Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында әуе рейсі 3 есе көбейеді
Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында әуе рейсі 3 есе көбейеді
679
оқылды
Биыл 27 қыркүйек пен 7 қазан аралығында Монреаль қаласында (Канада) Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) ассамблеясының 41-сессиясы өтіп жатыр. Жиында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен Қажылық және ұмра министрі Тауфик бен Фаузан бин Мұхаммед Әл Рабианың кездесуінің нәтижесінде берілген тапсырмалар бойынша, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев бастаған қазақстандық делегация Сауд Арабиясы Корольдігінің авиациялық билік орындарымен келіссөздер жүргізді.    width= Сауд Арабиясының делегациясын Сауд Арабиясы Корольдігінің Азаматтық авиациясы Бас басқармасының президенті Абдулазиз бен Абдуллах әл-Дуайлеж мырза басқарды. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тікелей әуе қатынасы мәселелерін және оның одан әрі даму жолдарын талқылады. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар хаттамаға қол қойды. Құжатқа сәйкес, екі ел арасындағы рұқсат етілген тұрақты жолаушылар рейстерінің саны аптасына 4-тен 14 рейске дейін 3 еседен астам ұлғайды. Мәселен, Қазақстан тарапынан 2022-2023 жылдардағы күзгі-қысқы навигация кезеңінде Air Astana әуекомпаниясы Алматы – Медина бағыты бойынша аптасына екі рейс жиілігімен және Fly Arystan әуекомпаниясы Ақтау – Медина бағыты бойынша аптасына екі рейс жиілігімен  тұрақты рейстерді орындауды бастауды жоспарлап отыр. Тараптар екі достық ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін тікелей әуе қатынасының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, биыл қазан айынан бастап қазақстандық SCAT әуекомпаниясы аптасына екі рейс жиілігімен Алматы – Джидда бағыты бойынша рейстерді қайта бастауды жоспарлап отыр. Өз кезегінде Сауд Арабиясы тарапынан Fly Nas әуекомпаниясы Алматы – Джидда  бағыты бойынша тұрақты рейстер ашуды жоспарлап отыр. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы әуе қатынасын одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыруға келісті.