72 елді мекенді су шаюы мүмкін
72 елді мекенді су шаюы мүмкін
298
оқылды
Көктем келді дегенше, ағын су көпшіліктің бас ауруына айналатыны белгілі. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке сүйенсек, Жамбыл облысында  су басу қаупі бар  бірнеше аймақ анықталған. Олардың дені – Шу, Талас және Аса өзенінің жағалауында орналасқан елді мекендер.  – Облыстың елді мекендері мен шаруашылық объектілері үшін ықтимал қауіп төндіретін 14 су қоймасы бар. Бұл су қой­ма­лары бөгеттерінің бұзы­луы бо­лған жағдайда 234 мың­нан ас­там тұрғыны бар 72 елді ме­кен­ді су шаюы мүмкін. Сон­дай-ақ су тасқыны мен еріген мұз бен қардың салдарынан су ба­су ықтималы бар 38 елді ме­­кен анықталып отыр. Жам­был ауда­нында Жасөркен, Қы­­зыл­­қай­нар және Аса ауыл­да­ры мен «Май­ское» саяжай ал­қа­бы ті­зім­ге енсе, Байзақта Қос­төбе, Сарыкемер және «Здоро­вье» саяжайына қауіп тө­ніп тұр. Жуалыда болса, Ақтө­бе, Күр­күреу – Су, Дарбаза, Қо­ңыр­төбе, Таласта Ақкөл, Ойық, Кө­шек батыр, Үшарал, Сары­су­да Жаңатас, Саудакент, Досбол, Т.Рысқұловта Қайыңды, Көкдө­нен, Каменка, Тереңөзек, Мамай-Қайыңды, Әпжаппар, Меркіде Меркі, Кеңес, Ақермен, Ақжол, Қордайда Масаншы, Қалғутты, Қарасай батыр, Әлжан ана, Шу­да Ақсу, Оразалы, Жаңажол, Бел­басар және Мойынқұм ауда­нын­да Мойынқұм мен Жам­был ел­ді мекендерін су басу қаупі бар, – дейді облыстық төтен­ше жағ­­­­дайлар департаменті басшы­сы­­­­ның орынбасары Мақсат Әкім­баев. Жалпы, соңғы төрт жылдың бедерінде облыста су тасқыны мен жерасты суының көтерілуінен 6 оқиға орын алған. Оның сал­да­ры­нан Қордай, Жамбыл, Т.Рыс­құлов аудандарында 104 тұр­ғын үйдің ауласын су ша­йып, 25 үй су астында қалған бо­ла­тын. Сондай-ақ Жамбыл ауда­ны­нан өтетін республикалық маңызы бар автокөлік жолының 515 шақырымында су жол жаға­сына шығып, Жуалы ауда­­нын­дағы Қоңыртөбе көлі мен Та­лас ауданындағы Аккөл көлі бөген­дерінің зақым­да­­нуына қауіп төн­ген. Бұдан бөлек, жер­гілікті мәні бар авто­кө­лік жолының «Шөл­дала – Дорожник» бағы­тын­дағы 20 метрін және «Ақкөл–Үша­рал» бағытында 15 метрін су басқан. Су тасқынына қарсы іс-шара аясында қазір 142 шақырым дре­наж және суару каналдары, 185 ша­қырым арық желісі, темір және автомобиль жолдарында 145 көпір және 789 су өткізу құ­­рыл­ғылары тазарып, 5 гидро­тех­никалық құрылыстар мен 19 реттеуші құрылғыларға жөндеу жүргізілген. Өткен жылы об­лыс­та 380,1 миллион теңгеге 38 ка­налдың 380 шақырымы меха­ни­калық тазартудан өтсе, тау бөк­теріндегі елді мекендердегі 32,7 ша­қырым қашықтықта дре­наж арналары салынған. Бүгінде төтенше жағдайларға об­лыстық жергілікті атқарушы ор­гандарының корынан 363,8 мил­­лион теңге, шұғыл шығын­дар­ға 489,6 миллион теңге бөлініп отыр. Су тасқыны салдарын жоюға қажетті 143 тонна жанар-жағар май, 11 мың тонна инертті мате­риалдар мен 40 мың қап дайын­дал­ған. Бұдан бөлек, 631 адам, 53 бірлік техника, 10 жүзу құралдары және 41 мотопомпа сақадай сай дайын тұр. Әрине, «сақтықта – қорлық жоқ». Десе де, Жамбыл облы­сын­да бұған дейін тіркелген апат­ты жағдайлар жауапты ма­ман­дарға сабақ болуы қажет. Айт­­пақшы, Асқар Мырзахметов об­­лыс­ты басқарып тұрған кезінде ар­надан асқан су жол жиегіне жет­кені болмаса, ауылдың ішіне кіре қоймаған еді. Яғни, ағын су­дың өзі әкімнің жұмысына қарайласып тұрғандай болатын. Енді Бердібек Сапарбаевтың биылғы басшылығы кезінде бұл мәселе қалай болары белгісіз.   Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы