Білікті маман – тиімді тетік
Білікті маман – тиімді тетік
872
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биыл­ғы 1 қыркүйектегі «Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Бе­рекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының ең басты бағыттарын айқындап берген болатын. Соның жетінші бағытында: жаңа экономикалық саясатты дамыту үшін Мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестіктің (МЖӘ) жаңа моделіне көшіп, осы тетіктің тиімділігін арттыру үшін тиісті заң қабылдау қажет делінген. Ендеше, белгіленген жаңа эко­номикалық саясатты жүзеге асы­рудағы айқындаушы фактор – бұл адами капитал, яки қарапайым адамдар мен олардың дағдылары, қабілет-құзыреттері. Инно­ва­циялық дамудағы бәсекелестікте даусыз басымдықтарды қазір адами капиталдың неғұрлым жо­ғары деңгейіне ие елдер алып отыр. Олар бизнес пен инвесторға кез келген біліктілік деңгейіндегі ма­мандарды ұсына алады. Демек, халқы салыстырмалы түрде жас, базалық білімі едәуір жақсы, тұ­рақтылығы мен болашаққа ұмты­лысы мол Қазақстан үшін де адами капиталды дамытудың қуатты әлеуеті сайып келгенде, ел өмірінің тұрақты өркендеуіне кепіл бола алады. Осы ретте, Үкімет Қаулы­сымен 2008 жылы Концессия мәселелерін шешу бойынша құрылған «Қазақстандық мемле­кеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» (МЖӘ орталығы) биз­нес пен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын дамыту жөнін­дегі жетекші талдамалық және сараптамалық ұйымға айналып отыр. МЖӘ орталығы инвести­циялық жобалардың іске асыры­луын сараптау және бағалау бо­йынша қызметтер көрсетеді. Сон­дай-ақ, «Мемлекеттік-жекемен­шік әріптестік туралы» Заң шең­берінде осы салада мамандарды оқытуды жүзеге асыруға да уәкі­леттілік алған.
«Оқыту іс-шараларын өткізудің негізгі міндеті – іске асырылған МЖӘ жобаларының үздік тәжі­рибелерін тарату және семинар­лар, дөңгелек үстелдер, форум­дар, топтық кеңестер арқылы МЖӘ жобаларын іске асыру мәселелерінде мемлекеттік қыз­метшілер мен жеке сектор өкіл­дерінің құзыреттілік деңгейін арттыру. Семинарлар мемлекеттік қызметшілерге, жеке бизнес пен қаржы ұйымдарының өкілдеріне арналған. МЖӘ саласындағы құ­зыреттілікті арттырудың маңызды аспектілерінің бірі – тексеру стандарттарын айқындау және тексеруші органдармен өзара іс-қимылды жетілдіре түсу болса, біздің орталық бұл бастамаларға дайын. Бүгінгі таңда нарықтық орта МЖӘ жобаларына жеке қаражатты тарту мүдделілігін арттыруды қажет етіп отыр. Ал оған барлық мүдделі тараптар­мен белсенді ынтымақтастық ету және тәжірибе алмасу арқылы ғана қол жеткізуге болады. Белгілі бір машықтық жаттығудан өткеннен кейін адами капитал оны қол­данудың шексіз алуан түрін ойлап таба алады. Бұл әлеуметтік-эко­номикалық қатынастар жүйесін дамытуда жалпыға бірдей жаңару әлеуетін іске асырудың көптеген практикалық шығармашылық тәсілдерін анықтайды», – дейді МЖӘ академиясы Оқыту депар­таментінің директоры Диана Есембекова.
білікті маман Осындай кешенді шараларды жүзеге асыру мақсатында «Қазақ­стандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығының» жанынан МЖӘ академиясы құрылған бо­латын. Академияны құрудағы мақсат – экономикадағы иннова­циялық үдерістерді жандан­ды­ра­тын, оның дамуының сенімді те­тігіне айналған, әлеуметтік са­ладағы және инфрақұрыл­ым­дардың қордаланған проблема­ларын шешудің ең тиімді әдіс­терінің бірі – МЖӘ арқылы жұмыс жасайтын мамандардың білік­тілігін арттыру, білімін шыңдау. Оқу бағдарламасы нақты бір салада МЖӘ тетіктерін қолдану, ол үшін заңнамалық актілерді үйренуге және нақты аудиторияға қажетті тәжірибелік көмектер көрсетуге негізделіп әзірленеді. Оқытудың тиімді әдістері бо­йынша заманауи жаңа техно­логияларды пайдалана отырып, әртүрлі форматтағы са­бақтар (интерактивті пікірталас, лекция, шебер-кластар, т.б.) өткізу ар­қылы тыңдаушылардың МЖӘ жөніндегі біліктілігін арттыру, алған білімдерін экономиканың кез-келген саласында тиімді қол­дана білуіне мүмкіндік жасалады. Академияда МЖӘ жобасының барлық тараптары оқытудан өте алады. Мамандардың құзырет­ті­лігін арттыру дегеніміз, мемлекет­тік-жекеменшік әріптестік теті­гінің тиімділігін арттыру. Ендеше, Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жаңа модельге көшер кезең де алыс емес.