Тазалық мамандарының табысы өседі
Тазалық мамандарының табысы өседі
450
оқылды
Қаланың көркі мен тазалығы үшін таңмен таласып қызмет қылатындардың еңбегі зор. Талай жылдан бері тазалық жана­шыр­ларының маңдай тері тиын-тебенмен өлшенетінін қоғам бо­лып көтеріп келеді. Көптің айтары ескерілді ме, жаздың шілің­гір ыстығы мен шытынаған сарышұнақ аяздың астында да талмай еңбек ететін жұмысшылар үшін апта басы жақсы жаңа­лықпен басталды. Елорда әкімдігі қала көшелерін қоқыстан тазартып жүретін комму­нал­дық қызмет жұмысшыларының әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше маңыз беріп келеді. «Астана Тазалық» ЖШС қызметкерлерімен кездескен шаһар басшысы Алтай Көлгінов күндіз де, түнде де, тіпті аяз­ды және жаңбырлы күні, қар жау­ғанда да жұмыс істейтін тазалықшы­лардың қажырлы еңбегін ерекше атап өтті. Олардың жауапты жұмы­сы­ның арқасында қалада тәртіп пен тазалық сақталатынын айтқан ол соңғы үш жылда 300-ден астам ар­найы техника мен жабдық алынып, автопарк айтарлықтай жаңарып, қызмет сапасы артқанын жеткізді.
Тазалық жанашырларының жа­лақысы жүйелі негізде арттырылады. Мәселен, қала өмірінде маңызды қызмет атқаратын жол жұмыс­шы­лары мен жүргізушілердің жалақысы келер айдан бастап 20 пайызға ар­тады. Ал бұдан бұрын жалақы басқа санаттар үшін де көтерілген. «Өз та­рапымыздан біз жұмыс үшін қо­лайлы жағдайды жақсарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сыйақылар, соның ішінде мереке күндеріне ен­гізілді. Бірақ бұл да жеткіліксіз. Біз жағ­дай жасау үшін барлық күш-жіге­рімізді жұмсаймыз, соның ішінде ком­муналдық қызмет қызметкер­лерінің жалақысын көтереміз», – деді компанияны 14 жылдығымен құттықтаған қала басшысы. Сөз соңында коммуналдық қызметкер­лерге алғысын білдірген Алтай Көлгінов тазалық қызметкерлерінің төккен терін ерекше бағалайтынын жеткізді.