрын, өз жеке басыма болсын деген өзімшілдік, «сен тимесең мен тиме» бейғамдық, тоғышарлық пен әуелден жұқпалы дерттей ілесіп жүрген таптаурын мінездер көзге шыққан сүйелдей бүгінгі қазақ бойынан да кездеседі. Бейне Әуезов дәл қазіргі қазақ күйін көзбен көріп жазып отырғандай. Ғұлама мәдениет деген сөзді мақалаларында жиі қолданыпты. Ғылым мен білімнен де бұрын, адамға ең бірінші мәдениет керек көрінеді. Бұл екеуінің түпкі атасы мәдениет секілді. Мәдениет – мінездің көркемдігі, жан мен тәннің саулығы, рухтың беріктігі. Тән сау болмай, жан күйі дұрысталмайтынын да айтыпты Әуезов. Жүсіпбек Аймауытовпен бірігіп жазған «Қазақтың өзгеше мінездері» атты мақалада «Әрине, тән қуатты болса, жан қуатты, ажарлы болады. Нашар жаннан осал мінездер туады» дейді. Ал осал мінезді түзеу оңай болмайтынын меңзейді. «Ха­лықтың өзіне айтып, мінезін түзеу қолы­мыз­дан келмейді. Жалғыз-ақ үмітіміз, қа­руымыз – оқығандарда» деп, жастарды өз жағына қарай түзейтін қазақтың оқыған азаматтары екенін айтады. Мұхтар Әуезовтің алғашқы мақалалары көбіне сыни бағытта жазылған. Қазақты өсірмейтін, кенедей жабысып алған келеңсіз кесірлі мінездердің түп-төркініне бойлайды. Әуезов мақалаларында Абай тілінің стилі бірден байқалады. Хакімнің қара сөздерін оқып отырғандай күй кешесіз. «Адамдық негізі – әйел» атты мақала сол кездегі теңдік мәселесінен бастап, кісі баласының қа­лып­тасуындағы әйел адамның рөлін көрсетеді. Ертедегі адамзат өркениетінің даму саты­сының алғашқы баспалдағында «Ер жағы қара басынан басқаға қарамай жүргенде, балаларын баулып, асырап, үйлік ұйымның басын құраған – әйел» дейді. Қоғам да­муындағы әйелдің рөлі қандай екенін нақты көрсетіп береді. «...біздің ой-буынымыз қатпай тұрған бала күнімізде ең әуелі елжіреп сүйетін кісі кім? Ол анамыз...» дейді. Адам баласы әуелгі үлгіні сүйген кісісінен ала­ты­нын айтады. Әйелдің мінезі жаман болса, әкесі қанша жерден текті болғанымен, бала бәрібір анасына қарап бой түзейтінін меңзейді. Адам бойындағы кеселді мінез­дердің пайда болу бастауында да әйелдің ықпалы барын көрсетеді. Сөйте тұра, әуел баста «...адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген – әйел» дейді. Әйел­дің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшы­лық­тың бақытты күні орнамайтынын айтады. Әуезов жазуды ең алғаш мақаладан бас­тапты. «Алғашқы жазуларым сырлы әдебиет бетінде болмай, жалпы газет, журнал ма­қалаларынан басталды. Ең алғашқы баспаға шыққан статьям «Сарыарқа» газетінде «Адам­дық негізі – әйел» деген нәрсе еді» деп­ті ол. Бұл мақаланы Әуезов жалғыз өзі жаз­баған екен. Абайдың ұлы Тұрағұлмен бі­рігіп жазыпты. «Негізгі пікір соныкі еді, мен соның пікірімен жаздым» дейді. Баспаға берген өзі болған соң, мақала соңына «Се­минарист Әуезов» деп қол қойып жіберген екен. Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай мақала «Сарыарқа» газетінің 1917 жылғы 5 қыркүйектегі 12-санында жарияланғанын айтады. «Сарыарқа» газеті қазақтың ұлттық интеллигенциясының рухани тұтқасы бол­ған «Қазақ» газетінің бағытын ұстанған ба­­сылым» дейді ғалым. Бұған қарап, Әуе­зов­тің әу бастан алаш идеяларының наси­хатшысы, ұлттық-демократиялық көзқа­растағы күрескер тұлға болғанын пайым­даймыз. Оның күресі –надандықпен күрес. Оқыған азаматтар халықтың мінезін түзеп, ел қатарына қосу үшін әрекеттену керек екенін айтқан да жиырма жасар Әуезов еді. Ұлтқа қызмет ету жас талғамайды. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзді бүгінде мақалға айналдырған халық оны жиырмадағы бозбала Мұхтар жазып кеткені туралы жиі ойлана ма екен?..

Айым МІРЖАҚЫП