Франциядағы суретші кеші
Франциядағы суретші кеші
477
оқылды
Францияда қарағандылық суретші Кәріпбек Күйіковтің көрмесі өтіп жатыр. Ол француз жұртшылығына ядролық қару­ға қарсы тақырыптағы 17 картинасын және Қазақстан­ның пейзаждарын ұсынды. Қазақстандық суретшінің экспо­зиция­сы Еуропа кеңесі мен Страсбург қаласының университетінде, Қазақ­станның Франциядағы елшілігінде, сондай-ақ Сенаттада (Люксембург сарайының ғимараты) болды. Әрі қарай көрме Ренндегі қауымдас­тықтар үйінде көрсетілді.
«Әрине, үлкен әсер алдым. Фран­цияға алғаш рет келуім. Бұл менің арманым еді. Мұнда Қазақстанның, Семей полигонының тарихы туралы айтып беруге мүмкіндік туғанын мақ­тан тұтамын. Мені қолдап, осында келуге көмектескендердің барлығына шын жүректен ризамын. Францияда Семей полигоны жайлы көп адам біл­мейді екен. Қазір ядролық сынақ­тардың зияны мен салдары туралы көбірек айту керек», – дейді Кәріпбек Күйіков.
Суретшінің картиналары көрмеге келушілердің қызығушылығын тудырды. Көбін қолсыз дүниеге келген Кәріпбектің өмір тарихы, сон­дай-ақ Семей полигонындағы ядро­лық сынақтардың басқа да құр­бан­дарының өмірі туралы әңгімелер таңғалдырды. Франциядағы Қазақ­стан елшілігі Кәріпбектің ауыр дерт­тен зардап шегуші, қарағандылық Айкүміс Сәрсенге көмек ретінде жазған картиналарының бірін сатып алды. Суретші сәбидің отбасына сату­­дан түскен барлық қаражатты аудармақшы. Mouvement de la paix қозғалы­сы­ның ұлттық хатшысы Ролан Ниве қазақстандық суретшіге картина­ларды сатуда көмек көрсететіндерін айтты.
«Кәріпбек – бейбітшілік үшін күрестің нағыз символы. Біз сурет­шіні Парижге қуана шақырдық. 1992 жылы Алматыда Невада – Семей қозғалыс комитетінің бірінші кез­десуінде болдым. Сол кезде өмірлік ұстанымымды анықтадым», – деп атап өтті Ролан Ниве.