Ұра береді
Ұра береді
493
оқылды
Ол көршісінің сарайына тығылды. Дір-дір етеді. Жас бала, ісі шала сияқты. Ит абалап үріп кеткен соң, көршісі сарайға кіріп, шөптің арасына тығылып отырған біреудің сирағын көріп қалды. – Әй, шық бері, мынау кімнің сирағы? – деп сұрады көршісі. – Менікі сияқты. – Ол шөптің арасында неғып жатыр? Лақтырып тастайын ба? – Ойбай, көрші, менің аяғым ғой, менің! – деген көршісі шөп арасынан сүмірейіп шыға келді. Шашы шөп-шалам. Кірпігіне кішкентай ғана құмалақ жабысып қалыпты. – Өй, сен мұнда неғып жүрсің? – Шөп жейінші деп... – Жоқ, шыныңды айт, еркекпіз ғой, әңгіме осы жерде қалады. – Әйелімнен қорқам... – Түрі мыстан кемпірге ұқсап кетті ме? – Жоқ. Ұра береді. – Сен өзі... Айтеп, айтеп тастамайсың ба? – Ұра береді. – Ұрса, қашып кетесің бе? – Ұра береді. – Еркексің бе? – Еркек сияқтымын. – Қане, таңдайыңды көтерейінші, – деген көршісі оның таңдайын көтерді. – Өмірім қор болды, алдым тор болды, бұл маған қатын емес, сор болды, – деп кемсеңдеді ол. – Төркініңе қашып кетіп жүрме, ұят. – Өткенде қашып кеткем. – Ия? – Ұреп, ұреп алып келді ғой. – Шешең ара түспеді ме? – Барған жеріңе тастай батып, судай сің, енді! «Қайтып келген мал жақсы, жігіт жаман» деді ғой. – Бұл жолы неге ұрды? – деп сұрады көршісі. Анау дір-дір етеді. – Вермишель қуырғанмын, тұзы ащыы дейді. «Тұзының ащы болғаны, сені сүйем ғой!» – деп едім, басыма тәпішкесімен салып қалды. – Үйде тамақты сен істейсің бе. не? – Ия. – Ол не істейді? – Бала туады. Болды. – Келесіде сен туатын шығарсың? Қатыныңа жыным келіп тұр. Сен мына дәріні іш те, әйеліңе талтаңдап бар. – Ол не? – Допинг. – Геморройдың дәрісі ме? – Жоқ ойбай, спортшылар жасырып ішетін дәрі. Әйеліңнен еш қорықпайсың. Қанша ұрса да, ауырмайды еш жерің! Ол допинг ішіп алып, жарты сағаттан кейін талтаңдай бастады. Көздері ежірейіп, тесірейіп, бұқа сияқтанып, үйіне кетіп қалған. Біраздан соң, қайтып, қашып келді де, шөптің арасына қойып кетті. Көршісі сарайға кірді. – Не болды? – Талтаңдап бардым. – Сосын? – Ол да талтаңдап келді. – Ұрды ма? – Жоқ, иығымнан қыршып тістеп алды. – Ауырды ма? – Ауырған жоқ. – Енді неге қашып келдің? – Жаңағы допингіңнен берші? – Оны қайтесің? – Әйеліме берейін деп едім. – Жындысың ба, не? – Құлағынан шертіп қалып едім, «Ойбай, мені ұрды!» деп, ойбайлап отыра кетті ғой. Жылағанына жаным ашып кетті. Ол да допинг ішіп алса, дегенім ғой. – Сенің қатының нағыз көк долы. – Жоқ сары долы. – Немене, сары долы? – Шашын сарыға боятып алған. – Мейлі, Күйеуін сыйламайтын әйелден без деген, ажырасып кет! – Қорқам. – Неден? – Көшеде пышақтап кетеді ме деп. Жаңа пышақ ала жүгірді ғой... Пышақ ала жүгірді демекші, бүгінде әйелдер «еркектермен теңбіз!» деп келте ойлайды да, құдай қосқан момын күйеулерін ұрып-соғып тастайды. Елімізде қаншама әйел күйеулерін пышақтап, о дүниеге аттандырды десеңізші? Осы жақында ғана, Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжардағы Береке шағын ауданы тұрғыны Айгүл Жұмағали сегіз жылға сотталды. Ол полицей болып істейтін күйеуі Дарханды қызғанып, (бір келіншекке барып жүр-мыс.) оқыстан пышақтап тастаған. Қансырап өлген күйеуіне селт етпеген әйелді қандай ана, балаларына пана деп айта аламыз? Мына дүние не болып барады өзі?

Жатыпатар ЖАНЫС