Ақмолада сүт фермалары көбейді
Ақмолада сүт фермалары көбейді
903
оқылды
Негізінен аграрлық салаға бағытталған Ақмола облысында дәнді-дақылдарды егумен қоса мал шаруашылығына да аса мән беріліп келеді. Әсіресе сүтті мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударған шаруалардың қатары көбейген. Өңірде сүт тауарлары ферма­лары дамудың даңғыл жолына түсіп, өз кәсіптерін дөңгелете бастаған. Өз өнімдерінің көлемін ұлғайтқан шаруалар оның сапа­сын да жақсарта түсуде. Өйткені нарық заңды­лығына сәйкес, үлкен нарық үздіксіз әрі ірі көлемде жеткізуді қажет етеді. Мұнымен қоса, шы­ғарылатын өнімнің экологиялық таза әрі табиғи болуы өнімге деген сұранысты да жоғарылатыпты.
«2020 жылдары Ақмола об­лысында 18 сүт тауарлары ферма­лары ашылған. Сүтті мал шаруа­шылығын дамыту мақсатында 2021 жылы тағы 19 сүт тауарлы фермалары іске қосылды. Оған 4 мыңнан астам ірі қара сатып алынды. 1 940 бас қара малы бар 7 ферма жұмыс істеп тұр. Бұл жерде ауылшаруашылық кәсіп­орындарын субсидиялау және несиелеу бағдарламалары өз жемі­сін беруде», – дейді Ақмола об­лысы Ауыл шаруашылығы бас­қармасының өкілі Қайрат Көше­нов.
Шортанды ауда­нында сонау 2014 жылы негізі қаланған сүт өнімдерін өндіру және қайта өңдеуге бағытталған Milk Product серіктестігі «Түрік айраны» брен­дімен танымал. Бүгінде кәсіпорын түрік айраны, қаймақ, ірімшік сияқты өнімдерді кең көлемде шығарып отыр. Кәсіпорын тек бір айда «Максим сүт зауыты» және басқа да фермерлік шаруа қожа­лық­тарынан 17-20 тонна сүт сатып алады. Қайта өңделген сүттен салмағы 300 грамдық пластикалық ыдыста өнімінің 75 мыңнан 100 мың данаға дейін «Түрік айраны» өнімін шығарады. Өнімдер негі­зінен Астана, Қара­ғанды, Теміртау, Көкшетау, Петро­павл және Павлодар қаласында 200-ден ас­там қоғамдық тамақтану орын­дарында сатылуда.
«Кәсіпорын 2014 жылдан бері сүт өнімдерін қайта өңдеумен айналысып келеді. Өнімдер Ас­тана, Қарағанды, Павлодар, Пет­ропавл қалаларына жеткізіледі. 2018 жылы Бозайғыр ауылында сүт тауарлары фермасының жаңа жобасын іске қостық. Қазір мұнда симменталь тұқымды 121 бас пен шлейф тұқымды 108 бұзау бар. Алдағы уақытта шаруашылықты кеңейтіп, екінші сиыр қорасын салуды жоспарлап отырмыз. Қазір жұмысшыларға арнап жатақхана салудамыз. Малға жемшөп әзір­ленуде. Шөп пен жемнің бағасы қымбатқа түсіп жатыр. Дегенмен өзіміздің жеке 480 гектар жеріміз бар. Биыл жерді өңдеп әзірлеп жатырмыз. Келер жылы өзіміз егіп өнім алмақпыз. Бұл жемшөп қиын­дығын артта қалдырады деген сенімдемін», – дейді сүт тауарлары фермасының басшысы Данияр Есетов.
Серіктестік мемлекеттік қол­дау шеңберінде аналық басқа, малды импорттауға сүт және басқа да техникаларды сатып алғаны үшін субсидия алады. Аграрлы несие корпорациясы арқылы бүгінге дейін ірі қара малды жет­кізу және сауу құрылғысын сатып алу үшін қаражат алған. Берілген қаржының көмегімен сағатына бір тоннаға жуық жемшөп дайын­дайтын цех жабдықталған. Кә­сіпорын одан әрі шаруашылық пен өнім көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отыр.

Ақмола облысы