Жастар саясаты туралы заң жобасы мақұлданды
Жастар саясаты туралы заң жобасы мақұлданды
420
оқылды
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Отырыста Мемлекет басшы­сының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге баса назар аударылды. Ол бойынша Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Ғалым Әміреев баяндама жаса­ды. Министрдің айтуынша, заңнама 5 негізгі бөлімнен тұрады. Сондай-ақ елдің әлеуметтік-эко­номикалық дамуына қатысты қосымша бөлімдер де бар.
– Бюджетаралық қаты­нас­тар­ды одан әрі реформалау жө­нінде жұмыс жүргізілуде. Ре­форманың негізгі мақсаты – өңір­лердің қар­жылық дербестігін күшейту. Са­лық түсімдерінің кей­бір түрлерін, олардың тұрақ­тылығы мен жи­нақталу қағидат­тарын ескере оты­рып, жергілікті деңгейге беру ұсы­нылады, – деді Ә.Қуантыров.
Заң жобасы аясында азық-түлік бағасын бақылауды бір мемлекеттік орган – Сауда және интеграция министрлігіне беру, «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу қағидаларын Бәсе­келестікті қорғау және дамыту агенттігімен келісуге міндеттеу, монополиялық экономикалық функцияларды атқаруға 100 па­йыз мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға ғана рұқсат беру, мұнай өнімдерін алыпсатарларға қо­йылатын талаптарды күшейту, креативті индустрияларды қыз­меттің жеке түріне айналдыру, мемлекеттік қызметке үміткер жастарды іріктеу рәсімдерін жеңілдету көзделіп отыр. Барлығы 5 кодекс пен 17 заңға өзгеріс енгі­зу жоспарланған. Сонымен қатар Мәжіліс «Қа­зақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемле­кеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жоба­сын бірінші оқылымда мақұлда­ды. Бұл заң жобасы бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Мә­жілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Елнұр Бей­сенбаев баяндама жасады. Онда жастардың даму индек­сін енгізу, білім беру, жұмыспен қамту, әлеуметтік қызметтер көр­сету, жастармен жұмыс істейтін маман түсінігін белгілеу және өзге де мәселелер көзделген. Сондай-ақ бұл тізімге депутаттардың ұсы­нысымен жастар санатын 35 жасқа дейін ұзарту енгізілді. Нор­ма бекітілсе, еліміздегі жастар саны 6,2 миллионға жетеді. «Ха­лық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс пен «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға да өзгерістер енгі­зіледі. Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дар­хан Қыдырәлі уақытша жұ­мысқа орналаспаған жастарға – NEET мәртебесін енгізу мәселе­сіне тоқталды. Ұсынылған заң жобасы бойынша депутаттар министрге сұрақтарын қойды.
– Қарастырылып жатқан заң жобасында NEET терминін ұлт­тық заңнамада бекіту, осы са­нат­тағы жастарды қолдау тетік­те­рін енгізу ұсынылады. Осыған бай­ла­нысты NEET жастарымен жұмыс істеуді қалай ұйымдас­тыр­ғалы отырсыздар, – деді өз са­уа­лында Мәжіліс депутаты Вера Ким. – Елімізде жұмыссыз және оқудан шығып қалған жастардың көп екені белгілі. Бұл мәселе осы заң жобасында кеңінен көрініс тапқан. NEET санатындағы жас­тарды төртке бөлуді қарастырып отырмыз. Біріншісі – жалпы жұ­мыссыз жастар. Оқудан шығып қалған, жұмыс істемейтіндер қатарын анықтаймыз. Халықты жұмыспен қамту орталықтарынан олардың дереккөздері алынады. Екінші санатта – жұмыс істей алатын мүмкіндігі шектеулі жан­дармен, үшінші санатта – созыл­малы аурулармен ауыратын не­месе зиянды нәрселерге тәуелді еліміздегі белсенді емес жастар­мен жұмыс істеуді қолға аламыз. Соңғысы – үй шаруасындағы жас­тар. Оған көп балалы, жалғыз басты аналар кіреді. Олардың саны анықталып, индексі жа­сақталады және жұмыспен қамту мәселесімен айналысамыз», – деді министр.
Ұсынылып отырған өзгеріс­тертулерді депутаттар бірінші оқы­лымда мақұлдады. Бұдан бөлек жалпы отырыста Конституциялық Сот, Адам құ­қықтары жөніндегі уәкіл, Проку­ратура, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жол­дауын іске асыру мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы Консти­ту­циялық заң жобалары екінші оқылымда мақұлданды. Жиында мәжілісмендер кей­бір заңнамалық актілерге Мем­лекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері туралы, Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодекске және Көлік мәселелері бойынша заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ депутаттар Қыл­мыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару ко­декс­теріне қылмыстық сот төре­лігі, жазаны орындау және азап­тау мен қатыгез әрекеттердің алдын алу саласындағы адам құ­қықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы және Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі ара­сындағы Қарыз туралы келі­сімді ратификация­лау туралы заң жо­баларын жұ­мысқа алды.