Интернетке тәуелділік қандай?
Интернетке тәуелділік қандай?
889
оқылды
Қазақстан, Қытай, Әзірбайжан және Ресей сарап­шылары тәжірибе алмасуға арналған халықаралық онлайн алаңның екінші отырысында интернетке тәуелділік, кибербуллинг және лудоманиямен күрес мәселелері талқыланды. Онлайн алаңға жиналған халықаралық сарапшылар осы мәселемен күресудегі жеке тәжірибелерімен бөлісті.
«Интернетке тәуелділік қаупін жүйелі түрде азайту үшін алдымен заң аясында интернеттен қорғаудың көпжақты бір­лескен жүйесін қалыптастыру қажет. Сондай-ақ, ғаламтор же­лісіндегі кәмелетке толмағандардың мінез-құлқын бақылау шарт. Интернет-сауаттылыққа оқытуды күшейту және оны білім беру деңгейінде міндетті пәнге айналдыру да өте маңызды. Интернетке тәуелділік, кибербуллинг, интернет-қудалау, желілік порнография, интернет-алаяқтық сияқты негізгі тәуекелдерді қатаң бақылауымыз қажет», – деді Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясының қызметкері Гао Вэньцзюнь.
Ал әзірбайжандық сарапшы, Kapital Bank киберқауіпсіздік жөніндегі маман Амина Гаджиева бұл істе балалармен жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.
«Негізгі мәселе – технология мен интернет емес, оны басқа­ларға зиян келтіру үшін қолданатын адамдар. Интернетте отырып, басқа адамдарға дөрекілік көрсетпеу және тағы басқа мінез-құлық турасында балалармен жұмыс істеу керек», – деді сарапшы.
«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жет­пісбаевтың айтуынша, интернетке тәуелділікпен күрес бойынша шетелдік сарапшылармен бірлескен алгоритм әзірлеу жос­парлануда. Осы жоба аясында балалар мен жасөспірімдердің білімін арттыру және интернетке тәуелділігінің алдын алу мақсатында GalamTOP онлайн курстары өткізілді, жастар мен балалар ара­сында интернетке тәуелділік, құмар ойындары және кибер­буллинг деңгейі жоғары өңірлерді анықтау үшін 32 фокус-топтық талқылау жүргізілді, сондай-ақ бұл проблеманы алдын алу бо­йынша материалдарды тарату бойынша @GalamTOP Telegram арнасы жұмыс істейді.